Кеңес одағын құлатқан Беловеж келісіміне қол қойылған күн

1997
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Уикипедия
Сурет: Уикипедия

Биыл «Беловеж келісіміне» 32 жыл толды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Ресей, Украина мен Беларусь басшылары 1991 жылғы 8 желтоқсанда Беловеж келісіміне қол қойған соң КСРО түбегейлі ыдыраған еді.

Тамыз бүлігінен кейін КСРО-ның ыдырау процесі бұрынғыдан да үдей түсті. Бүлікті ұйымдастырушылар тұтқынға алынып, коммунистік партия таратылды. Өз тәуелсіздіктерін жариялаған бұрынғы одақтас республикалардың кейбіреулері өздерінің КСРО құрамынан шығатындықтарын мәлімдеді. Орталықтың билігі күннен күнге әлсіреп, елде саяси толқулар күшейді. Осындай жағдайда үш республика басшылары (Ресейден - Борис Ельцин, Украинадан - Леонид Кравчук, Беларусьтан - Станислав Шушкевич) Минскінің маңайындағы Беловеж орманында келіссөз өткізді. Келіссөзде Кеңес Одағын сақтап қалудың бұдан былай мүмкін еместігіне байланысты олар өз республикаларының одақтан шығатынын және өзара одақтастық (саяси, экономикалық, әскери) жөнінде жаңа шартқа қол қоятындықтарын мәлімдеді. Сөйтіп, КСРО тынысы тоқтады.

Бұған жауап ретінде 1991 жылы 12 желтоқсанда Ашхабад қаласында Орталық Азия республикалары президенттері (Қазақстаннан - Нұрсұлтан Назарбаев, Қырғызстаннан - Асқар Ақаев, Өзбекстаннан - Ислам Кәрімов, Тәжікстаннан - Қаһһор Маһкамов, Түрікменстаннан - Сапармұрат Ниязов) кездесу өткізді. Кездесуде олар өзара одақтастық жөніндегі шартқа қол қойды және өздерінің Беловеж келісімімен толық келісетіндіктерін мәлімдеді. Бұған қоса басшылар Беловеж келісіміне қатысушы елдерге және басқа да бұрынғы одақтас республикаларға жаңа одақтық шарт жасасу жөнінде үндеу жолдады.

Көп ұзамай 1991 жылы 21 желтоқсанда Алматы қаласында бұрынғы КСРО құрамында болған 11 республика (Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Украина) басшылары жаңа келісімшартқа қол қойды. Сөйтіп бұрынғы КСРО аумағында жаңа одақ - Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы құрылды.

Дереккөз: Уикипедия

Пікірлер