Он мың жол дастанды жатқа айтатын жыршылар...

2276
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде «Жыр керуені» атты лекция-концерт өтті, деп хабарлайды kazmuseum.kz тілшісі. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырды.

Лекция-концертті ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры, «Парасат» орденінің иегері, жырау Алмас Алматов жүргізді. Кешке Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Жыршылық өнер» кафедрасының студенттері мен өнер адамдары қатысты.

Шараның маңызы туралы «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ақан Оңғар атап өтті.

«Бүгінгідей жаһандану дәуірінде ұлттық мұраны сақтап, оны кейінгі буынға жеткізіп отыру әр адамның азамматтық борышы деп түсінген абзал. Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі тек қана жәдігерлерді сақтаушы орын емес. Ол халықтық мұраның кез-келген түріне қамқоршы бола отырып, рухани орта қалыптастыруды басты мақсат ретінде ұстанып отырған орын. Сондықтан да бүгін тарихтың сонау көне дәуірінен тамыр алатын жыраулық дәстүрді ұлықтап, арнайы лекция-концерт ұйымдастырып отырмыз», – деді  Ақан Оңғар.

Шәкірттері арасынан 10 жас жырауды ерте келген А.Алматов қазір жыраулық мектептің қайта жаңғырып, дамығанын, жастардың арасында 10 мың жолдық дастандарды жатқа айтатын жыраулардың өсіп келе жатқанына тоқталды.

«Елдің тарихы мен руханияты – жүз жылдық мәдениет, мың жылдық өркениетпен   бізге жеткен, мол қазына. Бүгінгі «Жыр керуені» концерті сонау көне заманнан бері халықтың ақыл мен парасатының жиынтығын бізге жеткізген жыр өнеріне деген құрметтің белгісі» – деді А.Алматов.

 Жыраулық дәстүрдің тарихы Күлтегін, Тоныкөк, Орхон Енисей жазуларынан, Естеміс-Бұмын қағандарға арналған мадақ жырлардан бас­талады. Сол жердегі сөз тіркестері де, ондағы мадақ  жырлар да жыраулардың аузынан шыққан деуге толық негіз бар. Одан кейінгі кезеңдерде  Қорқыт ата, Сыпыра жырау, Кетбұға, Асан қайғы, Шалкиіз, Доспамбет, Қазтуған, Үмбетей, Бұқар жыраулардың тізбегі жалғасады. Жыраулар сөзінде биік рух пен ерекше күш қуат бар. Жыраулар елдің мұң-шерін, арман-мақсатын еш бүкпесіз ашық айтқан. Олардың азаткерлік рухы дәуірдің қыспағына бой бермеді, бастары ноқтаға сыймады. Бүгінгі таңда ұлттың тарихи санасын ояту үшін аты аталған жыраулардың мұраларын қалың көпшілікке насихаттау қажет.

«Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институтының негізгі міндеттерінің бірі қазақ халқының дәстүрлі өнерін насихаттау болғандықтан, жаһандану заманында баға жетпес құндылықтарымызды бұқараға жеткізе білу үшін арнайы лекция-концерттің өтуіне бастамашы болып отыр. 

 

 

Пікірлер