Әкім сын сағатта халықпен бірге болды

652
Adyrna.kz Telegram
Соңғы уақытта су тасқыны мәселесі аудан жұртшылығын алаңдатып, қоғамдық резонанс туғызды. Еріген қар суы мен жоғарыдан келген қызыл судың әбігерге салғаны бар.
Бүгін өзімнің жеке парақшам арқылы су тасқынының алдын алу шаралары кезіндегі жергілікті атқарушы орган өкілдерінің әрекетін, көзбен көріп, құлақ естіген дүниені баяндауды жөн көрдім.
Биылғы жылдың көктемі тек аудан жұртшылығын ғана емес, еліміздің бірақатар өңіріне қауіп төндірді. Казталов ауданы да су тасқынының зардабын шегуі мүмкін еді. «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан облыстық филиалынан Ресей Федерациясының су қоймаларынан көп мөлшерде су жіберіліп жатырғандығы жөнінде хабар алдық. Сол сәттен бастап аудан әкімі аппаратының ұжымы тәуліктік жұмыс режиміне көшіп, судың қарқынына сағат сайын бақылау жүргізіліп отырды.
Аудан әкімі Асланбек Сарқұловты алаңдатқан басты мәселе — халықтың амандығы. Өзі бастап, орынбасарлары мен бөлім, мекеме басшылары су басу қаупі бар ауылдарда су тасқынының алдын алу шараларын жүргізді. Облыс басшылығымен келісе отырып, ауданымызға техникалар алдырды. Ауданымыздағы мердігерлермен және жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық жетекшілерімен де сөйлесіп, су тасқынының алдын алу шараларына қолдау көрсетуге шақырды. Тілсіз жаумен күреске тек басшылар ғана емес мекеме қызметкерлері де жұмылдырылып, еріктілер және ауыл тұрғындары тартылды.
Аудан әкімі төтенше жағдайдың алдын алу жөніндегі штаб мүшелерімен, орынбасарларымен бірге ауданымыздың барлық ауылдық округтері мен елді мекендерінде болып,су тасқынының алдын алу шараларын, лимандар мен көлдерге су шығару жұмыстарын бақылады. 31 наурыз күні ауданымызға облыстық төтенше жағдайлар бөлімінің қолдауымен ТРЭКОЛ маркалы жол талғамайтын техникасы келді. Сол күні Казталов ауданының су тасқынына қарсы штабының мүшелері «Варфоломеевка», «Казталов 1» су қоймасы, «Медетсай» бөгеті, «Ақсирақ» қақпасының ахуалымен танысып, бақылауға алды. Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов бастаған штаб мүшелері және БҚО Қоғамдық кеңесінің төрағасы Ербол Салықов, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы м.а. Рүстем Зұлқашев, «Қазсушар» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары Төлеген Ғұмаров аталған нысандардағы судың келуін және айдау процесін назарға алды. Судың келуі және өтуі қарқынды. Штаб мүшелері және облыстан келген мамандар су тасқынының алдын алу мақсатында бірқатар шешімдер қабылдады. Соның бірі Қошанкөл ауылдық округінің лимандары мен көлдеріне су айдау арқылы Казталов ауылына келетін су қарқынын азайту.
1 сәуір күні аудан әкімі су басу қаупі бар, Қараөзен бойында орналасқан Сатыбалды (Көктерек ауылдық округі), Бостандық (Қарасу ауылдық округі), Жас (Қараөзен ауылдық округі) елді мекендерінде болып, өзен суының келу қарқынын, ағымдағы ахуалды бақылап, елді мекендер тұрғындарымен кездесіп, су тасқынының алдын алу мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар аудан әкімі Асланбек Сарқұлов №2 Казталов аудандық ауруханасында болып, су тасқынының алдын алу кезінде жарақат алған құтқарушы №17 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі Батырбек Қапсиықовпен кездесті. Аудан басшысы құтқарушыға ел басына күн туған кездегі еңбегі үшін ризашылығын білдірді.
Өздеріңізге белгілі «Лекер» су қоймасындағы таза ауыз су көктемгі қар суымен араласып, аудан орталығындағы ауыз су мәселесіне қиындық туғызды. Дегенмен ауыз су мәселесі бойынша шара қабылданып, тасымал арқылы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Осы күні аудан әкімі Асланбек Сарқұлов «Лекер» су қоймасына барып, сала мамандарымен бірге жағдайды бақылады. Станция аумағында әлі де көп мөлшерде қар суы болғандықтан атпен қатынау ғана мүмкін болды. Аталған су станциясының мәселесі күн тәртібіне қойылып, алдағы уақытта тиісті шаралар қабылданды. Аудан әкімінің бастамасымен «Лекер» су қоймасының ұңғымаларын тазарту жұмыстары жүргізілді.
Айналасы суға толған су қоймасына жету үшін БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің ТРЭКОЛ машинасы, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының арнайы техникалары жұмылдырылып, аудандық мәслихат депутаттары мен аудандық мекеме қызметкерлері топырақ салынған қапшықтарды тиеп, тасымалдауға септігін тигізді. Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жұмысшыларға құрметпен қарап, өзі де білек сыбана кірісіп бірге жұмыс істеді.
Осы күні кешке аудан орталығында жамағатқа ауызашар берілді. Ауызашарға қатысқан аудан әкімі жамағатты Рамазан айымен құттықтап, су тасқынының алдын алудағы белсенділіктері үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ «елде орын алған жағдайға байланысты аудан әкімдігіне алуға жоспарланған Hyundai Tucson маркалы қос автокөлік алынбайды және бұл қаражат елді мекендерді судан қорғау шаралары сынды өзекті мәселелерді шешуге жұмсалатын болады» деген мәлімдеме жасады.
Жалпы су тасқыны қаупі төнген мезгілде аудан әкімі Казталов, Жалпақтал, Бостандық, Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл, Жаңажол, Қараөзен, Бірік, Көктерек, Қарасу, Ақпәтер, Қайыңды, Болашақ, Талдықұдық, Талдыапан ауылдық округтерінің орталығы мен елді мекендерінде болды. Су басу қаупі болған Сатыбалдыға округ әкімі Бақытжан Сатқанұлы, Бостандық (Қарасу а.о.) елді мекеніне «Айбын» спорт клубының директоры Асхат Талғатұлы жауапты болып, қауіп сейілгенше елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп, басшылықты ағымдағы ахуалмен сағат сайын хабардар етіп отырды.
Тілсіз жаумен күреске 19 техника облыстан келді, ауданнан 27 техника, 1500 адам, 5 қайық, 1 тіркемелі мотопомпа және 2 мотопомпа жұмылдырылды. Аудан бойынша 26050 қапшық қапталды.
Су тасқынының алдын алу жұмыстары кезінде аудан әкімі мен орынбасарлары, мекеме басшылары мен мекеме қызметкерлері үйде емес, түзде болды. Кабинетте емес, халықпен бірге болды. Ауыр кезеңде мамандармен және ауданымыздың аға буын өкілдерімен маңызды шешімдер қабылдап, бірінші қара бастың қамын емес, халықтың амандығын қойды. Тек аудан орталығы ғана емес, ауданымыздың барлық ауылдары мен елді мекендерінде болып, ТРЭКОЛ техникасы арқылы 2100 шақырымды жүріп өтіп, жағдайды өз көзімен бақылады. Таң ағарып атқан сәтте жолға шығып, түн ортасы ауған шақта қайта оралдық. Далада батып, судың ортасында қалған да сәттер болды. БҚО ТЖД жедел құтқару жасағының бас құтқарушылары Шынболат Жаманқұлов, Әділхан Жұмағалиев және БҚО ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі (Орал қаласы) РММ №21 ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушы азаматтық қорғау кіші сержанты Азат Алимов сынды азаматтардың көмегімен діттеген мақсатымызға жеттік.
Су тасқынының алдын алып, қауіпті сейілтуде мемлекеттік қызметкерлердің үлесі зор!

Пікірлер