«Биыл күрделі жыл болды». Қазақстан президенті ЕАЭО жиынына қатысты

997
Adyrna.kz Telegram
Aqorda
Aqorda

Кеше, 25 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, деп хабарлайды  «Адырна» ұлттық порталы Aqorda телеграм-арнасына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы өз сөзінде қонақжайлық көрсетіп, жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге алғыс айтты. Президент осы жылдың оңай болмағанын, әсіресе, жаһанды жайлаған тұрақсыздықтың күшейе түскенін атап өтті.

– Инфляцияның қысымы, халықаралық логистикалық тізбектердің трансформациясы, аймақтардағы қақтығыстар, санкциялық текетірестер – бұл әлемдік экономиканың даму қарқынын бәсеңдететін факторлардың бір парасы ғана. Осындай күрделі жағдайда Қазақстан жылдық экономикалық өсімді 4,9 пайыз көрсеткішпен қорытындылауды жоспарлап отыр. «Еуразиялық бестікке» кіретін барлық елде оң динамика байқалатыны қуантады. Әйтсе де экономикамыздың орнықты даму траекториясын сақтау үшін 2024 жылдың сын-қатерлеріне бірлесе дайындалуымыз керек. Сарапшылар болжамына сәйкес келесі жылы жаһандық экономика бірқалыпты, тіпті баяу қарқынмен, яғни 1,5 пайыздан 3 пайызға дейін өседі. Нарығының көлемі 2,6 триллион долларға тең Еуразиялық экономикалық одақ әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі ретінде өсімнің бәсеңдеуін сезінуі мүмкін. Сондықтан біз қазіргі экономикалық резервті және өзара тиімді интеграцияның қолда бар әлеуетін барынша жұмылдыруымыз қажет. Қазақстан әуел бастан Одақтың экономикалық сипатын айқындайтын қағидатты берік ұстанды. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер өз істері мен шешімдерінде дәл осы күн тәртібінен ауытқымауға тиіс деп санаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер