"Бишімбаев қолына пышақ ұстап жүрді". Экс-министрге қатысты сот отырысы қалай өтті?

483
Adyrna.kz Telegram

29 наурыз күні бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысы өтті, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.

Марқұм Салтанат Нүкенованың адвокаты Жанна Оразбақова әлеуметтік желіде сот отырысы туралы жазды. Ол сот барысында өзінің қорғауындағы жәбірленуші Нүкеновтардың сұрақтары негізсіз алып тасталғанын айтады.

"Өте ұзақ күн болды… Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты іс бойынша сот күні бойына, аз ғана уақыт түскі үзіліспен сағат 10.00-ден 18.30-ға дейін созылды. Сот іске тікелей қатысы бар сұрақтарымызды негізсіз алып тастады. Бірақ біздің клиентімізден жауап алу кезінде біз алып тастауды сұраған орынсыз сұрақтар алып тасталмады, - деп жазды ол Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді туралы айтып.

Адвокаттың сөзінше сот бойы жауап алынғандар теріс қарап тұрған.

"Біз бүкіл процесс бойы жауап алынған адамдардың арқасын көріп отырдық. Оларға дұрыстап қарап, сұрақтар қоюға мүмкіндігіміз болмады. Алқабилер де олардың эмоциясын көре алмады, өйткені олар алқабилерге де теріс қарап тұрды. Процестің басында біз дұрыстап жауап алу және жұмыс істеу үшін трибунаны жылжытуды сұрадық, бірақ аяқталғанша солай отырдық", - дейді ол.

Сот отырысында қылмыс болған BAU мейрамханасында бармен болып жұмыс істейтін куәгерден де жауап алынған.

"Сағат 19.00 шамасында Байжанов телефоныма хабарласып, BAU мейрамханасына көтерілуімді сұрады. Не үшін екенін білмеймін. "Тез көтеріл" деді. Мен бірден сол жаққа бардым. Лифтке кірсем, жедел жәрдем болды. Қуандық Уәлиханұлы қолына пышақ ұстап жүрді. Ол дәретхана жаққа пышақпен кіріп кетті. Біз қатты қорқып кеттік, артынан ердік. Одан пышақты алып, полиция келгенше күттік. 15-20 минутта полиция келді", - деді бармен.

Еске сала кетейік, экс-министр Қуандық Бишімбаев сотта әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамаған болатын.

Пікірлер