СЕРІК ЗИЯТОВ: Қызылды-жасылды шараларды қойып, білім жүйесін жолға қоятын кез келді

1179
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілі сабағында айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым деген тілдік дағдылар бар. Бұларды оқушылар бастауыш сыныптардан бастап меңгеретін болса керек. Енді өз басым соның нәтижесін байқай алмай жүрмін. Өйткені 5-сыныпты айтпағанда, 9-сынып оқушыларының да тарих пәнінен мәтінмен жұмыста оқығанын түсіндіре алмайтын кездері жиі болады. Оқығанды түсінбегесін, жазбаша жұмыстан да қиналады.

Мұғалімдер қауымы кезінде диктант, мазмұндама мен шығарма жазуды алып тастаудың салдары жақсы болмайтынын айтты. Бұған сол кезде жоғарыдағылар құлақ аспап еді. Биылғы оқу жылынан бастап диктант, шығарма дегендерді қайтадан енгізіпті. Дегенмен соның өзіне де бір сабақты қимай, кіріктіріп қойған секілді.

Орта білім беру жүйесінде соңғы жылдары көптеген келеңсіздіктер болды. Оқулықты ресурс деп бір былықтырды. Өзім қазіргі бағытына қарап, оқулықтың олқылықтары түзеледі дегенге сенуден қалдым.

Оқулықта оқу мақсатына қатыссыз материалдар болмауы керек.

Бұрындары ата-аналар да, сабаққа келмеген оқушылар да ауызша сабақтарды өздері оқып, түсіне беруші еді. Енді сол мүмкін болмай кетті. Сондықтан да оқулықтағы материалдар мейлінше түсінікті болса деймін.

Тақырыптардың да, оқу мақсаттарының да келіспейтін жерлері баршылық. 6-сыныптың Қазақстан тарихында Алтын Орда жоқ та, Ақ Орда бар. 8-сыныпта Ақпан буржуазиялық революциясы мен соның Қазақстанға әсері және Қазақстан азаматтық қарсылық жылдарында деген тақырыптарда ХХ ғасырдың басындағы Қазақстандағы қоғамдық-саяси процестерге баға беру деген тым жалпылама оқу мақсаты алынған. 1920 жылды ХХ ғасырдың басы дегені-тағы келмейтін секілді.

2017 жылдан бастап, әдістемелік нұсқаулық хатта тарих пәнін оқытуда адам аттары мен даталарға екпін түсірмей, тарихи ойлауға, аналитикаға басымдық беру керектігі жазылды.Тарих оқулығына кім көрінген ене бермейді. Белгілі бір тарихи оқиғаның орын алған уақыты болады. Екі тарихи оқиғаны салыстырып, аналитика жасау үшін тұлғаларды да, датаны да білмек керек. Бір өкініштісі, екі жылдай бұрын, Қызылжар қаласында өткен тарих пәні мұғалімдерінің съезінде аталмыш тезисті экс-министр А.Аймағамбетов сөзбе-сөз қайталаған болатын.

2017 жылдың күзінде аудан орталығында НЗМ мұғалімдері семинар-кеңес өткізді. Бұған көршілес Қаратөбе ауданының мұғалімдері де қатысқан болатын. Сол кезде адам аты мен даталарға аса мән бермей оқытудың қосстандартқа ұрындырып, ҰБТ-да оқушыларға зиянын тигізетінін айтқанымда, облыстық білім басқармасынан келген әдіскеріміз Д.Шакаева сөзімді жоққа шығарған еді. Айналып келгенде, оқушылар ақылы курс жағалап кетті.

Бөлім бойынша жиынтық бағалау мен тоқсандық жиынтық бағалаудың да керемет пайдасы болып жатыр деп айта алмаймын. Бұл екеуін де оңтайландырмаса, нәтижесін беретін түрі жоқ. Баланың жас деңгейіне келмейтін, қастаншықпағыр бағдарламаны да жөндемей болмайды. Қысқасы, қызылды-жасылды шараларды қойып, орта білім беру жүйесін жолға қоятын кез әлдеқашан келді.

Серік Зиятов

 

 

 

Пікірлер