«Қазақтың Қабдоловы»

1068
Adyrna.kz Telegram

Бүгін академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың туғанына 96 жыл толды.

Зейнолла Қабдолов 1927 жылы 12 желтоқсанда Атырау облысы Қызылқоға ауданы Көздіқара ауылында тұрмысы орта, қарапайым отбасында туған. Ол – жазушы, филология ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақ және Қырғыз Республикаларының еңбек сіңірген ғылым қайраткері.

1945 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, 1950 жылы үздік дипломмен бітірген. Кейіннен осы оқу ордасында елу жылдан астам үздіксіз білім және ғылым жұмыстарын қатар жүргізіп, қызмет еткен.

Зейнолла Қабдоловтың аты жазушы Мұхтар Әуезовтің атымен қатар аталады. 1945 жылы мұнай саласында әке жолын жалғау үшін Алматыға келіп, осында Әуезовпен танысады. Тау-кен институтындағы сабағынан шығып, ҚазҰУ-дағы Әуезовтің дәрісін тыңдауға жиі келіп жүреді. Кейін біржола мамандығын өзгертіп, Әуезовке шәкірт болады.

ЮНЕСКО көлемінде әлемдік деңгейде аталып өткен М.Әуезовтың 100-жылдық мерейтойына арнайы жазылған «Менің Әуезовым» атты роман-эссесінде ұлы қаламгердің ұстаздық феноменін таныту арқылы оның әдеби бейнесін жасау тәжірибесін жаңа сапаға көтерген. Эссе әдебиетіміздің алтын қорына құнды қазына болып құйылды.

«Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат» ордендерімен, көптеген медальдармен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы Бірінші дәрежелі сыйлығының лауреаты. Көркем шығармалары бірнеше шетел тілдеріне аударылған.

Алматы қаласындағы мекен-тұрағы болған Желтоқсан көшесіндегі 132 үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылып, қаладағы көшелердің біріне жазушының есімі берілген.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер