Жылумен қамту мәселесі бойынша энергетика министрлігі түсініктеме берді

1381
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі Екібастұз, Балқаш және Ақтау қалаларын жылумен қамту жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Tengrinews.kz сайтцна сілтеп.

Ведомство атап өткендей, аталған қалаларда орын алған оқиғалар технологиялық бұзушылықтар ретінде сипатталады. Тұтынушыларға жылу беруді тоқтатуға жол берілмейді.

«Ағымдағы жылы еліміздің барлық энергия көздерін тұрақты жылумен қамтамасыз ету мақсатында бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның арқасында жылумен жабдықтауда жаппай шектеулер болған жаһандық апаттардың алдын алынды. Елдің Энергетика министрлігі жылумен қамтуды бақылауда. Жағдайды анықтап, энергетикалық нысандарды пайдалану мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыста», - деп хабарлады ведомстводан.

Естеріңізге сала кетейік, Балқашта 9 желтоқсанда Абай және Әбдуғалиев көшелеріндегі жылу желісінің құбыры зақымданған болатын.

Екібастұзда қазір 8 қазандық жұмыс істеп тұр, жылу беруде үзіліс болған жоқ.

Ақтауда 11а ықшамауданында жылу желісі зақымдалды. Төтенше жағдай аймағында «Каспий жылу, су арнасы» МКҚК мамандары жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Қала басшысы Ұлықбек Тналиев бұл мәселені жеке бақылауында ұстап отырғанын мәлімдеді.

Пікірлер