Ұлыстың ұлы күні - мың жылдықтың тұнығы

635
Adyrna.kz Telegram

Миллиондаған ұсақ та суық тамшы төбеден төгіліп тұр. Кәдімгі ақ жауын. Мұның өзін қазақ өз дарқандығына икемдеп «Нұр ғой, Алланың нұры жауған. Биыл берекелі жыл болады екен» деп жориды. Алаңда бір бірін жаңа көргендей арсалаңдай келіп амандасып, қауқылдасып сырласып, әз Наурызға құт-береке тілескен жұртқа жымия қарап тұрып, «осы Алаштың аймаңдай арманы мен мұрадым-мұратын зәу жүзінен әр тамшысына қондыра алып келген жауын болса екен» деп тебіреніп кеттік. «Нұр ғой» дедік қайталай күбірлеп.

Иә, шынымен де Ұлыстың ұлы күні нұр жауды. Сіркіреп, ұйытқып, бірде майдақоңыр күйде себезгіледі. Ауа райы мүлдем қолайсыз. Алайда күн мен түн теңелген, Жер-ана жасанған ғажайып мерекеге келген жетісулық жұртшылық түркі жұртының Жаңа жылын жарасымды көңілмен қарсы алды. Бір-біріне құтты болсын айтысып, Қонаев, Қ. Жалаири көшелерінің бойына, Жастар спорт сарайы маңына тігілген ақшаңқан үйлерден дәм татысты.

Талдықорған төрінде айрықша салтанатпен аталып өткен әз Наурыздың шеруін облыс әкімі Бейбіт Исабаев бастап жүрді. Аймақ басшысымен қатар облыстық мәслихат депутаттары, Жетісу жеріне мейман болып келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов, зиялы қауым өкілдері төл мейрамның төркінін байыта түскендей болды.

Осынау ұлық күні облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы арнайы тікілген ақшаңқан үйлерді аралап, қазақтың жоралғыларына, мыңжылдықтан тамыр тартқан той-салтанат рәсімдеріне көзайым болды. Мәселен, тұсау кесу, сырға салу секілді жоралғылар жасалса, облыс басшысы мен Сұлтан Мырзабекұлы жетісулық жас баланың қаз-қаз басқан қадамына құтты болсын айтысып, ел сыйлаған тұғырлы азамат ретінде бүлдіршінің тұсауын кесті. Осы секілді қазақ танымына сіңген, құндылығы болып жалғасқан жоралғылар, рәсімдер атқарылып, әрбір үйде ақ сапырылып, саба пісіліп, наурыз көже ішілді. Қонаев көшесінен бастау алған шараның әрбір нүктесінде облыстық Дәнеш Рақышаев атындағы филармониясы, Бикен Римова атындағы драма театры, Талдықорған әуендері ансамблінің өнерпаздары мен Оқушылар сарайының тәрбиленушірелі өнер көрсетіп, ән әуелетіп, күй күбірлетті. Мың бұрала би биледі.

Ұлыстың ұлы күнінде алтыбақан тебіліп, ән әуелеп жатқанда «Жастар» спорт сарайы маңында «Бауырсақ пати», Наурыз көже пати» ұйымдастырылды. Онда әуезді әнге елтіген, мерекеге шынайы сүйсінген жетісулықтар ақтан дәм татысты. Өз кезегінде қазақша күрестен «Taldyqorgan barysy» өтіп, ақтық сында Руслан Әбдіразақ пен Жансерік Жұмабаев палуандарымыз белдесті. Қошқар көтеру, гір көтеру, арқан тартыс, тоғыз құмалақ секілді ұлттық ойындар да нақышталды. Ал 91 метрлік ту тұғырымыздың ауласында этно мәдени орталықтарының көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

Мерекелік шара «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында жалғасын тапты. Алғашқы болып сөз алған облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ:

– Күн мен түн теңелетін, Шығыс халықтарында жыл басы саналатын Ұлыс күнін халқымыз жарықтың қараңғыны, жылының суықты, ақтың қараны жеңер жақсылықтың басы деп ұғынған. Соған сай мерекеде игі істерді молынан атқарып, бір-біріне дәм ұсынып, бата беріп, тілектестік білдірген. Сондықтан мұны татулық пен тұрақтылықтың, береке мен бейбітшіліктің мерекесі, адамгершілік пен жарастықтың айы деп білеміз.

Наурыздың ғасырлар қойнауынан бастау алған бағзы тарихы мен терең тағылымы біздің бүгінгі қоғам үшін үлкен мәнге ие.

Тәуелсіздік жылдарында қайта жаңғырған наурызды кейінгі жылдары халықты біріктіретін, қоғамды ұйыстыратын ортақ құндылық ретінде орнықтыруға баса назар аударылуда. Соған сәйкес елімізде Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы бекітіліп, биылдан бастап Наурызнама он күн тойланатын болды. Сөйтіп мейрамның ауқымы кеңейіп, мәні тереңдей түсті. Әр күнге жеке атау беріліп, оның мазмұнына сай облыста түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды, – дей келе Көрісу күнінде жарқын болашаққа нық қадам бассын деген ниетпен бір күнде 50 сәбидің тұсауын кескен жетісулықтардың игі Қазақстанның рекордтар кітабына енгізілгенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар ірі меценаттар облыстың әр түкпірінде жыл бойы тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау, спорт және тағы басқа маңызды салаларда жеке инвестиция салып, халыққа қызмет ететін маңызды нысандар тұрғызғанын айта келе, облыс әкімі: «Биыл да бірқатар айтулы жобалар жалғаспақ. Құны он миллиард тұратын онкологиялық орталық салу жөнінде «Қазақмыс» корпорациясымен келістік. Бұйыртса бұл Жетісудағы ең ірі меценаттық жоба болмақ», – деп атап өтті.

Оған қоса Ұлттық құрылтайдың ІІІ жиынында Мемлекет басшысы: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Шын мәнінде, жеке мүддесін емес, ел мүддесін бәрінен биік қоятын азаматтар ұрпаққа үлгі болуы қажет», дегенін, бұл сөз Қазақстан мемлекеттілігінің жаңа идеологиялық ұстанымын айқындайтын ұлы Абайдың «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» деген даналығымен терең үндесетінін де атаусыз қалдырмады. Атқарылар істерді, бағындырылған межені тілге тиек ете отырып Ұлыстың ұлы күнін айрықша атаған ол көпшілікті ғажайып мейраммен құттықтады.

Облыс басшысының құттықтау сөзінен кейін ел, туған жер туралы асқақ әндер шырқалып, өнердің сан түрі сахнаны шырайын келтірді. «Айгөлек», «Ачимноуль», «Туған тел», «Контраст», «Айналайын», «Юные таланты», «Алтын дән», «Солнышко», «Темп», «Улыбка» ансамбльдері мен Б. Римова атындағы драма театрының әртістері және «Талдықорған әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары қатысқан мерекелі шарада, сондай-ақ облыстық Д. Рақышев атындағы филармония әртістері, «Талдықорған әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің және Қазақстан эстрада жұлдыздары Наурызнама нақышын қанық ете түсті. Әсем ән, күмбір күй көкіректі кернеді. Наурыз құтын, жауын нұрын құйсын дедік тағы да.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото: Жеңіс Ысқабай

Пікірлер