Ауғанстанда қазақ кілемі неліктен құнды?

1406
Adyrna.kz Telegram

Тарихи отанымызға ата-бабаның мұрасын әкеліп таныстыру өмір бойғы арманым еді. Міне, сол арманым орындалды.

Алайда Ауғанстандағы қазақ кілемдері туралы түрлі пікір туындап жатыр, ол – табиғи жайт. Біз бір-бірімізді жатырқап, бөлшектеліп қалған ғана ұлт емеспіз, ұлттық мұрамыз бен, құндылығымыздан ажырап қала жаздаған халықпыз. Сондықтан ол ұшқары пікірлерге кешіріммен қарау керек.

Мен кілемтанушы емеспін, кілем тоқушымын. Және де бұл кәсіптің өз заңдылығы бар. Ауғанстанда бір ұлттың кілемін бір бірімен шатастыру мүмкін емес, ондай болып жатса, ол ұлтқа телінбейді, жай ғана модерн, аралас секілді сөздермен жеткізіледі. Әйтпесе, Ауған жерінде, бірнеше ұлт бір бірімен бәсекелесіп кілем тоқитын кәсіп дамыған елде, кілемнің тегін басқа ұлттан жымқыруы болмаса телуі мүмкін емес – абыройсыз және кәсіпсіз қаласың! Және де оған бізде ешкім де ұмтылмайды – әркімнің өз орны, өз нарығы қалыптасқан.

Ал енді, құрметті ағайын, сіздерге Ауғанстандағы этнокілемдердің негізгі айырмаларын сипаттап өтейін.

1-сурет. «Бұхарайи», яғни «Бұқаралық» аталатын классикалық (ерте заманнан) өзбек кілемі. Хал Мұхаммет үлгісі. Қолдан тоқылған, 100 пайыз жүннен бельгиялық машинамен иірілген жіптен тоқылған. Төрт бояу ғана қолданылады: қызыл, қара, сары, ақ.

2-сурет. Классикалық (ертеден келе жатқан) «Афғани», яғни «Ауған кілемі». «Чакуше дали» нақышы деп аталады. 100 пайыз жүнді қолдан иіріп тоқиды. Негізінен бояудың 3 түсі үшеу ғана: қара, қоңыр, қызыл қолданыста.

3-сурет. «Ахал» аталатын қолдан тоқылған классикалық түрікпен кілемі. 100 пайыз жүннен машинамен иірілген жіптен тоқылған. Бояудың төрт түсі ғана пайдаланылады: қара, сарғыш, күлгін, ақ.

4-сурет. «Хазара бафт» - Хазарлық тоқыма аталатын ауғандық кілем. Бұл кілемнің екінші атауы «Ағаш рең», яғни ағаш түстеріне жақын келеді, бояулары көмескі, бір түстен екінші түске астасып отырады, өрнегі ажырағысыз, тұтасып кетеді. Қолдан иірілген 100 пайыз таза жүннен тоқылған жіп қолданылады. Бұл кілемді бояулары бір-бірімен астасып жатқан 12 түс бар.

5-сурет. Иранның классикалық «Кашани» аталатын кілемі. 100 пайыз жүннен тұратын, бірақ машинамен иірілген жіпте тоқылған.

6-сурет. Қазақы классикалық түкті кілем, 100 пайыз қойдың жүнінен қолдан иірілген жіптен тоқылған. Табиғи бояулардың 11 түрі пайдаланылған. Қазақы кілемдер бояу түрлерінің көптігімен, оюлар, айшықтар, таңбалармен қоса аңдар мен жануарлардың (негізінен ат, бұғы, арқар, бүркіт т.б.) бейнеленуімен ерекшеленеді.

7-сурет. Қазақы классикалық тақыр кілем, 100 пайыз қойдың жүнінен қолдан иірілген жіптен тоқылған. Табиғи бояулардың 9 түрі пайдаланылған. Қазақы кілемдер бояу түрлерінің көптігімен, оюлар, айшықтар, таңбалардың және аңдар мен жануарлардың бейнелері жүйелене тоқылады.

8-сурет. Ежелгі 2500 жыл бұрынғы Пазырық кілемінде бұл классикалық үлгі анық көрсетілген:қазақы кілемдер бояу түрлерінің көптігімен, оюлар, айшықтар, таңбалардың және аңдар мен жануарлардың бейнелері жүйелене тоқылады.

Ескерту: машинамен иірілген жіптердің құрамында қойдың жүнімен қатар басқа қоспа жүндердің (ешкі, қоян, ит жіне басқа) де болатындығы құпия емес.

Қазақ карпет компаниясы түрлі нақыштағы кілемнің 3 түрін тоқумен айналысады: Қазақы түкті кілем, Қазақы тақыр кілем және Ағаш реңді Хазар кілемі.

Құрметпен: Насим Найман, «Nasim Nayman Qazaq Karpet» компаниясының негізін қалаушы.

Пікірлер