Тоқаев Жоғары сот кеңесінің төрағасын қабылдады

1102
Adyrna.kz Telegram

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары сот кеңесінің төрағасы Денис Шиппті қабылдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Денис Шипп Жоғары сот кеңесінің 2023 жылғы қызметінің қорытындысы, еліміздегі судьялар корпусының қазіргі жай-күйі, алдағы кезеңге арналған жоспары жөнінде баяндады. Айтуынша, Кеңес былтыр Мемлекет басшысы жүктеген бірқатар міндетті жүзеге асырды. Жоғары сот кеңесін институционалдық тұрғыда күшейту және судья болуға үміткерлерді дайындау, біліктілігін көтеру, олардың шекті жасын ұзарту, өкілеттіктерін уақытша тоқтату немесе мүлде тоқтату мәселелерін аталған органның құзыретіне беру жұмыстары атқарылған.

Сондай-ақ төраға кеңестің судьяларды іріктеу тәртібін жетілдіру, ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ету жұмыстары туралы мәлімет берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев судьялардың тәуелсіздігін күшейтуге және оларды сапалы түрде іріктеуге бағытталған реформаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Пікірлер