Қорғаныс-өнеркәсіп кешені - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты құрал

451
Adyrna.kz Telegram
Сурет: lrt.lt
Сурет: lrt.lt

Еліміздің шетін жау баспасын деп қорғанысты күшейту жазылмаған заңдылық. Қарулы күштердің басты міндеті де бейбітшілік пен тыныштық атты құндылықтарды қорғау.  Егемен елдің ақ таңының арайлы, тұрмысының жайлы болуын тікелей қатамасыз ететін әскери саланың әр басқан қадамы қарашаның қашанда қаперінде.  Сәйкесінше, ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп жүрген қарулы күштердің бар жағдайын жасау мемлекетке артылған жүк. Бұл туралы, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қорғаныс саласының әлеуетін нығайтуға әрдайым басты назар аудару  керек , деп жиі айтуда.

«Геосаяси тұрақсыздық, жаңа сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлер жағдайында біз ұлттық мүддемізді қорғауға, мемлекетіміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын сақтауға дайын болуымыз керек. Сондықтан қорғаныс әлеуетін нығайту әрдайым біздің маңызды басымдығымыз болады», деп қадап айтқан еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Расында, заманауи жабдықталған әскер мемлекеттігіміздің берік қорғаны.  Еліміздегі қорғаныс-өнеркәсіп кешені көштен қалмай өзіне тиесіліні өндіру үстінде.  Республикада ұрыс қаруларын шығаратын мемлекеттік және жеке меншік кәсіпорын бар. Олардың жалпы саны 50-ге жуық. Қару-жарақ, әскери техника бойынша жылына 200 млрд теңге өнім өндіріледі екен. Жауаптылар бұл межемен тоқтап қалмаймыз деп сендіруде. Таяу келешекте әскери техниканы жөндеу технологиясын мамандар толықтай игерсе, жоғарыда аталған көрсеткіштер бірнеше есеге ұлғаяды деп күтілуде.

Еліміздің Қорғаныс министрлігі қару-жарақ өндіретін отандық өнеркәсіп кешендерін жан-жақты қолдап келеді.  Өйткені, қорғаныс-өнеркәсіп кешені - ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басты құрал.  Өткен жылы Қазақстанда дәл осы кешенді дамытуға бағытталған арнайы Қор құрылған болатын. Қордың негізгі қызметі – отандық ғылыми-техникалық әзірлемелер мен қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жұмысын жаңғырту. Президент пәрменіне сәйкес, ендігіде Қор қорғаныс өнеркәсібінде маманданған отандық компаниялардың дамуына тікелей ықпал ететін болады.

Қазақстан Республикасының президенті «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында  импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет , деп әскери техника шығару саласын жандандыруды қажет ететінін меңзеді.

«Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандарда жетерлік. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек екен.

Президент Қазақстан халқына Жолдауында заманауи технология трансфертін жасау және жаңа өндірістер ашуды жолға қою керектігінде баса айтқан еді. Ол сондай-ақ, қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетіледі деп қорғаныс саласының сайып қырандарына демеу білдірген болатын.

Бүгінде мемлекет басшысы айтқан тапсырмалар тиісті джеңгейде орындалуда.  Мәселен, Тоқаев өз сөзінде айтқан ұшқышсыз басқарылатын ұшатын техникада алғашқы сынағынан өтті. Бұлда отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің жетістігі.

Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды дайындау туралы сұрауына елдің қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің құрамына кіретін бірнеше қазақстандық компания бірден жауап берген.  Қысқа уақыт аралығында отандық өндірушілер ұшқышсыз басқарылатын аппаратты жасап шығарған. Әлі де болса, бір қайшауы ішінде болғанымен бастама жаман емес, дейді мамандар.  Жалпы, еліміздегі барлық ұшу  техникасы заманауи бейнебақылау құралдарымен, датчиктермен, қашықтық өлшегіштермен және тепловизорлармен жабдықталған.  Ведомство өкілдерінің сөзіне сенсек, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды қару-жарақ құрамына қабылдау бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге, оларды кейіннен күтіп ұстау және жаңғырту мәселелерін тез арада шешуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі күні өзімізде өндірілетін әскери техниканың сан түрі бар.  Кемелерден бастап бронды көлік­терге дейін  қазақстандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенерінде шығарылады. Қорыта айтар болсақ, елі­мізде техно­ло­гияны дамытуға қор­ғаныс-өнеркәсіп ке­шендерінің  қос­қан үлесі орасан зор.

Пікірлер