Білім мен бизнесті ұштастырған

1329
Adyrna.kz Telegram
Фото: Adyrna.kz
Фото: Adyrna.kz

Ол қазақтың білімді, әдемі аруларының бірі. Ол өнерге де, білімге де озық дарынды қыз.

Әсел Маратқызы 2002 жылы наурыз айының 26 жұлдызында еліміздің оңтүстік астанасы әсем Алматыда дүниеге келді.
2008 жылы мектеп табалдырығын №148 мектеп-гимназияда аттап, оқуда да, өнерде де өз замандастарынан озық болған Әсел Алтынбекова небәрі сегіз жасында №2 Глиэр атындағы музыка мектебінің фортепиано сыныбына оқуға түсіп, екі мектепті қатар оқыды.
Мектеп қабырғасында оқу, өнер конкурстарына қатысып, әрқашан үздіктердің қатарынан көрінді.
Музыканы тереңдетіп оқытатын білім ошағында мектепішілік, қалалық, халықаралық конкурстарға қатысып, жүлдегер атанды. Музыкалық мектепте жеті жыл білім алып, қызыл аттестатпен бітірді.
Әсел би өнерімен балалық шағынан айналысқан өрен.


Ол спортқа да бейім болды. Жалпы спорттық бал билері көп энергияны, күшті, табанды жаттығуды қажет етеді. Бұл билер тобын спорттық бал билері деп атайтыны сондықтан. Спорттық бал биінен қалалық сайыста үшінші орын, өнер мектебінің ансамблімен қатысқан жарыста топ жарып, бірінші орын алды.
Ұстаздарының әрбір сөзін мұқият тыңдайтын Әсел мектепте үздік оқушы болды. Математика оның сүйіп оқитын пәндерінің бірі еді. Сол себептен 9-шы сыныптан кейін Республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп, жаратылыстану бағытын тереңдетіп оқытатын бұл мектепті 2019 жылы «Алтын Белгіге» бітірді.
Алматыдағы Халықаралық Ақпараттық Технологиялар университетінің «Бизнес-анализ» мамандығында бакалавр білімін алды.

Дарынды қазақ қызы Әсел Маратқызы Алтынбекова бүгінгі таңда кәсібін білім саласын дамытуға арнамақ ниетте. Білімпаз болып арқаланған сәтін Әсел былай еске алады: «Мектеп уақытында сынып белсендісі болатынмын, 15 жасымнан Алматы қаласының Еріктілер лигасы (Лига волонтеров) ұйымының мүшесі болып, қаладағы 20-дан астам қоғамдық іс-шараларға өз үлесімді қостым.
10-11 сыныптарда Жәутіков атындагы халықаралық олипиаданың да волонтеры болдым.
11-сыныпта Мектеп оқушылар комитетінің мүшесі болып, Республикалық физика-математика мектебінің интернат оқушылары арасында «Аяулы балапан» қайырымдылық, волонтерлық клубын аштым. Сол жылдары клубта екі қайырымдылық жәрменкесін ұйымдастырып, үш рет Балалар үйіне барып, материалдық көмек беріп, концерт өткіздік.
РФММ-не түсуге көмек беретін 6-7 сынып балаларына тегін курс аштым. Бұл клуб әлі күнге дейін белсенді жұмыс жасайды», - дейді.

Мектеп бітірісімен 2019 жылдың жазында жас кәсіпкер TS EDUCATION оқу орталығын ашқан. Бұл оқу орталығы балаларды физика және математика пәндерінен білімін көтеруге, РФММ, НЗМ, БИЛ мектептеріне дайындауға арналған. Карантин кезінде де онлайн жұмыс жасады. Қазір Алматыдағы үздік орталықтардың қатарында.

Әсел университеттегі қоғамдық іс-шараларға қатысуды «Студенческое правительство» ұйымында жалғастырған. Әсел: «Университет қабырғасының 3 курсында TESLA EDUCATION оқу орталығында жоғары сыныптарға сабақ бере бастадым, мұндағы басты мақсатым: 11 сынып оқушыларын математика және математикалық сауаттылық пәндерінен ҰБТ-ға дайындау болды. Сол жылы оқытқан 20 оқушым грантқа түсіп, оның бесеуі 130 баллдан жоғары көрсеткіш көрсетті», - дейді.

Осы себепті де Әселді еліміздің білім саласының дамуына өз үлесін қосып келеді деп айтуымызға негіз бар деп есептейміз.

Нұрлан Асқарұлы, журналист

Пікірлер