Ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеруді жалғастырамыз — Тоқаев

1871
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда

Мемлекет басшысы Астана қаласындағы №96 мектеп-гимназияны аралап көрді. Бұл туралы Ақорда жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президентке білім ошағындағы оқу-тәрбие жұмыстарының барысы таныстырылды. Бұл мектеп жемқорлардан тәркіленген қаржыға салынды. Биыл пайдалануға берілген гимназия елорданың сол жағалауындағы басқа мектептердің жүктемесін азайтуға септігін тигізді. Қазір мұнда 1466 оқушы білім алады.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық-гуманитарлық бағытта білім беретін мектеп-гимназияның оқу үдерісі туралы баяндалды. Оқушыларға ағылшын, француз тілдерімен қатар, қытай тілі де оқытылады.

Президент №96 мектеп-гимназияның педагогикалық ұжымымен жүздесіп, мемлекет ұстаздардың мәртебесін одан әрі көтеруді жалғастыра беретінін айтты.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына елорданың білім беру жүйесі жайында баяндалды. Астана қалалық Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев биыл 16 мың оқушыға арналған 12 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бүгінге дейін 7 мектеп ашылған. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп іске қосылмақ.

Пікірлер