Бауыржан бағындырған белестер

5104
Adyrna.kz Telegram
Фото: egemen.kz
Фото: egemen.kz

Біз білетін Бауыржан ағай – журфактың жапырағын жайған мәуелі бәйтерегі.

Автор

 Бауыржан Жақып деген есімді ең алғаш әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде естідім және бүгінгі новелламның кейіпкері сол жылы жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты (1984) атанған Бауыржан Жақып ағаның өзін журфактың тарихи ғимараты № 5 жатақхананың шығармашылық кештер өтетін дәлізінде өлең оқып тұрған сәтте көрдім. Сол кезде 4 – курста оқитын Бауыржан Жақып сол жатақханадағы Мұхамеджан Сералин атындағы шығармашылық бірлестіктің жетекшісі екен. Апта сайын жатақханадағы бірлестіктер жетекшілерінің жиналысы өтеді. Бүр күні сол жиналысқа мен де шақырылдым.

Ұйымдастыру комитеті мені жатақханадағы радиостудияның жетекшісі етіп сайлады. Міне, содан бастап Бауыржан ағаның бағындырған белестері көз алдымда өтіп жатқан өмірдегі шынайы оқиғалар.

    Қазір ойлап қарасам, Бауыржан ағаның журналистика әлеміндегі ұстаздық жолы мен басшылық қызметтегі дағдылары сонау студенттік шақтағы қоғамдық жұмыстарды ұршықша үйірген сәттерінен бастау алған екен. Факультет емес жатақхана аясындағы шығармашылық жұмыстар сол кездері нақты, қаз-қалпында жүзеге асатын. Апта сайын өз қалауымен бірлестікке мүше болған студенттер әрқайсысы өзінің қаламынан туған дүниелерін алып келіп, талқыға ұсынатын. Және олар апта сайын сол жиын өтетін күнді асыға күтуші еді. 1985 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген Бауыржан Жақып еңбек жолын Қазақ теледидарының әдеби-драмалық хабарлар Бас редакциясындағы редакторлық қызметтен бастады. Жыр әлеміндегі қадамын журналистикамен ұштастырған жас маман «Дидар» әдеби телеальманағын, «Халық қазынасы», «Жыр жазамын жүрегімнен», «Сұхбат» хабарларын әзірлеп, жүргізді. «Айтыс» хабарын жасауға атсалысты. Профессор Тауман Салықбайұлы Амандосовтың шақыруымен 1986 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушылық қызметін бастады.

    Бауыржан Жақып 1994 жылы профессор Т.С. Амандосовтың жетекшілігімен «Мұхтар Әуезов - публицист» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын, 2004 жылы академик З.Қабдоловтың жетекшілігімен «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғады. 1997 жылы доцент, 2005 жылы профессор ғылыми атағын иеленді.

    Бауыржан Жақыптың ғылым көкжиегіндегі зерттеу саласы – пубицистика жанрының қалыптасуы мен дамуы, теориялық және шығармашылық мәселелері, қазақ ауыз әдебиеті, батырлар жыры, шешендік өнер, жыраулық поэзия, көне түркі жазба ескерткіштеріндегі публицистикалық сарын, қазақ баспасөзінің тарихы, теориясы мен тәжірибесі. Бауыржан Жақып - сол зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жазылған 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы.

    1995-2001 жылдары – деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі, 2001 жылдан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің деканы қызметін абыроймен атқарды. Басқа ешбір факультеттің жұмыс тәсілінің шеңберіне сыймайтын журналистика әлеміндегі оқу бағдарламасын, ғылыми жүйені, шығармашылық процесті бір-бірімен шебер үйлестіріп, ұстаздардың да, шәкірттердің де жүрегіне жол тапты, сабақтың сапасын, тәртіптің тегеурінін ізгі тұлға тәрбиелеу ісімен үндестіре білді. Өйткені, Бауыржан Жақып – Қайыржан Бекхожин, Темірбек Қожакеев сынды алғыр да алып тұлғалы ұстаздардың өнегесін алған, сөйтіп, журналистика факультетінің тарихындағы жасампаз жетекші ретінде өз соқпағын салған декан. Мәскеу Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде (1989), Оклахома Мемлекеттік университетінде (АҚШ) (1997,2000) тағылымдамадан өтіп, кәсіби біліктілігін арттырған тәжірибелі тәлімгер.

Сонау студенттік шағынан бергі Бауыржан ағаның еңбек жолын жіпке тізген моншақтай тізбектеп, бір жазбаға сыйғызу тіпті де мүмкін емес.

Әйтсе де, бүгінгі таңдағы шыққан биігінде жүріп өткен жолындағы салған іздері өмірдің ізгі өрнегіндей таңбаланып, жарқырап тұр.

   Бауыржан Өміржанұлы – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі (1991), Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1994), Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма мүшесі (2002), Қазақстан Журналистика Академиясының академигі (2006), Халықаралық Жазушылар мен Публицистер Ассоциациясының мүшесі (2006), Қазақстан Республикасы

Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (2007). Ақындық асқақ рухы кәсіби ұшқырлығымен ұштасқан ғалым-ұстаздың «Аудитория» (1984), «Баспалдақтар» (1987), «Бір кеменің үстінде» (1987), «Парусь времени» (1987), «Аралым - арым, Балқашым - бағым» (1988), «Көзімнің нұры» (1990), «Айдындағы аспан» (1996), «Мұхтар Әуезов - публицист» (1997), «Ақ лақ» (1997), «Қолтаңба» (2001), «Уақыт ұршығы» (2004), «Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары» (2004), «Публицистикалық шығармашылық негіздері» (2007), «Қызыл қайың» (2008), «Абайдың Қасқабұлағы» (2012), «Еліккөрген» (2013), «Менің далам» (2014), «Желбіреп тұрған көк туым – биік тұғырым» (2019), «Білте шамның жарығы» (2021), «Жүректен қозғайын» (2022) атты кітаптары жарық көрді.

Ақынның таңдаулы жырлары «Екі мың жылдық дала жыры» (2000) антологиясына, «Жыр маржаны» атты он томдық қазақ поэзиясының антологиясына (2015) енгізілді.

    Бір қолдағы салалы саусақтар тәрізді сан өнерді бір басына жиып, саналы ғұмырын сапалы тірлігімен сабақтастырған Абай елінің асыл перзенті, Бауыржан Жақыптың әлі де бергенінен берері, тергенінен терері көп.

  Ендеше, аяулы әріптесіміз Бауыржан ағайдың ақпараттың айдынында, шығармашылықтың шыңында, ғылымның көкжиегінде әрдайым ізгілікпен ілгері баса беруіне тілектестігімізді білдіреміз.

 

Әбдіжәділқызы Жидегүл

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Баспасөз және электронды

БАҚ кафедрасының доценті,

филолокия ғылымдарының кандидаты

Пікірлер