Серік ЕЛІКБАЙ. Жазарманға жалғыз хат

4945
Adyrna.kz Telegram

Сен менен: «Кітап қалай жазылады? - дейсің

«Оңнан солға қарай» - Білесің.

«Жазбауға болмаған кезде жаз» - Білесің.

«Қаламмен жаз» - Білесің.

«Жүректен жүрекке» - Білесің.

Түріктің ұлы тас кітабын жазған Тоныкөкше қарапайым, дәл,  нақты,  бұйрыққа толы, қысқа, нұсқа, ойға орасан, боямасыз, ащы, шын, шымыр.

Немесе сөз атасы Майқы би секілді – «Түгел сөздің түп иесі.» Таза. Тұнық.  Ауа сияқты. Онсыз өмір сүре алмайсың. Көрсету мүмкін емес.  Көру мүмкін емес. Бар, бірақ жоқ. Ұлы шеберлік,  қадірлі талант осы шығар. Аты бар, ал сөзі... Бүкіл сөз соныкі. Тәңірі тектес, Құдай құдірет.

Майқы бимен салыстырғанда Махабхарата, Рамаяна,  Ригведа, Висвамитра авторлар бала тектес. Періште секілді. Ұстазға ұқсас. Осылардай жаз. Миллиардты ұйытып, жүрегін езіп, есінен айыра медитацияға түсіріп, нирванда мұнарлап.

Доспамбетше паң, тәкаппар, биік, асқақ, саф алтын, сырбаз, менсінбес, шаһид, кеуделі, найзалы, жүректі, қорықпас, үрікпес, шошынбас.

Франсша әдемі, Шоуша ерекше, Вийон, Рабле, Брант, Сакс, Гриммельсгаузенше тойлата, Томас Манн, Гессе, Музиль, Поль Валерише бабымен, сәнімен.

Марғасқаша жеккөре, таптай, басына, буындыра, қылқындыра, жағадан алып, жең үзіп, қирата, бұза, тіс сындырып.

Ұлылардың кітабы ешқашан айғайлап тұрмайды. Бір көрмеге түгі жоқ. Алғаш танығанда түсінікті секілді. Тек жиһазға құрауға арналған кітапшадай түсінген соң, лақтырып жібере алмайсың. Алғаш шыққанда ешкім мән бермеуі де мүмкін. Мүрсейіт қолымен жазып таратқан кітаптардай кейін, иә өте кейін танып түсіндік Абай сөздерін. Мөр басылған болыс, старшын, аға сұлтандар, губернаторлар, патша жарлықтары шаң басып жатыр. Ал Абай Алаштан асып, Мәскеуде патшалық құруда.

Ұлылардың кітабы қайшылыққа толы. Ойландырмай қоймайды. Ал өзің шешімін шығар. Қадыров Қожаны қай қиырға шегелеуге болады. Құнанбай құз ұшына оңай шығамын деуге дәт жете ме? Оралханның Қоңқайы оң жамбасқа, ой жанбасқа көне ме? Стендальдің Сорелі, Бальзактың Гобсегі ше? Ұлылар әр кезде уақыттан биік, уақыттың құлы емес. Уақыттың төрешісі. Қала берді, Адамзаттың ақидасын анықтар таразы басы, қыл көпір қасы. Олар заманының оппозиционерлері. Көшеге шық, кеңірдек үзі жоқ. Өшпенділігі, өлтірі де жоқ. Қарғысы мен бет түкіру, соңынан топырақ шашауы да жоқ. Олар өкім айтушы, жан алғыш та емес, жан ашушы да емес, жар басындағы жарақты жалғыз жауынгер. Қорлаушы емес, қорғаушы.

«Атымды адам қойған соң» Адалдыққа шақырушы.

Олардың шығармасы орыстанбайды, патшаланбайды, кеңестенбейді, нұрланбайды. Сол себепті де тірілердің ішінде бар-жоғы білінбейді. Олар тірі екеніне , ортада бірге жүргеніне кінәлі. Сондықтан Мағжан, Мұқағали, Шопенгауэр, Киркогер, Ницшелер бағаланған жоқ. Өлген соң, қауіп сейілген соң, «тірі құдайлар» біз бүгін білмейтін»біреулер» еңіреп жоқтай бастады. Мұқағалидың көзі жұмылған соң, сол күні Жазушылар Одағының мүшелігіне кіргізді. Тірі таланттан, өлі ұлыны жақсы көретін "көмуге құмар жұрт" терең қазып, күдіксіз көміп, «уһ» деді. Енді мақтауға болады. Мадақта, аспанға атын айт. Жағалай жамыра.

Қазақта «Өлгеннің жаманы жоқ».

«Жан сақта» деген ұлы қазақ.

Жаяу қыл,  нәпсіңді атқа мінгізбей бақ,

Міне қалса, жортқызып, желгізбей бақ -

дейді кемеңгер, әулие Мәшһүр-Жүсіп.  Кім тыңдапты. Экономика басты шаруа  деген жұрт жағасы жыртылып, рухы тозып болды. Қазақ байымады. Ең бастысы, рух аш қалды. Сары жұртта сандалған қазақ санасы, Алаш ауылына келген жоқ, теңіз төсін жалғыздыққа, құруға, өшуге тосты... Кеткен келер, ал жоғалған, жойылған қайтар ма?

Ал ендеше қаламыңнан сия орнына қан ақса, жас орнына ақ жалын ақса, жүрегіңнен жусан жұпар төгілсе, қабырғаңнан жаралы ел, назалы белге уық жасай алсаң, жаз.

Қазақ үшін жаз.

Бәрі өткен соң, бұлдыр ғасырларға қол бұлғай тұрып, пәлсапалау істің жеңілі Доспамбетті даттау, Қазтуғанды қорлау, Абайды айыптау оңай. Ал тарих көз алдыңызда, жаныңда өтіп жатқанда араласпау. Қиын. Бүгіннің әдетімен ғайбат айтпау, арыз жазбау – ол да дұрыс болмас-ты.

Тоқта! Сенің оқырман тақсырмен, мәртебелі әдебиетшімен тілдесер, ой бөлісер алтын сағаттарың өсек-аяң, бос сөз, қан қыжылмен өтуде.

Гетеше «Махаббатсыз жазылған дүние ынтықсыз оқылады.» Мүмкін оқылмайды. Мағжанша сүй, Қасымша «Дариғала», Ілиясша құлай сүй, Мұқағали, Жұматайша ұнат. Содан соң жаз. Бірақ селкеусіз сүйер, сұлу қалды ма екен?!

Пушкинше «Алдануға мақұл болсаң да».

Әлде Қасымханша «Жабылардан жалығар кезді» тосасың ба?

Уақыттан биік, зұлымдықтан жоғары ақсүйек мінез, бекзат пейілмен бәріне көнесің бе? Сұлтанмахмұдша шыдау, Бердібекше сыр бермеу.

Бір беттен ұрса, екінші бетті тосу.  Толстойша. «Толстой кәпір емес, өзің – кәпір» (Шәкәрім) Төңкерістерден соң,  ұлы аштықтан кейін, репрессиядан соң осы мүмкін бе?

Бірақ Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов, Платон, Толстой, Ганди, Сәбит Дөнентаев, Кафка... Осылай күн кешкен,  шыдаған. Аштыққа, қорлыққа, ұрғанға, жамандағанға, тепкіге, басына лай құйғанға, езгенде, тамырларын еттен бөлгенде, еттерін сүйектен бөлгенде, әйелдерін тұтқындап әкеткенде, балалары аштан шетінеп жатқанда, туыстарын түрмеге қамап жатқанда, Зият бауыздалып өлгенде, Әлкей Марғұлан өзін-өзі тамағынан орғанда Мұхтарша шыдау. Көкбазардан үйген жемістерді түнде теріп әкеліп, күн кешу. «Абай жолындай» ұлы туынды тудырып тұрып, өзіңнің сонша қор екеніңді сезіну. Түнек түрме ішінде рухани ұстаздарыңды, ағаларыңды тастап шығу.  Жендетіңнен жылулық күту.

Немесе Мағжанша «Тоқсанға кету». Тірі қалу. Иә, кер заманның бар сыйлығы - осы. Сыйлыққа талас жоқ. Атаққа бұйда салу жоқ. Бар мұрат – тірі қалу. Ақылсыз емес.  Ақымақ емес. Қанша өнерді меңгерген, тек өлмеуді меңгере алмаған. Шәкәрім, Міржақып, Мағжан, Ахмет, Сәкен, Бейімбет, Ілияс...Көп. Өте көп. Ендеше өлмес шығарма жазу керек шығар. «Жер қазғандар» Реквием.  Аза үні. Көшпеліліктен қол үзіп, басқа бөгде қиырға шыққан қазақ.

Әлқисса. Ұлттың ұлы Шәмілді пір тұтқан Сәкен жер емес, көр қазып жүргендерін суреткер жүрекпен білмеді деуге болмас. Немесе «Көксерек». Зиялы қауым мінезбен қалу. Не болып жатса да, бет пердеңді шешпеу. Смағұлды өртеп жатқанда түрін бұзбаған Әлихан мінезбен шыдау. Сәкендей серіге асқақ қарар паң Нұрмағамбет пішінде қалу. Ең бастысы – ел білетін түріңді бұзбау. Ақорда қасында қасқайып отыра беру.  Жаңаөзеннен шет,  Арқанкергеннен алыс тұру. Шаңырақтан шалғай болу. Қазаққа қатыссыз, орысқа ортағы жоқ, биліктің бетінен алмас туындыңды жазып жүре беру. Қарақшыларды қадірлеу, ұрыны ұлықтап, баскерлерге бас беріп, қанішерді қорғамай ақкөздене жағынып, жантайып жату. Кере тастап, күдіксіз берілу.

Жоқ! Жылап тұрып жазу. Қазақ қалған.  Алаш өлген. Рух жоқ. Орысқа оңай кеттің, Қытайға қытықсыз көндің. Зарла. Егіл. Еңіре. Шыңғыр. Сенің айғайыңнан шамдалдар күл-парша болып кетсін.

Әр әріпіңнің астынан аруақ тұрсын. Әр жолыңның астында зират жатсын. Үнсіз қалма. Мұңсыздықпен үнсіздік егіз.

Тыңдап ал, жақсылап тыңда. Ел ішіне кет. Т.Кеңесбайша «Қаладан кетіңдер» Содан соң жаз.

Ақынсың...

Түсінемін сен үшін өлең-бұлттар, сөз көше

Өкінбе,

Ұға алмаса өз шешең.

Жылама бос...

Жұрт діліңді сезбесе,

Сенің жолың өзгеше.

Сенің жолың тым басқа

Тек жаза бер тынбастан.

Серігің – ой, түнгі аспан

Өзіңді-өзің қинама,

Қаламыңды ал, тұрған кезде ән қысып,

Жырларыңнан жапырақ-сөз аңқысын.

Шүмек тілден қыран ойлар қалқысын.

Өлеңіңмен жылыт сен,

Жаратқанның жартысын

Сөзбен қақсат,

сайтандықтың сар тісін.

Дүние өзі сайрап тұрса үндеме,

Талант тарлан сөз оқыса күндеме,

Шаңқобызын тартқан кезде шын ақын

Түк деме.

Тұра бер батпырауық жырларыңды

Қалтаға сап бүкте де.

Егер,

Егер ешкім жоқ болса,

Сенің жырың ми қайнатар от болса,

Онда ойнат, ойнат сөздің жасысын,

Шөккен көлдер тасысын

Сөзге ерісін Тарбағатай басы шың

Өлең оқы, дос үйінде қас үшін.

Тынбашы,

Ән боп Абай, жыр – Қасым,

Өлілер мен тірілер

Өзегі өшіп тыңдасын.

Менікі сол...

Жұлдыз тілек, ай тілек

Дұрысы

Кеудеңдегі көп сөзді тірлігіңде айтып өт!

Әзірейілге ән емес,  Әзірейілге жан керек (С.Елікбай «Сөз – Ая»)

Немесе Тыныштықбекше құпия, терең, тылсым, құдіретті, жұмбақ, сиқырлы, мәйегін ағыза, әр сөздің әлемінің әшекейін аша... «Өмір, өлім – қос бөлмем» Барды айта, қиял жетпес қалшылмен.

Бірақ түсіне ме, шайнап жегенге миы шаршауық жұр?.. Сөздік іздеп сабыла ма, еріншек ел ? Турап берге,күш қайда?

Өзіңше жаз, жолыңды тап. Өзгеше ойла, Шәкәрімше шыңыраулатып, Мұхтарша мұнарлата, Жүсіпбекше желдіре, Бейімбетше байыптап, Мағжанша маздата, Сәкенше сылдырай, Ілиясша ізбұза, Қасымша қайратпен, Оралханша орағытып, Тынымбайша тұнық, Мұқағалиша музалатып,  Қадырша қайырып, Қабдешше қазақы. Яғни өз стиліңді тап. Жырыңнан жүрегің, тыныс белгіңнен тілегің танылсын.

Ол үшін оқы. Тоқта! Фрезэрше қырық жылды қайдан табасың.

Немесе өлгеннен кейін жаз, өткеннен кейін жаз. Өшкеннен соң. Әлиханның Турағұл өлген соң жазғанын көр. Ұлт көсемі Әлиханның адами түрі, пендеуи бейнесін көрсетер осы мақала ғана. Одан соң шешілмейді. Құнанбайдың «пенденің жоқ-жітігі» дегеніндей. Суық мінез аға сұлтанның алғашқы және соңғы жүрегін ашары – осы. Қайталанбайды. Осылай айт. Бір-ақ рет. Бір ішінде бәрі болсын.

Біреуге ғана жаз. Жалғызға ғана. Кешегі бірінші хатшылардың қаулылары, бүгінгі дәрістер,жолдаулар миллиондарға арналған. Бұның бәрі ұмытылады. Құдайлар кітабы да біреуге ғана түскен. Мұсадан миллиардқа тарады. «Жалғызыңа» ғана (С.Адай). Жаз. Бір жүректен мың жүрекке шашылсын. Сия орнына қаныңды құй. Бес литр қан жеті миллионға жететін болсын. Жаз. Өртеніп жаз. Өлең жаз.

Өлең жазу -

Құралу.

Күніне мың шағылып,

Аярлыққа қарсы шабу. Жарылыс.

Қара бақта жалғыз-жалғыз қыдыру

Айы жоқ түн. Әлдеқайда сағыныш.

Өлең жазу -

Тағдырыңды жазмышқа телу бұл.

Ақ парақта қара әріпті кебін қылып өлу бұл.

Мүмкін сенің қақпаңа даңқ келер

келгісі егер келгісі

Оқушыңды таба алмай

Мүмкін мәңгі өлерсің...

Белгісіз...Белгісіз... (С.Елікбай «Сөз – Ая»)

Ал егер айтар сөзің алтын ақылыңнан жеңіл болса, үндеме. «Аузыңдағы маржаның шашыла ма, жұмған аузыңды ашпайсың»- дейді ұлы қазақ. Езуінің ар жағында ақық жатса, амал нешік.

Алаш арыстары, бес бәйтерек, қызыл қырғын, ұлы аштық, неміс-орыс соғысынан, тың көтеруден, желтоқсаннан, Жаңаөзеннен соң үндемеуіміз ерлік пе? Бостандығың бошалай қашып, тәуелсіздігің тізерлегенде жазбасаң, жаназаңа жанашырың жоқ.

Ал жаз. «Қаламыңда ғалам отыр күрсініп...».

Пікірлер