“56 твит және инстаграмда 63 жазба жарық көрді” - Берік Уәли

2156
Adyrna.kz Telegram
Akorda.kz
Akorda.kz

 ҚР Президентінің кеңесшісі, Баспасөз хатшысы Берік Уәли бір жылдың ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарған жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеп.

Президенттің кеңесшісі 2023 жыл елімізде қандай маңызды шешімдер қабылданып, нендей өзгерістер болғанына тоқталды.

Берік Уәли сұхбат барысында "Әділетті Қазақстанды" құру қалай жүзеге асып жатқандығына тоқталды.

 "Әділетті Қазақстанды құру жолында маңызды саяси-экономикалық реформалар жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда биыл Мемлекет басшысы қоғамда Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуға, әділдікке негізделген жаңа экономикалық үлгіге көшуге, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, бәсекеге қабілетті ел болуға, сапалы ұлт қалыптастыруға бағытталған көптеген бастама көтерді", - дейді Берік Уәли.

Биыл мемлекет басшысы жалпы бірнеше заң қабылдап, бірқатар өзгерістер жасаған.

"Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасымен бірқатар маңызды заңдар әзірленіп, күшіне енді. Мемлекет басшысы биыл жалпы 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 Өкімге қол қойды. Бір қызық фактімен бөлісе кетейін. Президент жылдың алғашқы күні де жұмысқа шығып, «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңға қол қойған екен. Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе сияқты халқының саны 500 мыңнан асатын шаһарлардың айналасындағы елді мекендерді дамыту үшін бұл заңның мән-маңызы зор.

Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын іске асыратын тиісті Заңға қол қойды. Келесі жылдан бастап Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50 пайызы еліміздің кәмелетке толмаған азаматтарының бәріне теңдей бөлінетін болды", - дейді ҚР Пезидентінің Баспасөз хатшысы.

Биыл үкіметте де айтарлықтай өзгерістер орын алды. Төрт жаңа министрлік құрылды: Су ресурстары және ирригация министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Көлік министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Туризм және спорт министрлігі. Жергілікті басқару жүйесінде де біршама ауыс-түйіс болып, жаңа қызметке бірқатар кадрлар тағайындалды.

Осы тұста аймақтардың ахуалы да Президент назарынан тыс қалмаған. Жыл соңына дейін Тоқаев 14 өңірге жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындардың тұрмысымен танысқан.

"Ел ішіндегі шынайы ахуалмен жақсы таныс. Оның үстіне, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері күнделікті қажетті ақпаратты жеткізіп отырады. Мемлекет басшысының өзі де әлеуметтік желілерді, бұқаралық ақпарат құралдарын шолып, тиісті тапсырмалар береді", - деді Берік Уәли.

Елімізде биыл апат та аз болған жоқ. Абай облысындағы орман өрті, 46 адамның өмірін жалмаған Қарағанды облысындағы жарылыс, Екібастұз, Рудный, Риддер, Ақтау сынды қалалардағы жылу мәселесі де жиналып қалған. Президент апаттан зардап шеккендер мен марқұм болғандардың туыстарына көмек көрсетті.

2023 жылы халықты дүр сілкіндірген оқиғалар көп болды. Түркістанда зорлықпен өлтірілген 5 жасар бүлдіршіннің өлімі, қоғамдық резонанс тудырған Салтанат Нүкенованың аяусыз өлімі бар.

Берік Уәлидің сөзінше, Президент Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке, Бас прокурор Берік Асыловқа, Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиевке әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілерінің алдын алу керек екенін қатаң ескерткен. Істің жеке бақылауда болатынын да айтты.

Бүгінде Мемлекет басшысының қызметін бақылау жеңілдеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың әлеуметтік желідегі парақшаларында көптеген ақпараттар, Жолдаулар мен үндеулер жарияланады.

"Aqorda телеграм-арнасы туралы айтар болсақ, заман талабы мен қазіргі аудиторияның әлеуметтік желіге жаппай бет бұруын ескере отырып, осындай арна ашу жөнінде 2022 жылдың 1 наурыз күні шешім қабылдаған едік. Содан бері Aqorda телеграм-арнасында 13931, соның ішінде биыл 8022 ақпарат жарияланды. Телеграм арнаға 44 428 оқырман жазылған.

Мемлекет басшысының Х (Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасы 2011 жылдан бері белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінде Президенттің Х парақшасында 391 786 оқырман бар. Ал Instagram парақшасына 2,6 миллион жазылушы тіркелген.

Президент Х (Twitter) парақшасы арқылы еліміздегі қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерге немесе оқиғаларға қатысты жедел үн қатады. Уақыт үнемдеу тұрғысынан мұндай жұмыс стилі тиімді. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі өзекті мәселелерге, қоғамда болып жатқан түрлі оқиғаларға қатысты биыл 56 твит жариялады. Ал инстаграмда 63 жазба жарық көрді", - деді Берік Уәли.

Бір жылда бірнеше елге іс-сапармен барып, 243 сағат 46 минутын ұшақта және тікұшақта өткізген Президенттің жаңа жылды Қазақстанда, өз үйінде, әулетімен бірге қарсы алатыны айтылды.

Пікірлер