ҰҚК Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергеннің қайда екенін айтты

902
Adyrna.kz Telegram

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Дикий Арман» деген атпен танымал криминал жетекшісі Арман Жұмагелдиев пен Алматы қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергеннің қазір қайда екенін айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Комитеттің Tengrinews.kz сайтының сұрағына жолданған жауабында айтылғандай, Қ.Құдайбергеннің қайда отырғаны туралы ақпарат Ішкі істер министрлігінің құзырында.

«Арман Жұмагелдиевке қатысты, оның Алматы қаласындағы ҰҚК-нің тергеу изоляторында жалпы негізде, тиісті нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтай отырып, қамауда отырғанын хабарлаймыз. Оған қатысты істі Бас прокуратураның жетекшілігімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы тергеп жатыр», - делінген ҰҚК хабарламасында.

Комитет оларда басқа ақпарат жоқ екенін айтты.

Айта кетейік, екі азамат та 2022 жылдың басында Алматыда болған қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікке ілінген болатын.

Тергеу нәтижелерінде Құдайбергеннің Жұмагелдиевпен бірге Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінде адамдарды жинағанын анықтады. Тергеушілердің айтуынша, Құдайберген Жұмагелдиевтің төңірегіне топтасып, оны қолдауға және билікке ортақ талаптар қоюға шақырған.

Қайрат Құдайберген 2022 жылдың 22 сәуірінде ұсталып, сол күннен бастап қамауда отыр. Дикий Арман сол жылдың 7 қаңтарында ұсталды.

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікірлер