Апат айтып келмейді

794
Adyrna.kz Telegram

Кейінгі уақытта орын алып жатқан табиғаттың тосын жағдайлары халықты біраз әбігерге салды. Жылдың жыр болған мәселесі, су тасқынына төтеншеліктердің қандай деңгейде дайын екенін аңғардық. «Жыл сайынғы қайталанатын су тасқынына неліктен дайын болмадық?» деген сұрақ әр адамның көкейін тілгілеп барады. Бұл мәселелердің негізгі бір себебіне осы саладағы арнайы кадрлар тапшылығын жатқызуға болады. 

Төтенше жағдайлардың орын алуы

Биылғы қардың көп тұрақтауы, нөсер жауынның жиілеуі, өзен суының арнасынан тасып, онымен қоса Ақтөбе облысындағы бөгеттің жарылуы – жығылғанға жұдырық болғандай, елдегі бұрын соңды болмаған ірі апаттардың біріне әкеп соқтырды. Жер сілкінісінен үрейі ұшқан қара халық бұл жағдайдан есеңгіреп қалғандай… Елдің он облысында төтенше жағдай жарияланып, тасқынның алдын алу және жою мақсатында, асарлатып күш жұмылдырылды. Ел басына қиын қыстау күн туғанда, өзге мемлекеттерде қарап қалған жоқ. Көршілес Қырғыстан, бауырлас Түркия мен Еуропа Одағы көмек қолын созды.

Бұл ел экономикасына да бірталай шығын болатыны сөзсіз. Су басып қалған елді мекендердегі зардап шеккен жұрт, жарамсыз болып қалған тұрғын үйлер, егістіктер, жануарлардың қырылуы су тасқынының жойқын, әрі ауыр көрінісі!

Қатер төніп, қиын шақты бастан кешіріп жатқан қазақ еліне мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдіріп, арнайы үндеу жолдаған болатын:

«Су тасқынымен күресуге Төтенше жағдайлар министрлігінің барлық ресурсы тартылды. Сондай-ақ құтқару жұмыстарына Ішкі істер министрлігі, Ұлттық ұлан, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мамандары белсене атсалысып жатыр. Зардап шеккен аймақтардың әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде. Ондаған мың волонтер де көмектесіп жүр. Жағдай өте күрделі болса да, біз қиындықты міндетті түрде еңсереміз, барлығын қалпына келтіреміз. Ең бастысы – азаматтардың амандығы.

Тасқын судан зардап шеккен азаматтарға айтарым, мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайды. Баршаңызға қаржылық және басқа да көмек беріледі. Материалдық шығындар толық өтеледі.»

Бертінгі уақытта табиғи және техногендік апаттардың көбеюі Қазақстан халқына барлық жағынан кері әсерін тигізуде. Найзағай салдарынан болды деп болжанған Абай облысындағы өртте 60 мың гектар аумақтық шығын, мал қырғыны және 15 отбасының қара жамылуымен аяқталды.

2023 жылы 28 қазанда Қарағанды облысының Костенко шахтасында лавада газ-мета жарылып, орын алған апаттан 252 адамның 208-і құтқарылып, 46 адам опат болды.

Осы жылдың кейінгі айларында болған жер сілкінісінің зардаптары да айналып өтпеді. Мұның бәрі төтенше жағдайдағы органдар жұмысының әлі де ақсап тұрғанын көрсетеді. Білікті мамандардың аз болуы өз кесірін тигізбей қоймады. Дегенмен осындай тосын оқиғаларда көмек қолын созуға әрқашан әзір тұратын ол – төтенше жағдай қызметкерлері.

 

 

Бүгінгінің батырлары

 

Жалпы айтқанда, төтенше жағдай қызметі үлкен жауапкершілігі бар сала. Кез келген тосыннан болған жағдайдың алдын алып, оның зардаптарын жоюға орасан зор күш жұмсайды. Осынау қиын кезеңдерде халықтың тыныштығын, өндірістегі және өмірдегі қауіпсіздігін күзетіп, апатты жағдаймен күресіп жүрген құтқарушылар – бүгінгі күннің нағыз қаһармандары.

1995 жылы құрылған бұл сала күні бүгінге дейін халық жанында қалтқысыз қызмет көрсетуде. Өз өмірін қатерге тігіп, өзгелерді құтқару үшін аянбай тер төгіп жүр. Кейбір мәліметтерге сүйенсек, құрылған уақыттан бастап бұл арнайы қызметтегі мамандар 1,5 миллион адамның өмірін ажалдан арашалаған. Жедел құтқару жасағы ел ішінде ғана емес, шет аумақтарда да адам өмірін құтқаруға атсалысып жүр. Атап айтар болсақ, өткен жылы Түркия мен Ауғанстандағы орын алған табиғи апат зілзаланың зардабымен күресіп, біраз тер төкті.

Қысылтаяң кезде елдің төтенше жағдай жарияланған аймақтарына басқа өңірлерден де жұмыла жиналып, құтқару қызметтері мені ерікті жандар қолдан келгенше көмегін аямай келеді. Қиындықта қол бергеннен асқан берік достық жоқ. Бірігіп жүріп бұл сынақты да еңсереміз.  Ел күші – бірлікте!

  

Айгүл Мұратқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер