Ұлттық құрылтай - ұлттық мүддені тиімді қорғаудағы тарихи перспективаның жаңғыруы - Нұрбек Пұсырманов

1123
Adyrna.kz Telegram
Ұлттық Құрылтайдың биылғы отырысы 2024 жылғы 15 наурызда Атырауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Маңызды оқиға туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлаған болатын.

Қазір Атырау облысында өтетін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қаңтар айында Ұлттық құрылтай жұмыс секцияларының отырысы бір уақытта өтіп, қоғамның бірлігіне, тәртіп пен заңдылықтың сақталуына, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған жаңа ұсыныстар талқыланды.

Биыл болатын Ұлттық құрылтайға қатысты Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырмановтан бірнеше жауап алған болатынбыз. Ұлттық құрылтайдың өтуіне бірінші рет батыс өңірі таңдалуына қатысты ол кең тұрғыда жауап берді.

- Нұрбек мырза, Ұлттық Құрылтайдың биылғы отырысының өтуіне Атырау қаласының таңдалуына не себеп?

- Бұл сауалға түрлі призмада жауап ұсынуға болады. Бірі тарихи негіздеме, екіншісі өңірлерді дамыту – орталықсыздандыру процесімен байланысты. Тарихи негіздемеге сәйкес Ұлттық Құрылтайдың Ұлытау-Түркістан-Атырауда (Сарайшық) өтуі бабалар жүріп өткен мемлекеттіліктің дәлелі болған өңірлерде тағы бір мәрте өткен, бүгін және келешектің көкжиегін пайымдауға мүмкіндік береді.

Ұлттық Құрылтай халыққа жақын құрылым, дала демократиясының нышаны. Оның көшпелі қағидатпен өткізілуі – ұлттық мүддені тиімді қорғаудағы тарихи перспективаның жаңғыруын білдірсе керек.

Алғашқы Құрылтай – Ұлытауда өтті, ол мекен – палеолит пен неолит дәуірлеріне жататын ескерткіштер табылған өңір ғана емес, тарихтағы мыс дәуірінің де кең қолданысқа енуімен өркениет гүлденуінің бастауы болған аймақ.

Еуразиялық кеңістікте Ұлытауға ұқсас атаулары бар тау шыңдары қазіргі Түркия (Кіші Азия түбегі, Батыс Анадолы) мен Солтүстік Кавказ аумағында кездеседі. Улудаг тауларын (Ulu Daglari) османдар Кешиш даг – Монахтар тауы деп атады. Антикалық аңыздарға сәйкес, Улудаг биіктігінен грек құдайлары Троялық соғыстың барысын бақылаған.

«Уллу тау тау» жотасы мен аттас тау шыңы Кабардино-Балкарияда орналасқан. Уллу тау шыңын «ана-тау» деп атайды. Атаулардың ұқсастығы Ұлытауды жадында сақтап, жаңа жерлерге жеткізген ерте оғыз түріктері мен қыпшақ түріктерінің екінші толқынының батысқа ілгерілегенін көрсетеді. Ұлытау жотасының киелі маңызын ғалымдар әр дәуірдегі көптеген археологиялық және тарихи ескерткіштердің болуымен түсіндіреді. Тау жотасы ежелгі уақытта игерілген.

Жошы хан мен түркі тілдес тайпалардың негізін қалаушылардың бірі Алаша хан кесенелерінің де осында орнығуы тамырлы тарихымыздың тұтқасы екендігін айқындайтындай.

Ұлытау – сонымен қатар ежелден жылқы өсіру мәдениетінің дәстүрі сақталған Сарыарқаның інжу-маржаны. 2018 жылы Дүниежүзілік мұра тізіміне енген «Қазақ жылқышыларының көктемгі мерекелік салт-дәстүрлері» (оның ішінде Бие Байлау, Айғыр Қосу, Қымызмұрындық ғұрыптары) материалдық емес мәдени мұра элементінің осы өңірден ұсынылуы кездейсоқ емес.

Түркістан – көпвекторлы тарихқа ие. Ол Түркі әлемінің рухани орталығы, ислам өркениетінің жанданған қасиетті мекені. Жаңа модернизация процесі Түркістанмен тығыз байланысты. Ұлы Жібек жолы бойында халықаралық сауда және экономика дамыды, су ресурстары өркендеді. Көшпелі және отырықшылықтың үйлесімділігін іске асырған астаналы шаһар бола алды.

Қазіргі Түркістан жаңа облыс ретінде тарихи-мәдени, әлеуметтік-экономикалық бағыты туризм кластерінің орталығы, инвестиция тартымдылығы мен арнайы экономикалық зона болуымен маңызды. Осылайша өткен тарих пен бүгінгінің келбетіне серпін беру – Ұлттық Құрылтайдың екінші отырысынан көрініс тапты.

Сарайшық – Алтын Орданың рухани, саяси-экономикалық орталығының бірі. Ұлық Ұлыс гүлденіп, мемлекет өркендеуінің куәсі. Жошы ұлысы, одан тараған Алтын Орда хандарының (Берке хан, Тоқты хан, Жәнібек хан, Бердібек хан, т.б.) ел билеген ұлысы. Бірер тарихшылар пікірлерінше, «Сарай­шық керуен жолдарынан алым-салық жинайтын әкімшілік орталық болған» деседі. Сарайшық Ұлық ұлыс тұсында әлемге танымал экономикалық хаб. Оған Ибн Батута (1333-1334 жж.), Джованни Мариньолли (1338-1353 жж.), Франциско мен Доминико Пициганилер (1367 ж.) келуі дәлел.

Сарайшық бүгінде аспан астындағы ашық мұрамыз, осыны жан-жақты дәріптеу міндетіміз.

Екінші негіздеме өңірлерді дамыту – орталықсыздандыру процесі аясында түрлі аймақта өтуі - өңірдің өзіне серпін беруге ұмтылыс. Әр өңір өз деңгейінде ол – орталық. Елде экономика мәселесі – үкімет отырысында, ұлттық сана-сезімді жаңғыртатын және халықты толғандыратын мәселелер – Ұлттық Құрылтайда көрініс табады. Бұл орайда, билік пен халықты жақындастыруда көп жұмыстар атқарылуда. Әкімдер сайлауы, жергілікті өзін-өзі басқару, басқалары бар. Ең бастысы мемлекеттік органдар, оның ішінде жерігілкті атқарушы органдар қоғамдық диалогтың модераторы рөлін атқара бастады. Туындаған барлық пікірталасқа бастамашылық жасауды үйренуде. Саяси коммуникация өзгеруде. Осының нәтижесінде жаңа қоғамдық әдеп қалыптасатыны сөзсіз. Осыған Құрылтайдің өзі ашық және тиімді диалог ретінде үлгі болып отыр.

- Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында Сарайшықтың рөлі қандай?

- Биыл Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл. Қазақ хандығы кешегі Алтын Орданың тікелей мирасқоры. Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» еңбегінде Бұрындық ханның Сарайшықта билігі айтылады. Кейін келе Қасым ханның саясаты Сарайшықта жалғасып, халық саны 1 млн.-ға артқан. Қасымұлы Хақназар хан Қазақ хандығының Сарайшықтағы билігі жалғастырды. Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуында және елдің ұлттық бірегейлігін нығайтуда маңызды орын алды. Сонымен бірге аңыздарда хандық билеушілері жерленген пантеон болған деген де мәлімет ұшырасады.

Құрылтайларды ел аумағында, алдымен еліміздің дәл орталығында, одан кейін оңтүстікте, енді батыста өткізу стратегиясының өзі бірқатар семиотикалық маңызды аспектілерді айқындайды. Біріншіден, Тұңғыш Құрылтайдың республиканың қақ ортасында Ұлытауда өтуі мемлекеттілігіміз бен салт-дәстүріміздің тарихының сабақтастығын көрсетеді. Екіншіден, Қазақ хандығының астаналарының бірі Түркістанда Құрылтайды өткізу орнының таңдалуы мемлекетіміздің тарихындағы маңызды кезеңмен қатар мәдени сабақтастықты тануға және мәдениетті, руханилықты дамытуға бағытталған құндылық құрамдас бөлігінің басымдылығын білдіреді.

Үшінші Құрылтайға Атыраудың таңдалуы мемлекеттілігіміздің тарихымен дәл осындай байланысты көрсетеді, өйткені саяси-тарихи мұрамыздың бірегей нысандарының бірі облыс аумағында – ежелгі Сарайшық қалашығы орналасқан. Жалпы, біз Құрылтайлардың орналасқан жерін анықтауда нақты таңдалған үрдісті байқаймыз, яғни таңдалған жерлердің барлығы бір жағынан мемлекеттілік тарихымен тығыз байланысты, екінші жағынан – әр өңірдің маңызы оның тарихымен де, мұрасымен де айқындалады.

- Ұлттық құрылтай бойынша қандай жоспарлар алдыға қойылған?

Ұлттық құрылтай жұмысы біздің ортақ құндылықтарымызды нығайту және ілгерілету бойынша ұсыныстар әзірлейді. Ол диалог алаңы ретінде түрлі пікір алуандығын тоғыстырады. Түрлі сала өкілдері, азаматтық қоғам институттары құрылтайдың секциялық отырысында әлеуметтік-гуманитарлық бағытта пікір алмаса алады. Қазіргі күні «Quryltai» мобильді қосымшасы іске қосылған, және де «Хабар» телеарнасында «Ұлттық құрылтай» арнайы бағдарламасы шығарылады, Алдағы құрылтайға сәттілік тілеп, президент реформаларының үйлесімділігіне (саясат, экономика, идеология) сәйкес елдің тарихи жадын жаңғырту жолдарын кеңейтеді деп үміттенеміз.

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

 

 

Пікірлер