Апат жиілегенде экс-президент тағы да бой көрсетті

1993
Adyrna.kz Telegram
Фото: nazarbayev.kz
Фото: nazarbayev.kz

Экс-президенттің ресми сайты жариялағандай, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана клубының» пленарлық отырысына қатысты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Назарбаев отырыста ел болашағы мен өскелең ұрпақтың келешегіне алаңдайтынын жеткізіп, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесіне ядролық қаруға қарсы қозғалыстың барлық қатысушыларын белсене атсалысуға шақырды.

– Өздеріңіз білесіздер, мен 2019 жылы наурыз айында өз еркіммен Қазақстан Президенттігінен кеттім, қазір ешқандай лауазым атқармаймын. Алайда, саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, қашанда маңызды оқиғалардың ортасында жүрген адам ретінде өзіміз, балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін әлемнің жай-күйіне, болашағына әркез алаңдаймын. Жаһандық қақтығыстың алдын алу үшін әлемдік саясатта диалог құрудан басқа жол жоқ екеніне сенімдімін, – деді Н.Назарбаев.

Өз сөзінде экс-басшы әлемдік дағдарыстар мен соның айқын көрінісі ретінде бірнеше тарихи оқиғаларды тілге тиек етті. Сондай-ақ жақында тұсауы кесілген кітабының ағылшын тіліне аударуға ұсыныс түсіп жатқанын да атап өтті.

– Жалпы, кейінгі ондаған жыл ішінде Қазақстан көптеген дағдарыстың сәтті шешілуіне дәнекер болды. Оның бәрін бір кездесу аясында қамту мүмкін емес. Соңғы 30 жылда сыртқы саясатта болған ең ауқымды оқиғалар туралы толығырақ менің желтоқсан айының басында жарияланған естеліктерімде жан-жақты айтылды. Бұл еңбек үлкен қызығушылық тудырды, шетелдік баспалардан да оны ағылшын тіліне аударуға ұсыныстар түсіп жатыр. Кітап жақын арада жаһандық аудиторияға жетеді деп ойлаймын, – деді Н.Назарбаев.

Естеріңізге сала кетейік, экс-президент соңғы рет ел алдына інісі Болат Назарбаев қайтыс болғанда шыққан болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер