Ғылым адамзат игілігіне айналу үшін…

1446
Adyrna.kz Telegram

«Ғылым мықты болса мемлекет те қуатты болады»

Республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың

 Ғылым және технологиялар жөніндегі

 ұлттық кеңес отырысында сөйлеген сөзінен

     Ғылым шын мәнінде, адамзат игілігіне  айналып, уақыт аясында мемлекет халқына тікелей қызмет етуі үшін мемлекет басшысының инициативасымен өткен осынау бас қосу - дер кезінде және орынды жүзеге асқан әрі маңызды, әрі өзекті құбылыс.  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Токаевтың  Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес отырысында ортаға салған жоспарлары - дәл бүгінгі таңдағы кезек күттірмейтін шешімін табуы тиіс мәселелер. Соның бірі – жыл басынан бері халқының санасын үрей билеген  аяулы да киелі ғылым мен білімнің, мәдениет пен әдебиеттің ізгі мекені, ұлт зиялыларының ұясы Алматы аумағына арнайы сейсмологиялық зерттеудің жүргізілетіндігі, сондай-ақ, , сейсмологияны және сейсмикалық  режимді бақылау құралдарын дамыту бойынша пайдалоы ұсыныстар әзірленетіндігі.   Осы орайда, президенттің  «Төтенше жағдайдың алдын алу ісінде айтарлықтай олқылықтар бар: ең алдымен, білікті мамандардың тапшылығы, тиісті ғылыми қорытындының  сапалы жасалмайтындығы. Сондықтан, бұл салада жұмыс тәсілін түбегейлі өзгерту керек» деген  шешімі күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселе екені даусыз. Сонымен қатар, «еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен әлемдік университет филиалдарын  республика экономикасының қажетті салалары үшін ғалымдар мен білікті мамандар даярлау ісіне жұмылдыру қажет. Тараздағы гидромелиоративтік-құрылыс институтын қайта қалпына келтіру жөнінде шешім қабылдадық» деген айқын байламы нақты қадамдарға жол ашатыны сөзсіз. «Ғылым дерексіз, яғни абстрактілі емес, нақты қолданбалы, күнделікті өмірде пайдасы мол сала болуға тиіс. Апатты ғылыми тұрғыдан болжау, оның ықтималдығы мен әсерінің ауқымын дер кезінде бағалау өте маңызды. Су тасқыны, орман өрті және Алматыдағы жер сілкінісі осыны айқын аңғартты» деп ғылым мен өмір іс жүзінде ұштасқанда ғана ұтымды тәсілдермен тірліктің алға басатынын астын сызып айтты. Бұған дейін ғылым тек ғана ғылыммен айналысатын қызметкерлердің аясында ғана насихатталып, бағаланып келгені жасырын емес. Дәл осы бас қосуда мемлекет басшысы: «Ғылымға қызығушылықты мектептен бастап оятқан жөн. Тұтас қоғам болып ғылым-білімді дәріптеуіміз керек. Ғылым өркендесе, экономика да өркендейді. Яғни, халықтың әл-ауқаты артады. Түптеп келгенде, ғылым азаматтардың тұрмысын сапалы, болашағын жарқын етуге тиіс» деп  атап көрсетті.  Қазіргі таңда  Парламентте «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заң жобасы талқылануда екенін тілге тиек етіп,  бұл заң ғылым дамуына ерекше серпін беретініне зор сенім білдірді. Ендігі жерде, сол жоспарлардың уақтылы және нақты жүзеге асуы өз жемісін беруі тиіс. Өйткені, кәдімгі күнделікті өмірде орын алған проблемалардың шешімін тауып,  өмір ырғағын ретке келтіруге қызмет ететін ғылым әлбетте, адамзат игілігіне айналмақ.    

Әбдіжәділқызы Жидегүл

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті

 

 

Пікірлер