«Тамыз бүлігін» жалғыз өзі айыптаған редактор. Нұрмахан Оразбектің туғанына - 85 жыл

6400
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Егемен Қазақстан
Сурет: Егемен Қазақстан

Бүгін — журналист, жазушы, баспагер Нұрмахан ОРАЗБЕКТІҢ туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Белгілі қаламгер 1938 жылы 1 желтоқсанда Түркістан облысы Түркістан ауданы Қандөз ауылында дүниеге келген.

Шорнақ ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін 1955 - 1957 жылдары Алматы облысындағы «Іле» кеңшарында, Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатында жұмыс істеген.

1958 - 1962 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факултетін аяқтаған.

Еңбек жолын 1962-1973 жылдары Қарағанды облысының Жезді аудандық «Октябрь туы», Түркістан облысының Түркістан аудандық «Коммунистік еңбек» газеттерінде бастап, «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алашта»), Қазақстан Жастар одағының Орталық Комитетінде, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, Партия тарихы институтында әртүрлі қызметтер атқарды.

Нұрмахан Оразбек — «Тамыз бүлігін» жалғыз өзі айыптаған редактор. 1991 жылы 20 тамызда Қарағанды облыстық компартия комитеті мен облыстық депутаттар кеңесінің органы «Орталық Қазақстан» газетінің бірінші бетінде «Иә, бұл – төңкеріс» деген тақырыппен КСРО-дағы төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитет (ГКЧП) құрылғанын айыптаған мақала шыққан еді.

«…Көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатері іс жүзіне айналды. Заңды сайланған президенттің денсаулығы кенеттен нашарлап, елді басқара алмайтын жағдайға жетті деген қып-кызыл өтірікке сене қоятын ақымақ бүгінде күндіз қолыңа шам алып іздесең де табыла қоймас.

Иә, бұл қып-қызыл төңкеріс. Оған Кеңес басшылығы атынан жарияланған мәлімдемеге кімдердің қол қойғанын байқасаңыз-ақ көзіңіз жетеді…», – дейді журналист.

Жазылған мақала одан әрі былайша жалғасын табады:

«Иә, бұл – төңкеріс. Ол ең алдымен «Егеменді мемлекеттер одағы туралы шартқа» қарсы бағытталған. Дәлел. Біріншіден, төңкеріс Шартқа қол қойылатын күннің карсаңында жасалып отыр. Екіншіден, Шарт егеменді республикаларға бұрынғыдан әлдеқайда көп дербестік, билік алып береді. Ал оған жол берілсе, ертең Орталық бүрынғыдай билеп-төстей алмайды. Бұл, басқасын былай қойғанда, күні ертең Семей полигонында жарылыс қайта басталады деген сөз. Екіншіден, төңкеріс калыптаса бастаған демократияға қарсы жасалған. Олардың ойынша: республикалар өз бетімен бір-бірімен неге шарт жасасады. Қазақстан мен Орта Азия республикалары неге біріге бастайды? Россия мен Қазақстан арасында шартқа неге қол қойылады? Балтық бойы республикалары, Молдавия, Грузия Кеңес Одағынан неге бөлінгісі келеді, демонстрациялар неге жасалады? Патриотизм мен интернационализм тұрғанда халықтар неге өзінің тілін, ұлттық дәстүрлерін өркендетуге құштар? Осындай «негелер» толып жатыр…», – деп жазды Нұрмахан Оразбек «Орталық Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 20 тамыз күнгі санында.

Автор мақаласын бұл өзінің жеке ойлары екенін айта келіп, «ертең төтенше жағдай деген желеумен қара түнек күндер туа қалса, редакция коллективінің басқа бірде-бір мүшесін айыптамауды өтінемін» деп аяқтады.

Нұрмаған Оразбектің «Қарсыбай Сыпатаев», «Құрбанбай Ырысбеков», «Капитал қамалындағы 18 күн», «Қасиеттісің, сен Отан!», «Қағажу көрген өмірден», «Бар айласы – бас пайдасы», «Мұхиттың арғы жағы, бергі жағы», «Шапық Шөкин» атты кітаптары жарық көрген. Ол атақты Оксфорд университетінің «Саясаттану», «Әлеуметтану» түсіндірме сөздіктерін түпнұсқадан аударған.

Пікірлер