“Біртұтас тәрбие” бойынша Үкіметтік емес ұйымдардың консилиумы құрылатын болды

1388
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Ұлттық Академиялық кітапханда “Ұлттық әлеуетті арттыру” ҚҚ-ның ұйымдастыруымен Астана қаласындағы ұлттық тәрбие мен патриотизм бағытында жұмыс атқарып жүрген Үкіметтік емес ұйымдар мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының мүшелері бас қосып, ҚР Оқу-ағарту министірлігінің ағымдағы оқу жылынан бастап білім ордаларында қолданысқа енгізілген “Біртұтас тәрбие” бағдарламасымен танысу шарасы өтті.

Жирмадан астам ҮЕҰ мүшелеріне осы жобаның авторлары - Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының Вице-президенті Руслан Әділханұлы бастаған ғалымдары “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының презентациясын
жасады.

Қосымша сұрақтар мен ұсыныстарға Академияның Психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығының директоры Танирбергенова Анар Шынболатқызы мен Министрліктің Тәрбие және қосымша білім беру департаментінің басшысы Меруерт Асқарбекқызы жауап беріп, ҮЕҰ тарапынан жасалған ұсыныстар бойынша ойларын ортаға салды.

Бағдарлама қатысушылардың көкейінен шығып, оны ары қарай ынтымақтаса жұмыс істеу жоспарлары жайлы да ұсыныстар айтылды.

Осыған дейін өз бағыттары бойынша дербес жұмыс істеп келген ҮЕҰ-дың “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында бірлесе жұмыс атқарып, бұл бағдарламаны мемлекеттік бағдарлама деңгейіне жеткізуге дейін ықпалдаса әрекет ету бойынша мәселе көтерілді. Өйткені, осы бағытта ҮЕҰ-дың басын қосып, бағыттап отыратын үйлестіруші орталық болған емес.

Сондықтан, жиын соңында “Біртұтас тәрбие” бағдарламасы аясында бірлесе жұмыс атқару бойынша “ҮЕҰ-дың консилиумын” құру жөнінде ұсынысымыз бір ауыздан қолдау тауып, алдағы күндері консилиум жиынын өткізетін болып келісіп тарқастық.

Бірлік бар жерде тірлік бар ағайындар!
Өзіміз өз болғалы министрліктің деңгейінде басталған осындай игі жұмыстарға қолдау білдіру, тілекші болу - баршамыздың азаматтық борышымыз деп ойлаймын!

 

Пікірлер