Алматы облысында тұрғындар өздері жол жөндеуге мәжбүр

1045
Adyrna.kz Telegram
Фото: Сюжеттен скриншот
Фото: Сюжеттен скриншот

Алматы облысындағы тұтас бір ауылдың тұрғындары ақша жинап, ауылға апаратын жалғыз жолды өздері жөндеп жатыр, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы InformBuro сайтына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, олар жолды тым болмаса тегістеуді сұрап, әкімдікке бірнеше рет хат жазған. Алайда шенеуніктер жақын маңдағы 100 үй ауылдық округке қарамайды деп отыр. Жергілікті биліктен үмітін үзген ауыл тұрғындары облыс басшылығынан көмек күтуде.

Бір қарағанда көшеге құм төсеп, оны тегістеп, жолды жөндеп жатқан топ жалдамалы жұмысшыдай көрінуі мүмкін. Негізі бұлар Ақкент ауылының тұрғындары. Айтуларынша, бұл ауылға апаратын жалғыз жол болғандықтан, басқа амалдары болмаған. Жыл сайын көктем мен күзде осылай жолды өздері жөндейді.

«Олар бір жиын немесе басқа бірдеңе өткізсе, Белбұлақ ауылдық округінің қарамағына кірмейді дейді, ол қалай кірмейді, Талғар ХҚКО барсаң: «Сен Белбұлақ ауылында тіркелгенсің», дейді. Біз мұнда келеміз, жоқпыз. Сонда біз Америкадан келдік пе? Жыл сайын көктем мен күзде бұл жолды өзіміз біртіндеп жөндейміз», – деп ашуланды Белбұлақ ауылының тұрғыны Құдайберген Әубәкіров.

Халықтың өзі айтқандай, әкімдік өкілдері бұл мәселеден хабардар. Алайда олар әртүрлі себептермен көмек көрсетуден қашады.

«Ауыл тұрғындары 10-20 мыңнан жинайды. Мысалы, мен 30 мың бердім. Бұл ақшаға көлік жалдап, бүкіл ауыл жол жөндеумен айналысады», - дейді Белбұлақ ауылының тұрғыны Қанат Дүйсенбеков.

Ал әкімдіктегілер сараптамаға құжаттарды дайындап жатқанын хабарлады.

«Жол келесі жылы аяқталады деп нақты айта алмаймын. 50/50. Алдымен сараптамаға жібереміз. Сараптама дайын болған соң, жол жөндеуге бюджеттік өтінім береміз. Егер бюджеттік өтінім мақұлданды, қаражат бөлінеді десе, жоспар келесі жылдың екінші жартыжылдығына қосылады. Ал егер олар келесі жылдың екінші жартыжылдығының жопарына енгізбесе, онда бұл іс 2025 жылдың бірінші жартыжылдығына қалады», - деп түсіндірді Белбұлақ ауылдық округінің әкімінің орынбасары Абзал Сабалиев.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер