«Біздің қасірет басқаға сабақ болғай». Адамдар неге алаңдайды?

1664
Adyrna.kz Telegram

Ресей ядролық соғыс қатерін ескертіп, АҚШ-пен қатынасын қаңтарып қойды. Сондайда Қазақстандағы Кеңес дәуірінен қалған ауқымды ядролық сынақ полигоны маңында тұратын адамдар «өткеннен сабақ алу керегін» айтады. «Адырна» Reuters агенттігінің мақаласын ұсынады.

1949-1989 жылдар аралығында Семей аумағындағы тақыр далада жүздеген сынақ жүргізілді. Радиацияның әсері қоршаған ортаға және жергілікті халықтың денсаулығына жойқын әсер етті және әлі күнге дейін ондағы тіршілікке зиянын тигізуде.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы сынаққа 30 жылдан астам уақыт өткеннен кейін кез-келген ядролық державаның сынақтарды қайта бастауы екіталай. Бірақ Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты шиеленіс барған сайын дұшпандық риторикаға әкеліп соғуда және Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін салынған қару-жарақты бақылау архитектурасы бұзыла бастады.

Қараша айының басында Владимир Путин Ресейдің 1996 жылғы ядролық қаруды сынаққа тыйым салу жөніндегі жаһандық келісімді ратификациядан қайтарып алды. Алайда Мәскеу АҚШ ядролық сынақты бірінші жасамаса, біз де қайта бастамаймыз деп отыр.

«Біздің қасірет басқаларға сабақ болсын. Егер бұл сынақ қайта басталса, адамзат жойылады», - дейді Семей полигонының іргесіндегі Саржал ауылындағы ел ағасы Серікбай Ыбырай.


Ол бала кезінде сынақтарды шамамен 20 шақырым жерде жүргізіліп жатқанын көзбен көргенін айтады.

Атом бомбасын әуеде жарылған кезде (1963 жылға дейін, сынақтар жер астында жүргізілгенге дейін) билік жарылыс толқыны ғимараттарды құлатуы мүмкін деп қорқып, тұрғындарды үйлер мен мектептен шығып кетуге бұйырған.

Фото: Reuters видеосынан алынды

Ядролық сынақтардың көлеңкесінде өмір сүрген тағы бір ауыл  – Қайнар ауылы. Осы ауылдың тұрғыны Бағлан Ғабдуллин сынақ кезінде бес жаста болған. Ол үлкендердің өзіне және достарына жарылыс болған жаққа қарамауға кеңес бергенін есіне алды.

«Кішкентай едік, қарама десе де, керісінше, біз қызығып қарап қоямыз. Сонда алдымен сары түсті сәуле пайда болады екен. Содан кейін ол қара саңырауқұлақтың бейнесіне айналатын», - дейді ол.

Айта кетсек, Қазақстан билігі 1,5 миллионға жуық адам сынақтардан қалған радиоактивті қалдықтардың әсеріне ұшырады деп есептейді. 1 миллионнан астам адамның сынақ құрбаны мәртебесін растайтын, ай сайын 18 мың теңге мөлшерінде өтемақы алуға құқық беретін құжат алған.

«БӘРІ ӨЛЕ БАСТАДЫ»

Семей тұрғыны, белсенді Майра Әбенова отбасы мүшелерінің көбі ядролық сынақтың салдарынан  қайтыс болғаннан кейін олардың құқықтарын қорғайтын үкіметтік емес ұйым құрып, саясаткерлерді ядролық қарудың шиеленісуіне жол бермеуге шақырды.

«40 жылға созылған ядролық соғыстың зардабын бастан кешкен адам ретінде біз әлемге не көргенімізді айта аламыз деп ойлаймын», - деді ол.

Айта кетсек, Қазақстанда жүргізілген ядролық сынақтың нақты денсаулыққа әсері туралы сенімді деректер аз. Бірақ ғалымдар жердегі радиоактивті материалдардың әсері, ауадағы радиоактивті бөлшектердің ингаляциясы және ластанған азық-түлік, соның ішінде жергілікті малды тұтыну қатерлі ісік аурулары мен туа біткен ақаулардың қаупін арттыруға ықпал ететінін айтты.

Фото: Reuters видеосынан алынды

Екі мыңға жуық тұрғыны бар Саржал ауылындағы ауласында ағаш өскен, әктелген шағын үйдің бірінде тұратын Гүлсім Мұқанова басқа балалармен бірге “атмосфералық сынақтар” деп аталатын әуедегі жарылыстарды қалай тамашалағанын еске алады.

«Бала едік, бәріне қызығатынбыз. Біз сол «саңырауқұлақтарды» тамашалайтын едік. Әкем 58 жасында қайтыс болды, кейін ағам, одан кейін әпкем қайтыс болды. Бәрі бірінен соң бірі өле бастады», - дейді 60 жасқа таяған Гүлсім Мұқанова.

Қайнарда орнатылған ядролық сынақ құрбандарына арналған шағын ескерткіштің жанында сөйлеген Бағлан Ғабдуллин де адам шығыны жиі болатынын айтады.

"Менімен бірге 300-ге жуық тракторшы жұмыс істеді... қазір екі-үшеуі ғана тірі. Барлығы да қатерлі ісік пен лейкоздан қайтыс болды. Ол кезде менімен жұмыс істеген мектеп оқушыларының өзі қазір 50-53 жаста, қазірдің өзінде олар өліп жатыр», - дейді ол. 

Бағлан Ғабдуллин де, Гүлсім Мұқанова да ауру мен мезгілсіз өлімнің ядролық жарылысқа қатыстылығын айқындайтын дәлелдер келтірген жоқ.

Қайнар, Саржал сияқты ауылдар тікелей радиацияға ұшырағанда даланың желі ядролық ағынды Италияның көлемімен бірдей аумаққа жеткізеді.

Ал жер астында жасалған жарылыс салдарынан пайда болған көлдер маңы әлі де адам өмірі үшін тым ластанған болып саналады.

«ЛАСТАНУ ҰРПАҚТАРҒА ЖАЛҒАСАДЫ»

Семей ядролық полигонында 450-ден астам сынақ жүргізілді. Оның 100-ден астамы атмосферада, қалғаны жер астында болды. АҚШ пен СССР ғарышта, әуеде немесе су астында ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы келісімне қол қойып, шарт күшіне енгеннен кейін 1963 жылдан бастап сынақ әуеде емес, жер астында жасалатын болды. Бұл әуедегі сынаққа қарағанда зияны аз деп есептелетін.

1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Мәскеудің қазақ жеріндегі ядролық сынақ полигонына кіру мүмкіндігі болмады. Алайда Ресей бүгінде осындай сынақ алаңының тағы баламасы Жаңа жер аралындағы полигонға ие.

Ядролық сарапшылардың айтуынша, бүгінгі  сынақ жер астында жүргізілуі мүмкін. Бұл қоршаған ортаға және денсаулыққа қауіп төндіреді.

«Жер асты сынақтары да ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Радиоактивті бөлшектер ауаға таралуы мүмкін, сонымен қатар жер асты суларының ластануы ықтимал», - дейді ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық науқанның өкілі Алисия Сандерс-Закре Рейтер агенттігіне берген сұхбатында.

Сондай-ақ, ол Ресейдің қазіргі уақытта сынақ жасауға ниеті жоқ екенін айтады.

«Радиоактивті ластанудың қауіптісі – оның уыты ұрпақтан ұрпаққа  сақталады», - дейді Алисия Сандерс-Закре.

Reuters агенттігінің мақаласын аударған Дана Нұрмұханбет

 

 

Пікірлер