Бүгін — алғашқы ғылым кандидаты Бақтыгерей Құлмановтың туған күні

2068
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Уикипедия
Сурет: Уикипедия

Бүгін — қазақтан шыққан алғашқы ғылым кандидаты, Алаш қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, 1-2 Мемлекеттік Думалардың депутаты Бақтыгерей Құлмановтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Көрнекті тұлға 1859 жылдың 22 желтоқсанында қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келген. 1872 – 1881 жылдары Орынбордағы ер балалар гимназиясында оқып, оны күміс медальмен тәмамдаған.

1881 жылы Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне оқуға түскен. Бұл факультетте 1883 жылдың желтоқсанына дейін 1-курста қатарынан 3 жыл оқиды. Бір таңғаларлығы, Құлманов 1-ші курсқа өз өтінішімен қала берген. Үшінші жылы тағы қалуға университет басшылығы рұқсат бермегендіктен, ол 1884 жылдың қаңтарынан бастап университеттің Шығыс тілдері факультетіне ауысады да, 1889 жылы 9 наурызда №877 диплом алып шығады.

Араб, парсы, осман, татар тілдері және орыс сөздігінен өте жақсы баға алып, университет кеңесінің 1888 жылғы 17 қыркүйектегі ұйғарымымен ғылым кандидаты дәрежесіне лайық деп бағаланады.

Бақтыгерей Құлманов 1906-1907 жылдары І Мемлекеттік және ІІ Мемлекеттік Думаларға Ішкі орда қазақтарынан депутат болып сайланып, мұсылман фракциясын басқарған. 1917 жылғы сәуірдің 23-нен желтоқсанның 2-не дейін Бөкей ордасындағы уақытша үкіметтің комиссары болды.

Ал 1917 жылы 5-13 желтоқсанда өткен Жалпықазақтық съезге ол арнайы шақырылып, съез президумының төрағасы болды. Съезде Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланды. Алашорда үкіметінің төрағасының орнына Әлихан Бөкейханов, А.Тұрлыбаев пен бірге Б.Құлмановтың да түсуі де көп жайтты аңғартады.

Осы съезден кейін ол еліне қайтып, артынан сүзек ауруынан 1919 жылы Жаңақалада қайтыс болды.

Пікірлер