ЯСИН МАЛИКОВИЧ: Желтоқсан көтерілісіне - 37 жыл. Тағдыр тәлкегінде

1911
Adyrna.kz Telegram

Мен ол кездерде (1986ж) Алматы ет өнімдерін өңдеу зауытының директорымын, зауытта 3500-ден астам жұмысшы болды.

Зауыттағы жұмысшылардың 60 пайыздан астамы 18-30 аралығындағы жастар болатын.

1986 жылғы 16-18 желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісінен кейiн Алматы облыстық, қалалық партия комитеттерінің нұсқауымен, зауыттың жастарын белгiлi қоғам қайраткерлерімен, ақын-жазушыларымен кездесу ұйымдастырып, жастарды интернационалды патриоттық рухта тәрбиелеу мақсатында біздің зауыттың жастарымен белгiлi ақын ағамыз Мұхтар Шаханов кездестi (суретте Мұхтар ағамызбен кездесуден кейiнгi сәт).

1986 жылы Желтоқсан оқиғасынан кейiн Алматы қаласындағы оқу орындарынан мыңдаған студенттер шығарылды.

КазҰУ-дің бip топ ұл-қыздары менiң қабылдауымда болып жұмысқа алуымды өтінді.

Менiң жүрегім ауырып кеттi, қалайда болса бұл жастарды жұмысқа қабылдау керек деп шешiм қабылдадым. Оқудан шығарылған студенттердi(ҚазҰУ-дан) жұмысқа қабылдадым.

17-20 жас арасындағы жастардың көздерінен өжеттік от жалындары сезiлiп тұрады, мен олардың осындай қайсар мінездеріне өте риза болдым!

Арада екi-үш ай өтпей-ақ менiң үстімнен домалақ арыздар жоғарғы жаққа жетiп, менi желтоқсандықтарды қолдады және қорғады, жұмысқа кабылдады деп тексерiс басталады. Менi тексеруге арнайы комиссия құрылды: Қазақстан орталық партия комитетінің нұсқаушысы Зоя Нурлыбаева, Алматы облыстық партия комитетінің екiншi хатшысы Щикота, Алматы калалык партия комитетінің хатшысы Хмызов, т.б. жауапты қызметкерлер болды. 10-15 күннен кейiн комиссия тексеруiнiн шешiмiмен менi қызметімнен босатып, КПСС мүшелігінен шығару керек деп тапты. Бірақ біздің партком мүшелері, менi КПСС мүшелігінен шығаруға қарсы болды. Партком мәжілісін Зоя  Нурлыбаева басқарып, алты сағатқа созылған мәжіліс, бipнеше рет дауысқа салып, маған “коммунистiк жеке карточкасына қатаң сөгіс жазылсын” деп шешiм шығарды. (З.Нұрлыбаеваның қатаң талабы    бойынша).

15 күн жұмыссыз үйде болдым, содан кейiн конструкторлық бюроға қатардағы инженер-конструктор болып бip жыл қызмет атқардым. Директорлық қызметтен босатқандағы бұйрықта - партия комитетінің шешіміне сәйкес деп жазылыпты. Еңбек кодексiнде мұндай бап жоқ!

Бip жылдан кейiн сот шешімімен зауыт директоры қызметіне қайта оралдым.

Осылайша бір жыл бойы тағдырдың тәлкегінде болдым. Бұл - 1987 жыл болатын. Осыдан 50 жыл бұрын менің әкем Ұзақов Мәлік 1937 жылы байдың, болыстың баласы, халық жауы деп он жылға советтік концлагерге айдалып, тағдыр тәлкегіне түскен еді!

Тағдыр деген осындай!!!

 

Ясин Маликович

 

 

 

Пікірлер