Атырауда сал ауруына шалдыққан қызды зорламақ болған ер адам сотталды

1462
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Атырауда церебралды сал ауруына шалдыққан 13 жастағы қызды зорламақ болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға 2022 жылдың 6 желтоқсанында болған. Бұған дейін жаспөспірімнің анасы қызын көлікте қалдырып, өзі дүкенге бірнеше минутқа кіріп кеткенін айтқан еді. Дүкеннен шыққанда көлігін таппай қалған. Патрульдік полиция басқармасының қызметкерлері ұрланған көлікті Атырау қаласындағы «Авангард» шағынауданынан тапқан. Көлікті 1988 жылғы ер адам ұрлап әкеткен.

Полицейлер көліктің жүк салғыш бөлігінен күдіктіні ұстады. Мамандар ер адамның үстінде киімі болмағанын мәлімдеді. Ал көлік салонында 13 жастағы жасөспірім болғаны анықталды.

2023 жылдың маусым айында Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ер адамға үкім шығарды. Ол зорлау әрекеті және автокөлікті айдап әкету бойынша кінәлі деп танылды.

Облыстық соттың баспасөз қызметі бұл істің жабық сот отырысында қаралғанын атап өтті. Сондықтан істің мән-жайы жария етілмеді.

«Сотталушының кінәсі кәмелетке толмаған жәбірленушінің және оның заңды өкілінің, куәгерлердің айғақтарымен, оқиға болған жерді тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен толық дәлелденді.
Айыпталушы өзі кінәсін мойындады. Сот үкімімен ер адам 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді»,—делінген хабарламада.

Пікірлер