ӘУЛИЕАТАДА АУЫЛ ӘЙЕЛДЕРІНІҢ ФОРУЫМЫ ӨТТІ

2860
Adyrna.kz Telegram

Жамбыл облысындағы 19 мыңға жуық шаруа қожалықтың төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев ауыл әйелдері форумында мәлімдеді.

Форум  әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ұлттық комиссияның қолдауымен өтті. Мұратхан Жүнісәліұлының айтуынша, облыста әйелдерге зор қолдау жасалып жатыр.

– Мәселен, аудандық мәслихат депутаттарының 29-ы – әйел, 20415-і – ұстаз, 785-і – дәрігер, 1000 мыңға жуығы – мемлекеттік қызметкерлер. Сондай-ақ, облыстағы 19 мыңға жуық шаруа қожалықтың төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Ағымдағы жылы 393 әйел «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіп ашудың қыр-сырын оқып-үйренсе, мемлекеттік бағдарлама бойынша 111 әйел шағын несие, 46 әйел қайтарымсыз грант алды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан нәзік жандылардың саны 9725-і құрады. Бүгінде қай салада болмасын нәзік жандылардың алатын орны ерекше – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жиында Мәжіліс депутаты Майра Айсина сөз алып, өз ойын ортаға салды. Депутаттың айтуынша, әйелдер еліміздің дамуы үшін барлық салада белсенді еңбек етіп жатыр.

– Еліміздегі азаматтардың 51 пайызы, ал «Нұр Отан» партиясының 56 пайызы әйелдер болып саналады. Бүгінде қай саланы алмасаңызда онда әйелдер қауымы белсенді еңбек етуде. Осыдан 15 жыл бұрын Парламент Мәжілісінде 8 әйел болса, қазіргі таңда 29 әйел өнімді еңбек етуде. Бұл Парламент мүшелерінің 28 пайызын құрайды. Бір қызығы дамыған мемлекеттердің өзінде әйелдердің үлесі салмағы 13-ақ пайыз. Сондай-ақ білім мен денсаулық сақтау саласында еңбек ететін азаматтардың 90 пайызы әйелдер болып отыр. Экономкаға келсек, еліміздің жалпы ішкі өнімінің 3/1 бөлігін әйелдер береді екен. Себебі, шағын және орта кәсіпкерлікте 30 пайыз әйелдер жұмыс істейді. Ал жеке кәсіпкерлікті алатын болсақ, онда 60 пайыз әйелдер құрайды. Дүниежүзінің сарапшылары 2030 жылға дейін экономиканың шығысы мен кірісін 90 пайыз әйелдер бақылайтынын айтады, – дейді депутат.

Майра Арапқызының айтуынша, Ауыл әйелдерінің тұрмыс деңгейін көтеріп, соңғы шыққан технологияларды жеткізуге жеткізуіміз керек. Сондай-ақ ол елімізде кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несие беру жақсы жолға қойылғанын ескертті.

Сондай-ақ жиында сенат депутаты, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Ләззат Сүлеймен сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды. Бұдан кейін «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ Басқарма Төрағасы Салтанат Рақымбекова сөз алып, нәзік жандылардың қоғамдағы рөлі, отбасы және демографиялық саясат жөнінде өз ойларын ортаға салып, пікір білдірді.

 

Пікірлер