Он үшінші қаралы күн. Костенко шахтасындағы апатқа 40 күн толды

1943
Adyrna.kz Telegram
Сурет: aa.com.tr
Сурет: aa.com.tr

Биылғы 28 қазанда 46 шахтердің өмірін жалмаған Костенкодағы апатқа 40 күн толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

ЕҢ ЖОЙҚЫН АПАТ

Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына қарасты Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болған еді.

Апат кезінде шахтада 252 адам болып, олардың 206-сы жер бетіне шықты. Ал қалғандарын аман алып қалу мүмкін болмады.

46 адамның өмірін қиған Костенкодағы апат тәуелсіз Қазақстан тарихындағы өндірісте болған ең ірі апат деп бағаланды. Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан шыққан өрт себеп болған.

Апат болған күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұм кеншілердің туыстарымен кездесіп, 29 қазанды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Барлық аймақта мемлекеттік туы төмен түсірілді. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы он үшінші қаралы күн екені айтылды.

Қайғылы оқидан кейін Бас прокуратура «Тау немесе құрылыс жұмыстары кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» (277-баптың 3-бөлігі) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарының басталғанын хабарлады. Алайда осы іске байланысты ұсталғандар туралы әлі күнге дейін ресми мәлімдеме жасалмады.

КӨЗДЕЛГЕН КӨМЕК

Президент апаттың мән-жайын анықтау, кеншілерді құтқару және зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына шұғыл көмек көрсету жөнінде қажетті шаралар қабылданатынын жеткізді.

Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бірнеше қолдау шараларының қарастырылатыны айтылды:

компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана сатып алу;

моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем;

асырауында болған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы сақтандыру төлемі (ЖОО студенті болса, 23 жасқа дейін);

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысына байланысты ай сайынғы төлем;

қамқорлықтағы адамдардың санына байланысты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы;

жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасылардың несиелерін өтеу;

жерлеуге байланысты барлық шығындарды өтеу;

қаза тапқандардың балалары мен жұбайларын жұмысқа орналастыру;

23 жасқа дейінгі балалардың оқу ақысын төлеу;

қаза тапқандардың жұбайлары мен балаларына санаторий-курорттық емделуге жолдамалар беру;

үйді пешпен жылытатын отбасыларға жыл сайын көмір бөлу.

Үкіметтен бөлек, түрлі қорлар мен меценаттар да қаза болған кеншілердің отбасына көмек бөлді. Мәселен,«Нұрсұлтан Назарбаев қоры» 6 қарашада Костенко шахтасында қаза тапқандардың отбасына 50 млн теңге бөлгенін хабарлады. Ал 18 қарашада танымал әнші Димаш Құдайбергеннің кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар 20 отбасыға 20 млн теңге аударғаны белгілі болды.

«ТАРИХЫМЫЗДАҒЫ ЕҢ НАШАР КОМПАНИЯ»

Қайғылы оқиғадан кейін «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты шахталарды Үкіметке беру туралы шешім қабылданғаны айтылды.

«Мен «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Біз әртүрлі компанияларды көрдік. Оның ішінде жақсысы да бар, жаманы да бар. Алайда бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды»,– деді Тоқаев.

«КҮН САЙЫН ӨЛІМГЕ ИТЕРМЕЛЕДІ»

6 желтоқсан күні қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары Қарағандыдағы Шахтерлер даңқы ескерткішіне гүл қойып, марқұмдарды еске алды.

«Кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз. Олар күн сайын шахтерлерді өлімге итермеледі. Бас тартып, қарсылық көрсете алмайтындарын білді»,—дейді қаза болғандардың жақындары.

Бұдан бөлек сақтандыру төлемдерін алу үшін марқұм шахтерлердің асырауында болғандарын дәлелдеп, сотқа баруға мәжбүр екендерін атап өтті. Яғни, олар өздеріне бөлінген ақшаны алу үшін көптеген кеңселік кедергілерге тап болған.

Бұған дейін Костенко шахтасында қаза тапқандардың туыстары уәде етілген қаржыны ала алмай отырғанын жеткізгендерін жазған едік.

Ресми мәлімет бойынша, "АрселорМиттал Теміртау" нысандарында кейінгі 15 жылда 120-дан астам адам опат болған.

Костенко шахтасында қаза тапқан кеншілердің толық тізімін сілтемеден толық көре аласыз.

Диана Асан
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер