Бүгін — Ахмет Байтұрсынұлы атылған күн

2192
Adyrna.kz Telegram

Бүгін — ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атылған күн, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Қазақтың белгілі ақыны, ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері 1872 жылы 5 қыркүйектe қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылында дүниеге келді.

Ахмет Байтұрсынұлы қазақ халқының интеллектуал ұлт болуына, санасы азат, ойы ашық атануына ықпал етті. Ол "Қазақ" газетінің алғашқы редакторы болды. Газет беттерінде Ахмет Байтұрсынұлы өзінің пікірлестерімен бірге қазақ тілінің даму мәселесін көтеріп, халықты бірлікке және саяси күреске шақырды.

1917 жылғы революция кезінде көрнекті тұлға қазақ халқының ұлттық мүддесін қорғаған Алаш қайраткерлерінің тобын басқарып, ұлт интеллигенциясының рухани көшбасшысы атанды. Ол өзінің жақтастары Әлихан Бөкейханұлы және Міржақып Дулатұлымен бірге қазақ халқының бостандығы үшін күресті.

Ахмет Байтұрсынұлын ату туралы алғашқы шешім 1930 жылдың 4 сәуірінде шыққан еді. Кейін бұл үкім бірнеше рет өзгертіліп, ұлт ұстазына орыс зиялыларының өзі араша түседі. Осылайша ол айдау мен қуғынның арасында адам төзгісіз жағдайда өмір сүрсе де, 1937 жылға дейін қазақ мүддесіне қызмет етуге мүмкіндік алды.

5 рет сотталып, 2 рет жер аударылған Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы 8 қазанда соңғы рет тұтқындалып, 8 желтоқсанда ату жазасына кесілді. Оған «халық жауы» деген айып тағылған болатын. Қоғам қайраткерінің жақтастарын, туған-туыстарын қудалау 1988 жылға дейін жалғасты.

1988 жылдан кейін Қазақстандағы көптеген көше, мектептерге Байтұрсынұлының есімі берілді. Бүгінгі таңда Тіл білімі институты, Қостанай өңірлік университеті ұлы тұлғаның есімімен аталады.

Пікірлер