«Қауіпті байланыстар». Алматыда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты көрме өтті

1383
Adyrna.kz Telegram
Фото: Вера Останкова
Фото: Вера Останкова

Алматыдағы Artmeken Gallery заманауи өнер галереясында Әсел Кенжетаева мен мүсінші Санжар Досмағамбетовтың «Қауіпті байланыстар» атты көрмесі өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы InformBuro сайтына сілтеме жасап.

Көрменің басты тақырыбы – тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері мен қазіргі қазақ қоғамындағы әйелдің бейнесі. Экспозиция авторлары Әсел мен Санжар – ерлі-зайыпты.

«Көрме атышулы кісі өлімімен байланысты деп ойламаңыздар, қазан айында бәрін ойластырып қойғанбыз. Алайда көрменің теңсіздікпен, қазақстандықтар бастан кешетін зорлық-зомбылықпен байланысты екені рас. Үкіметтік емес ұйымдардың бағалауынша, елімізде жыл сайын 400 әйел жұбайының зорлық-зомбылығынан көз жұмады. Әселдің жұмыстарын сіздер көргенсіздер, алайда қазіргі күні өзекті болып отырған соң қайталауды жөн көрдік. Бұл – дәстүр мен қазіргі заман арасында әжелері мен аталары сияқты өмір сүре алмайтын әйелдер туралы», – дейді көрменің кураторы, өнертанушы Валерия Ибраева.

Суреттегі әйелдердің таққан әшекейлері қаншалықты әдемі болса да, әйелдің үнін шығармай, тұншықтыратынын, арқалаған жасаулары қаншалықты қымбат болса да, әйелді кісендеп, оның иығына артылған ауыр жүкті бейнелейді деп ойын жеткізеді өнертанушы.

Санжар Досмағамбетовтың «7УЯТOFF» деп аталатын жұмыстарында зорлық-зомбылық тақырыбы анық көрінеді. Мүсіндердің денесі арқанға байланып тұр. Автордың айтуынша, мүсіндер жобасы үш жыл бойы жалғасып келеді. Алдымен пішіндер құрастырылған, кейін сканерден өткізіліп, компьютер арқылы өңделіп, кейін барып басуға жіберілген. Ең қиыны – соңғы кезең, өйткені Қазақстанда 3D-принтерде мүсін жасап көрген адам жоқ, Санжардың тобы бұл тұрғыда бірінші болып көш бастаған.

«Алғашқы мүсін Құдай болды. Ол адамды топырақтан жаратты. Сондықтан мен жұмыс істеп жатқанда оның бар екенін сезінемін. Жасап жатқанда анатомия мен пластика туралы ойламайсың, алайда жұмыс біткен соң сен үшін біреу осындай тамаша туынды жасап шыққанын түсінесің», – дейді Санжар.

«Махаббат деген не? Махаббат деген – Құдайдың өзі! Пішіндер махаббатпен жасалған, сондықтан да әйел мен жаһанның сұлулығы әлемді құтқаратынына сенемін», – дейді сәулетші.

Өнертанушы Валерияның айтуынша, мүсіндер арқаннан босап, еркіндікке шыққысы келіп бұлқынып тұрған тәрізді.

«Көрме шешім бермейді, алайда ол еліміздегі әйелдің орнына назар аудартады. Зорлық-зомбылық, қысым, теңсіздік – БАҚ пен әлеуметтік желі беттерінде көп көтерілетін тақырыптар. Әсіресе, Қазақстанда болған соңғы жайттардан кейін», – дейді көрме кураторы Валерия Ибраева.

Ал Санжардың сөзінше, әйелге деген қарым-қатынас – қоғамның деңгейін көрсетеді.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер