Астанада “Қазақ тарихи қоғамы” құрылды

1441
Adyrna.kz Telegram
Фото: 24.kz
Фото: 24.kz

Астанада «Қазақ тарихи қоғамы» қоғамдық бірлестігі құрылып, ресми түрде тіркелді. Бастамашы топ арасында Сұлтан Әкімбеков, Радик Темірғалиев, Арманжан Байтасов, Мая Бекбаева сынды танымал тұлғалар бар, деп хабарлайды ”Адырна” ұлттық порталы.

Қоғамдық бірлестіктің мақсаты - тарих ғылымын дамытып, фейк және бұрмаланған дерекпен күресу. Жаңа құрылымға тарихшылар, көрнекті зерттеушілер, зиялы қауым өкілдері, мықты деген сарапшылар мүше.

«Біздің қызмет Қазақстан халқының ұлттық бірегейлігін сақтауға бағытталады. Әрі ел тарихын объективті түрде зерттеу үшін өзге де ұйыммен байланыс орнатады. Осылайша «Қазақ тарихи қоғамы» ғалымдар мен тарихшылардың басын біріктіретін ең беделді сараптамалық ұйымға айналуды көздеп отыр. Сәтін салса, қоғамдық бірлестіктің аймақтарда бөлімшелері де ашылады”, деді бірлестік өкілдері.

Қоғамдық бірлестік ұлттың тарихи санасы мен тарих ғылымын дамытуды мақсат етіп отыр. Тарихи зерттеулер мен көпшілікке арналған ғылыми әдебиеттер, сол зерттеу нәтижелерін дәріптейтін фильм, өзге де туындыларды жасау үшін үздіктерді тарту, сапалы іріктеу жүргізу көзделген.

«Көптеген елдерде осындай тарихи қоғамдар бар, өйткені бұл ғалымдар үшін, журналистер мен қоғам өкілдері үшін алаң құруға мүмкіндік беретін бірлестіктер. Біздің тарихшылар, өлкетанушылар өз аймағының тарихын өз бетінше, еш қолдаусыз зерттеп жүр. Мұны жүйелеу қажет. Бірлестіктің мақсаттары мен міндеттері уақыт өте келе түзетіледі, бірақ ең бастысы – осы күш-жігерді шоғырландыруға мүмкіндік беретін алаң құру. Біздің есігіміз барлығына ашық. Қазірдің өзінде бірлестіктің мүшесі болғысы келетіндер өтініш білдіруде. Мемлекеттік, квазимемлекеттік тарихи ұйымдармен бәсекеге түсу ойда жоқ. Олармен байланыс орнатып, ортақ мүдде – тарихи сана мен тарих ғылымын дамытуға өз үлесімізді қоспақпыз», - дейді тарихшы Радик Темірғалиев.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба сәтті жүзеге асса, қоғамдық бірлестік ауқымы аймақтарға таратылады.

Пікірлер