Тұнған этнография. Ағылшын кәсіпкерінің 100 жыл бұрынғы Қазақстан туралы кітабы қазақша жарық көрді

1177
Adyrna.kz Telegram

Ағылшын кәсіпкері Нельсон Феллдің «Русия һәм көшпелілер» кітабының қазақша және орысша аудармаларының тұсаукесері өтті. Шығарма «Асылтас» қорының қолдауымен басылып шықты. Кітапты қазақ және орыс тілдеріне аударған AmalBooks баспасының негізін салушыБақытжан Бұқарбай.Тұсаукесер Дүниежүзілік кітап күніне орайлас өткізілді.

Кітапта Нельсон Феллдің қазіргі Қарағанды облысы Успен кенішінде болған кездегі өмірі суреттеледі. Ағылшын кәсіпкері 1900-1909 жылдар аралығында қазақ жерінде британдық тау-кен өндіру компаниясы мен көмір шахталарын басқарған.

«КӘСІПКЕР РЕТІНДЕ ОЙЛАУДЫҢ»НӘТИЖЕСІ

Кітап авторы осы уақыт аралығында өлкеде болған маңызды оқиғалар туралы жазып қалдырған. Мәселен, зауытта туындаған 1000 адам қатысқан ереуіл туралы баяндаған. Сонымен қатар, күнтізбе жоқ уақытта күнге қарап, табиғат құбылыстарын бақылап ораза ұстағанын атап өткен. Одан бөлек, қазақтардың тұрмыс-тіршілігін, келіссөз жүргізу мәнерін, бастан кешкен оқиғаларын баян етеді. Бақытжан Бұқарбайдың айтуынша, Нельсон Фелл қазақ жерінде болған соңғы жылдарында айына 640мың доллар тауып отырған. Бұл қазіргі есеппен 22,4 млн. долларды құрайды.

AmalBooks баспасының жетекшісі Бақытжан Бұқарбай автордың кәсіпкер ретінде жазған еңбегінің өз ерекшелігі бар деп есептейді.

«Қазақ тарихына үңілетін болсақ, шет елдік авторлар жазған жүздеген деректер бар. Көбінесе тарихымыз туралы саяхатшылар, жер аударып келген адамдар, ғалымдар немесе тыңшылар жазған. Бірінші рет біз танысқан кітаптар арасында этнографиямызды кәсіпкер жазған. Бұл өте қызық. Саяхатшылар немесе ғалымдар жазған еңбектерде байқасақ көбіне олар жануарлар мен өсімдік әлеміне немесе киіз үйдің құрылысына деген сияқты дүниелердің бүге-шүгесіне дейін үңіліп, деректер қалдырып кетеді. Бұл кісінің кәсіпкер ретінде ойлау қабілеті материалдың басқа сарынмен жазылуына ықпал еткен», - дейді Бақытжан Бұқарбай.

«ӨТКЕНДІ ШЫНАЙЫ СУРЕТТЕУ»

«Асылтас» қоғамдық қорының құрылтайшысы Дулат Тастекей болса, «Бұл кітаптың ерекшелігі ешқандай идеология қосылмай, цензураға түспей жазылған», - дейді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Түркі дүниесіжазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет«Біздің тарихымызда ақтаңдақ өте көп. Сол себепті тарихымызды нақты деректермен, болмаса осы күнделіктегідей сипаттап беру жағынан кемшіл соғып жатамыз. Соның орнын толтырғандай. Кітаптан сол замандағы қайнаған өмір көрініп, ұлттың салт дәстүрі мен мұндалап тұр», - дейді.

Қоғам қайраткері, ғалым Асылы Осман «Кітаптың маған ұнағаны қазақтың өткен өмірін, тұла бойына біткен табиғи қасиетін ашып көрсеткені. Өткенімізді шынайы суреттеп көрсететін дүниенібәріміз оқып та, айтып та жүргеніміз ғанибет болар еді», - дейді.

2016 жылдан бері кітап шығарумен айналысатын «AmalBooks» баспаның негізгі мақсаты ұлтты тәрбиелеу емес, кітаптары арқылы оқырман әлеуетін танып, нақты амал жасай алатындай жағдай қалыптастыру екені айтылады.

«AmalBooks» баспасы 3 бағытта кітап шығарады. Бірінші бағыт – нон-фикшн, екіншісі – бизнес және үшіншісі – тарих. «Русия һәм көшпелілер» кітабытарих бағытындағы тоғызыншы кітап. Жалпы, «Таза тарих» сериясы бойынша кітаптар легін Ахмет Кенесарыұлының «Кенесары хан уа Сұлтан Сыдық» еңбегінен бастап, кейіннен орысшасын шығардық. Сосын Годфри Лайластың «Аспан тау асқан үркін көш» кітабы қазақ және орыс тілінде басылды. Мұхамеджан Тынышбаевтың 1925 жылы шыққан «Қазак тарихын» қайта шығардық. Жыл соңына дейін тарих сериясы аясында жиырмаға жуық жаңа кітаптар шығаруға ниеттіміз» - дейді баспаның негізін қалаушы Бақытжан Бұқарбай.

Мерей Мырзағалиқызы

Пікірлер