«Қуандықпен бірге намаз оқимын». Бишімбаевтың Салтанатқа жазғызған қолхаты оқылды

1384
Adyrna.kz Telegram

Әйелін қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың кезекті соты бүгін, 8 сәуірде одан әрі жалғасты. Сот барысында Бишімбаевтың адвокаттары Салтанат Нүкенованың күйеуіне уәде берген қолхатын оқып, оны іске дәлел ретінде қоспақ болды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Сот барысында адвокаттар Бишімбаевтың қойын дәптерінде марқұм Салтанаттың тірі кезінде жазған қолхаты барын мәлімдеді.

“Мен, Салтанат Нүкенова, енді Қуандыққа сенуге, оны қызғанбауға, өз-өзіммен жұмыс істеп, күйеуімді сыйлауға, психологқа тұрақты түрде баруға, сүйікті, салиқалы жар болуға, Қуандыққа мойынсұнуға, боқтық сөздерді айтпауға, ашуланбауға, түсіністікпен қарап, тыныштықты сақтауға уәде беремін. Менің күдіктерім ақталған жоқ және шындықты білуге мүмкін бергеніне, маған маңызды нәрсені ұсынғанына рахмет. Мен күйеуімді де, өзімді де қинамаймын, махаббатымызға құрметпен, сақтықпен қарап, жұбайыммен бірге намаз оқимын, саналы болуға ұмтылып, үйдің берекесін сақтаймын. Осындай күйеуді берген Аллаға сансыз шүкір”, – делінген адвокат оқыған қолхатта.

Айтуларынша, осы кезде Салтанат қызғанып, хат-хабарларды қағазға шығарып әкелуді сұраған. Бишімбаев соны ұсынғаннан соң ол осындай қолхат жазған. Осы блокноттағы хат арқылы адвокаттар “Қинау” бабын жоққа шығармақ болды. 

Алайда судья мұны дәлел ретінде қолдану жөнінде арызды қабылдамады.

Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған болатын. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов – қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.

Пікірлер