Үлгі тұтар тұлғалар кімдер болуы керек?

9715
Adyrna.kz Telegram
Фото: tvsamara.ru
Фото: tvsamara.ru

Адамзаттың даму тарихында ұлы бетбұрыс жасаған Apple компаниясының негізін қалаушы, өнертапқыш Стив Джобс: «Мен барлық технологиямды тек Сократпен кездесу үшін жұмсар едім» деген екен.

Ол неге олай айтты. 2011 жылы (өлер алдында) 7 млрд доллар байлығы болған әлемнің ең бақуатты адамдарының бірі бұл сөздерді жәйдан-жәй айта салмағаны анық. Себебі Стив Джобс Сократты үлгі тұтқан. Оның ілімін бойына сіңіріп, ұстанымдарын өзіне жол бағдар еткен. «Адам  көптің пікірімен, көптің сөзімен  жүрмеуі керек, шындықпен жүру  керек, әділ өмір сүруі  керек» деген Сократтың сөзін өмірлік серігі еткен Стив Джобс қарапайым адам болған.

Ал енді өзіміздің тақырыпқа қарай ойыссақ. Жоғарыдағы мысалдан мынадай түйін шығаруға болады. Сен үлгі тұтатын адамның мінез-құлқы, ақиқатқа деген көзқарасы, білім мен білігі бәрі-бәрі болашағыңа әсер етуі мүмкін. Стив Джобс та Сократқа еліктеп, оны үлгі тұтып жаман болды деп айта алмайсыз. Қазіргі таңда ел жастары кімге еліктеп, кімді тұлға көріп жүр. Бүгінгінің мәселесі осы. Бірақ жағдай көңіл көншітпейді. Өйткені желіге бір көз жүгіртіп өтсеңіз жастардың кімдердің тәрбиесінде өсіп жатқанын бірден аңғаруға болады.

Миллиондаған оқырмандары бар блогерлер мен күмәнді діни уағызшылардың дәурені жүріп тұр. Заман неге бұлай болды дерсіз. Оған кінәліні табу оп-оңай, бәріне өзіміз айыптымыз. Жас ұрпақтың Алаш азаматтарын аузынан тастамай айтып жүретін шақта, жеңіл-желпілердің артынан ілескенін көзіміз көріп жүр.

Неге олар кезіндегі және қазірдегі ғалымдарды, еңбек адамдарын, ұстаздарды, Алаш арыстарын, тарихи салмағы бар тұлғаларды үлгі көрмейді. Міне, әлсіз тұсымыз да осы шығар. Ал енді жәймендеп мәселенің түп-төркіні неде, бой сұғып көрелік. Мамандар, мұнда жастарға салмақ салудың әсте қажеті жоқ деп есептейді. Себебі бүкіл адамзат әлеуметтік желіге байланған кезеңде, жастардың сол жолмен жүрері белгілі. Ал әлеуметтік желіде насихатын жүргізіп отырғандардың ықпалы жастарға көбірек болып тұр.

Әсіресе, кейбір дәстүрді жоққа шығаратын діни уағызшыларды алайық. Әр бір-екі жылжытуда алдыңнан атып шығады. Анау мұндай, мынау андай болуы керек деген сөздер құлағымызға жат болмай қалғалы қай заман. Сондықтан жастардың үлгі тұтатыны күмәнді уағызшылар мен өміріндегі әрбір қадамын айтып отыратын блогерлер болып отыр.

Блогерлердің қай жеріне еліктейді дерсіз. Қазір қай блогерді алмайық жағдайы бар, қалтасы қалыңдау келеді. Ал енді қалыптасып, өмірдің баспалдағынан көтеріліп келе жатқан жастар үшін жеңіл өмір қайтсе де қызық қой. Әйтсе де, бәріне бірдей топырақ шаша алмаймыз. Желіде еңбек адамдарының, ұстаздардың, ғалымдардың және зиялылардың жеткілікті деңгейде насихатталмауы бұл таяқтың екінші ұшы. Жастар жас шыбық секілді, қайда бұрасың сонда иіледі. Алайда мұнда отбасыдағы тәрбиені де ұмытпаған жөн. Дастарханында Алашты айтпаған, еңбектің жайын сөз етпеген отбасының ұрпағы кімге еліктейтіні анық. Сол үшін де отбасыда ғылымның пайдасын, адал еңбектің жемісін, Алаштың ел үшін қосқан үлесін тәрбиемізге қосқанымыз абзал. Ол ұрпақ сонда ғана кім екенімізді, кім болғанымызды ұмыттырмайды!

Пікірлер