Хакім Омар: "Тұрақтылық пен сенімділіктің белгісіндей айрықша жұлдыз – Темірқазық"

2866
Adyrna.kz Telegram

Хакім Омар, түріктанушы, «Темірқазық» баспасының директоры:
Біздің бабаларымыз қозғалыстың құнын жақсы түсінген
Ежелгі түріктердің жаһан тарихына, мәдениетіне, өркениетіне тигізген әсерін әлі күнге дәлелдеуге асығар емеспіз. Әлбетте, бұл тарих көк түріктердің түлеп ұшып, жер-дүниеге тараған Отанында орналасқан қазаққа да ортақ ұлы құндылық. Осындай келелі мәселелердің өмірінің өзегіне айналдырған «Темірқазық» баспасының директоры, жазушы, түріктанушы Хакім Омармен сұхбаттасудың реті келіп еді.
Хакім аға, баспа үйіңізді «Темірқазық» деп атаған екенсіз. Ата-бабаларымыздың аспан әлемінің сырын ұққан данышпандығы анық нәрсе. Байырғы бабаларымыздың түсінігінше, Темірқазықтың өзге аспан денелерінен айырмашылығы неде?
Көк Тәңірісін кие тұтқан ежелгі түріктер Көк аспан мен Жұлдызды аспан тылсымдарынан хабардар еді. Қайырымды құдай аспанның көзге ілінбес қабаттарын олардан жасырмады, ал аспан шырақтарының тереңіне дендеп, қыр-сырын түсінуге ынтықққан көшпелінің күш-жігері қозғалыстың барша ортақ заңдарын тануға жеткізді. Айналадағының бәрі үздіксіз орын алмастырудың қалыптасқан жүйесіне, аспан кеңістігіндегі ұдайы өзгерістерге тәуелді.Осынау өзгергіштік, тұрақсыздық цикліне көнбейтін бір ғана жұлдыз бар. Тұрақтылық пен сенімділіктің белгісіндей айрықша жұлдыз – Темірқазық. Үйреншікті дүниені, ұғым-түсініктерді, стереотиптерді, қасаң білімді, өмір бейнесі мен салтын мүлдем өзгертіп, мәңгілік қозғалыстың жолын ашу үшін қажымай ізденген байырғы түріктер Архимедтің тірек нүктесін – аспан дүниесінде мәңгілікке бекітілген темір қазықты тапты. Өз тағдырын іздеп, шарқ ұрған көшпеліге Темірқазық жұлдызының шұғыласы жарық шашып, жол нұсқады. Егер осынау жұлдыздың ерекше жарқылдайтынын аңдамаған болса, көшпелі көне түріктер ұшы-қиырсыз кеңістіктің мәңгілік бағындырушылары ретінде қалыптаса алар ма еді, мұны айту өте қиын.
Ежелгі түріктердің көптеген халықтардың қалыптасуына ықпалы болғанын жиі айтасыз...
Түркілік сипаттарды қабылдау, игеру, сіңіру үдерісі бірнеше мыңжылдықтар бойы жүрді. Бірінен соң бірі ұласып бой көтерген көшпелі түріктердің толқыны өмір энергиясының зарядтарын еуразиялық далалар қойнауынан алып шығып, өздері жаңадан бағындырған жерлерге жеткізіп жатты. Деміге бастаған жүрегіне таза қан құйылып, кең-байтақ даладан көшпелілер мінген сәйгүліктердің жалымен ілесе жеткен еркіндік ауасын жұтқан этностар есеңгіреуден айығып, ақ жауыннан кейін тіршілік нәрін сіңірген топырақ үстіндегі жан иелерінің бәрінің бойына қуат дарыта, жандана бастайтыны сияқты белсенді тірлікке бой ұрды. Адамзат тарихында алғаш рет жаһандық серпілістер мен сілкіністерді өмірге әкелу дәл осы далалық экожүйесінің үлесіне тиді. Адам баласының и өзара тәуелділік бұғауын үзуіне, ілкі жаратылыс кіндігіне үйіріле беруден айығуына осынау ұлан-ғайыр кеңістік көмектесті. Халықтардың қозғалыссыз күйден шығуы олардың жақындасуының, этностық шектеулі аймақтардың бір-біріне қарай жылжуының жаңа дәуірін белгіледі. Осыдан кейін-ақ кеңістік адамды тежеуден қалды, адам өз орнын алмастыруға, ең бастысы, кеңістікте бағдар ұстануға үйренді.
Демек, көшпелі бабаларымыздың өзге этностарға ықпалы тек жағымды жағынан болғанға ұқсайды ғой...
Дұрыс байқаған екенсің. Еуразиялық құрылықта көне түріктер түрлі этностардан тұратын гүлзарлардың толассыз көктеуіне әсер етуші еңбекқор бал арасының рөлін атқарды. Өңделген шырынды олар әрдайым өзгенің дастарханына ұсынумен болды. Қиянда жатқандықтан тарихтың бүр бүйірінде қалып қойып, жаһандық өркениет үдерісіне белсене арласа алмай қалған этностық топтардан бастап өзге құрылықтағы халықтардың барлығын прототүріктер әлемдік айналымға араластырды.
Ғарыштық энергияны сіңіру арқылы күш жиятын көшпелі күретамырларын керней тасқындаған қанға ерік беру жолында өзіне қарайлауды ойламастан өз қанын адамзат нәсіліне дарыта жүріп, діттеген мақсатына көзсіз ұмтылды. Сірә, еуразиялық кеңістікте түріктердің қуатты қанынан нәр алмаған этникалық гүлзар аз шығар, өз тамырының бүлкілдеген ағысында түркілік қан үлесінің бар екенін жоққа шығаратындар аз да болар. Адамзат нәсілін ағзаның іріп-шіруінен, азғындауынан сақтап қалған біздің ертедегі бабаларымыз екенін кәміл сеніммен айтуға болады. Олар өз орайында адамзаттың қанын тазартушыларға айналды.
Иә, сіздің қазір айтып отырғаныңыз, ескі түріктердің жаһандық жағдайға генетикалық ықпалы жөнінде. Ал енді өз қанымызды таза сақтау мәселесіне қарай ойыссақ аға.
Көне түріктердің өздері жақын адамдардың қан араластыруына жол бермейтін қағидаларды қатаң сақтады. Сегізінші атаға жетпейінше қан араластыруға тыйым салынады. «Сегіз деген – сергелдең». Қазақ ұғымында «8» саны «неғайбылдық» түсінігімен, кей жағдайларда «жатқа айналу» мағынасымен мәндеседі, яғни ағайын адамдардың арасында байланыстың үзілгенін аңғартады. Туысқандық байланыста тұрған адамдардың арасындағы жыныстық қатынасқа салынған тыйым сегізінші ұрпақтан кейін ғана күшін жояды. Еуропалықтардың «секс» (латынша Sexus – жыныс) сөзінің арғы төркіні ежелгі түріктердің «сегіз» сөзінен шыққан. Кімде-кім қан араластыра некелесуге жол берсе, өлім жазасына кесілуге дейінгі қатаң жазаға тартырылған. Өйткені мұндай қылмыскерлер адамдарды ғасырлар бойы туыстырып тұратын киелі мән негізі – қанға нұсқан келтірушілерге баланған. Аса жоғары тағы бір құндылық бар, ол – қанның күшін, оның өмірлік қуатын сақтау. Ұры да, кісі өлтіруші де өлім жазасынан құн төлеу арқылы құтыла алады, тек қасиетті қан тазалығын былғаған адамға ғана, яғни жақын туысына – біртұтас әулеттің мүшесіне қатысты нәпсіқұмарлығын өз бойында тұншықтыра алмаған адамға ғана бұл жол жабық. Әлгіндей қатынас жасаудың салдары мейлінше қасіретті болуы, яғни дене бітімі мен ақыл-ойында ауытқушылықтары бар балалардың – тағдыры бүлінген мұрагерлердің дүниеге келуі ықтимал.
Туыстық байланыстың асқақ идеалға ұласуы, әулеттік тұтастық идеясына бағыну әрқашанда көшпелілердің өмірлік мұратының бастауында тұр. Еуропалықтар жабайы ордаға балаған көшпелілердің бағзы-бағзы замандардың өзінде-ақ тұқым қуалаушылық заңдарына байланысты білім негіздерін игергендігі – таңғаларлық шындық, ал адам өмірінің аса маңызды аспектісін зерделейтін ғылымның бұл бағыты ғалымдардың бірнеше буынының толассыз ізденістерінің арқасында тек жаңа дәуірде ғана ғылыми статус иеленіп, «генетика» деп аталғаны мәлім. Көшпелілер қоғамындағы маңызды физиологиялық үдеріс – қанның жаңаруы, яғни сүйек жаңарту болды. Қанның құнарлылық қуатын арттыру үшін кеңінен қолданылатын әрекет өзара туысқандық байланыстар жүйесі бойынша үзілген адамдарды бір-бірімен некелестіру еді.
Ежелгі түріктер салған өркениеттің өзге халықтарға әсері қандай деңгейде болды?
Олар өркениетті саңылаусыз қоршаулаған дуалдарды қиратты, месопотамия, мысыр, грек, рим, қытай, үнді, парсы, араб жерлерінде ғана орныққан қоныстану үрдісінің шекарасын жойды және адамзаттың интеллектуалдық тұрғыдан өсуіне септесті. Түріктер әскери, тілдік, мәдени, технологиялық, экономикалық т.б. деңгейлердің бәріне де әсер етті. Жаңа идеяларға шөліркеп отырған этникалық орталықтар көшпелілер әкелген нәрсенің бәрін өздеріне дарыта игерді. Нәтижесінде диалектикалық заңды үдеріс жүрді – байырғы түріктердің жетістіктері мен тәжірибелеріне сүйене отырып, тарих субъектілері алға қарай жеделдете қозғалуға мүмкіндік алды. Мұндай ықпалдың барлығын қамти алғаны сонша, кей жағдайдарда қабылдаушы жақтың құрылымдық ерекшеліктеріне нұқсан келтірді. Мұншалықты әсер етудің жарқын мысалы – көшпелілер дүниесіне тән шаруашылық жүйесіне етене кірігіп кеткен Соғды текті тайпалық одақтар.
Бағынған халықтар көшпелілердің озық жетістіктерін көктен түскен сый іспетті қабылдады. Қабылданған жаңалықтар жат дүниедей көрінбегендіктен, олар өздеріне етене нәрседей сіңірді. Өйткені, көшпелілердің жаңалықтарына әмбебаптық, оңтайлылық сипаттар тән еді, бұл жетістіктерді өмір сүру жағдайларында барынша пайдаға жаратуға болатын. Демек, түріктердің «сездірмей әсер ету» жұмбағының мәні осы тұста жасырынып жатыр. Дегенмен, көшпелілердің ең басты жетістігі – адамзат санасына ғаламзаттық деңгейдегі еркіндік идеяларын орнықтыруы, мәдениеттер мен өркениеттер бытыраңқылығынан арылуға қызмет етуі. Өтеміне ештеңе талап етпестен өзінікін бере салған көшпелілер нағыз рыцарьлар тәрізді.
Бүкіл ғаламдық өркениеттердің өзара қарым-қатынасқа түсуіне бабаларымыз ең алғаш қолға үйреткен жылқы малының орны орасан болды емес пе?
Үнділіктер «Ведаларды» солтүстік-батыстан Үнді жеріне қоныс аударған көшпелі арийлер әкелгенін мойындайды. Арийлердің түп төркінін сөз ететін еуроцентристік тарихнамадағы сыңаржақ пікір олардың түркілік негіздерін жоққа шығаруға бейім. Алайда үстемдік етуші осы бір теорияның іргетасының мықтылығы атты сарбаз алдындағы жаяу жауынгердің қауқарындай ғана. Аттылы халықтарға қатысты деп танылатын және жартылай Құдайлар дәрежесінде дәріптелетін арийлермен әр уақытта да үндіеуропалық халықтар өздерін байланыстыруға құштар болды.
Көшпелілер сәйгүліктердің қуатты тұяқтарына ғана тәу еткен қуатты да қажырлы мемлекет құрды. Осынау саяси құрылымның тыныштығы толассыз қозғалысқа тәуелді еді. Оның жеделдете дамуы негізгі қозғаушы күшке, сөздің тура мағынасында, жылқыға тәуелді болатын, ал жылқының айналасына басқа малдың бәрі және көшпелінің бүкіл тірлігі шоғырланған еді. «Солтүстік – оңтүстік» түзіліміндегі ең бастапқы қатынасты бұлжытпай құнттайтын көшпелі мемлекет баяғыдан келе жатқан табиғат цикліне бағына отырып, өзінің лайық іздеген үйірлері мен табындарына ізбе-із ілесе жүріп, көктем туысымен қиндамен шектес қашықтықтарды бағындыра солтүстікке бет түзейтін, ал күз жақындаған шамада күннің жылуы әлсірей қоймаған оңтүстікке қайта бұрылатын.
Осылайша, қозғалыс толассыз жалғаса беретін, өйткені тоқтау – ақтық әрекет. Біресе ұмтылып, біресе ығысып, аласұрудан танбайтын теңіз сияқты көшпелі де тыншу білмейтін.
Уақыт өткен сайын бабаларымыздың ынтымағы ыдырап, әлсіреу үрдісін тарих тізбектеп көз алдымызға әкеледі.
• Тәуке хан өлімінен соң қазақтың мемлекеттік құрылым тарихында қасіретті құлдырау кезеңі басталды. Орталықтан оқшаулануға мүдделі күштер нығайды, географиялық түсініктер саяси мәнге ие болды. Орталықтанған биліктің әлсіреуі салдарынан Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз аталған аймақтық құрылымдар пайда болды. Өйткені іргетасын Қасым хан қалаған қазақ империясының жерге қатысты шекарасын белгілеуде, Қазақ хандығының күшеюі мен өсіп-өркендеуінде дәл осы хандардың еңбегі ерен. Бірнеше ғасырлар бойы Орталық Азиядағы тарихи үдерістер дамуының бел ортасында Қазақ империясы тұрды. Диқаншылықпен және мал бағумен айналысатын халықтар мекендейтін ұлан-байтақ кеңістік оның мүдделері аясында жұмылдырылды. Оның түрлі деңгейдегі ықпалы көршілес жатқан башқұрт, ноғай, татар, қарақалпақ, өзбек, қырғыз халықтарына, оңтүстік Сібір ұлыстарына тарады.
Ұлы түрік тұтастығының ыдырауы, одан кейінгі қазақ империясының әлсіреуінің себебі не деп ойлайсыз?
Кеңес дәуірінде тарихи жадымыз бен санамыздан ең маңызды жетістіктерін өшіруге отаршыл аппарат барын салды. Өткенін, тарихын сезінуден қалған кезде адам сыртқы күштердің ықпалына еліккіш дәрменсіздікке ұрынады. Ол өзінің уақытша тіршілік ету ортасынан тысқары жерлерден бағытталған кез келген идеологияның оңай олжасына айналуы ықтимал. Әйткенмен, қазақтардың санасы мен психологисында айбынды бабалардың асқақ рухы әлі де сақталып келеді, бұған олардың ашық-жарқындығы, қамсыздығы, өзіне кәміл сенімділігі мен шамшылдығы, ысырапшылдығы, жалқаулығы, ертеңге деген алаңсыздығы және өз үйінде болып жатқанның бәріне немқұрайлылығы мысал. Мұндай мінездердің бәрі – өмірлік белсенділіктің төмендеуі мен шынайы жағдайды сезінуден қол үзгендіктің нышандары, ал бұлар қоғамның рухани негіздерінің шатқаяқтауына, өмір сүру қабілетінің әлсіреуіне әкеліп соқтырады және түпті нәтижеде тоқырай тосылу мен толықтай қарекетсіздік күйі, яғни құлдырау басталады. Рим, Византия, Испан, Осман, Цин тағы сол сияқты көптеген империялардың жойыуына дәл осындай жағдайлар себеп болған. Мұндай сәттердің тарихи даму логикасы біреу ғана, ол – жат биліктің орнығуы. Мұны ксенократия дейді. Жалпақ тілмен айтсақ, ксенократия дегеніміз қонақтың билігі болып шығады. Қазақ айтқан «жаман үйді қонағы билейді» деген керемет сөздің мәні осыдан-ақ айқындала түседі.
Византияның құлауын жылдамдатқан тарихи фактілердің бірі – оның шектен тыс қонақжайлығы. Бұл туралы белгілі бір автор: «Егер сіздер жатжерлікке өз есіктеріңізді әрдайым ашып қоюға әзір болсаңыздар, бұларыңыз керемет-ақ, дегенмен оны танып алмай тұрып ішке енгізе беру де қажетсіз. Алда-жалда мейманыңыз сіздің ақ ниетіңізді пайдаланып, алқымыңызға пышақ тіреп жүрсе, ізгілеріңіздің құны тым қымбатқа түсуі де мүмкін» дейді. Бұл сөз қазіргі Қазақстанға да қарата айтылғандай әсер қалдырады.
Сіздің тұтас Үндістанды 500-ге жуық әскерімен жаулап алған Бабыр мемлекеті туралы жазғандарыңызбен танысқан едік. Үнділіктердің Бабырға деген көзқарасы қандай?
Көшпелілерді өркениетті нәсіл ретінде мойындамаған Джавахарлал Неру: «Үнділік ұлтшылдықтың әкесі Акбар болып табылады», - деп мәлімдейді. Шамасы, бұл тұстағы ұлтшылдық мағынасы халықтық сананы тұтастыратын, оятатын фактор ретінде алынса керек.
Бабырдың немересі, түріктекті Акбар көп дінді Үнді жерінде мейлінше көкейкесті болған діни төзімділік саясатының негізін салды, қызметке тарту саясатын оңтайландырып, үнділіктерді араластыра бастады, мұсылмандарға өзге дін жолындағылар ретінде салынатын джизия салығын жойды, мемлекеттің шекарасын ұлғайтып, нығайтты. Ол балаларды некелестіруге тыйым салды, сати ғұрпын (жесір қалған әйелді марқұм күйеуімен бірге өртеу) жойды. Оның билік еткен тұсы «ғасырдың өркендеуі және уақыттың қауіпсіздігі» деген атақ иеленді. Акбар адамның дұрыс өмір сүруіне байланысты барлық салада кең көлемді реформалар жүргізді, бұл өзгерістер қуатты мемлекеттің құрылуына негіз болды. Бабыр, Хумаюн, Акбар, Жаһангер, Шах жаһан, Аурангзеб – бұлар тарихта Ұлы Моғолдар ретінде танымал түріктердің есімдері, олардың қай-қайсысы да Үндістанның құрылуы мен дамуында өздерінің жарқын іздерін қалдырды. Бұлардың ұрпақтары ұлан-байтақ Үнді құрлығын барша адамзатқа ортақ тарихи үдеріске араластырды, үнділердің ұлттық санасының оянуына және олардың жазбаша тарихнамасының тууына жол ашты.
1757 жылдан бастап Ганди дәуіріне дейін отарлану тауқыметін бастан өткерген Үндістан шыдамдылықтың құдіретті рухына сүйене отырып, ешқандай күш көрсету әрекеттеріне қол артпай-ақ, өз жерінен ағылшындарды ығыстырып тастады. Бақайшағына дейін қаруланған отаршылдарды сатьяграхи философиясы жеңіп шықты. Мұндай орасан ерік-жігер қазақтарға да тән екені жайында деректер жетерлік. Патшалық армиядағы Бас штабтың капитаны Е.К.Мейндроф: «Ханның өктемсуі күшейген жағдайда олар қоғамдық пікірге жүгінеді, ал қоғамдық пікірдің көшпелі халықтардағы күштілігіндей күш басқа ешқайда жоқ... Өзіңді өзің аямасаң ғана қазақтарды басқаруың мүмкін», - деп түйіндеді.
                                                                                                                                              Әңгімелескен Арман Әубәкір

Пікірлер