«Алматы – ғасырлар куәсі»

2247
Adyrna.kz Telegram

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті. Шара аясындаҚРМемлекеттік орталық музейі ғимаратын сәулеттік жарықтандыру қосылды.

Шараға арнайы келген Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек жиналған ел-жұртты Алматы шаһарының 1 000 жылдығымен құттықтап, тамыры терең қаланың өткені мен бүгіні, болашаққа бағытталған оң бетбұрысы туралы сөз сөйледі. «Көрменің мақсаты – Алматының ежелгі, сонау – қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғ. (Верный қ.) кезеңі мен бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму, өркендеу жолын көрсету. Өткені мен бүгінгіні саралай отырып, көрерменнің болашақты бағамдауына жағдай жасау» дейді қала әкімі Бауыржан Байбек. Одан соң сөз алған тарих ғылымының докторы, профессор Карл Байпақовтың айтуынша, Алматы жерінде тұрақтар қола дәуірінде басталады. «Ал шаһардың көркейіп гүлденуі Орта ғасырмен тұспа-тұс келеді екен. Яғни, осыдан 1 000 жыл бұрын Алматы іргелі орталықтардың біріне айналады. Мұны археологиялық табылымдар да дәлелдеп отыр» дейді Карл Байпақов. Ашылу салтанаты біткен соң Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бастаған шаһар тұрғындары ҚРМемлекеттік орталық музейі ұйымдастырған көрмені тамашалады.   

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қомақты қор коллекциясы негізінде ашылып отырған бұл көрме Алматы қаласының көне заманнан бүгінге дейінгі қалыптасу, дамуымен байланысты  экономикалық, саяси және этномәдени үдерісіндегі тарихи мәнді оқиғаларды толық ашып көрсетеді деуге болады. Осы күні ҚРМемлекеттік орталық музейінің барлық залдары келушілерге сағат 24.00-ге дейін тегін түрде жұмыс жасады.

Алматы қаласының тарихын ел тарихынан бөліп қарауға болмайды. Жалпы қазақ жеріндегі қалалар тарихы, тіпті, жалғыз ғана Алматыдай алып мегаполиске айналған алып шаһар тарихы арқылы да ұлт тарихына белгілі бір деңгейде сәуле түсіруге болатындығы анық. Бауыржан Байбектей білікті басшының Алматы қаласының 1 000 жылдығын тойлау идеясы көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып жатқаны, тіпті халықаралық ұйым ЮНЕКСКО деңгейінде тойлануға шешім шыққаны баршамызды қуантады.

 «Елдің тұрмысын, тілін, мінезін білмеген кісі - көш басын да алып жүре алмайды» дейді Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан. Алматы қаласының әкімі өзі бастап Орталық музейді аралап, ата тарихқа құрмет көрсетуі көптеген шенеуніктерге үлгі болуы тиіс. ҚР МОМ археология орталығының жетекшісі Хамит Айтқұл Алматы қаласы әкіміне таныстырушы-гид ретінде көрмеге қойылған жәдігерлерді таныстырып, олардың құндылығы мен сипаттамасын айтып беріп отырды.

Нәбира ТӨРЕЖАНОВА,

ҚР МОМ археология орталығының ғылыми қызметкері:  

- «Алматы – ғасырлар куәсі» атты көрмеге Алматы қаласы маңынан және Алматы облысынан табылған жәдігерлер қойылған. Қола дәуірінен бастап бүгінгі күнге дейінгі құнды артефактілер көрермен қауымға ұсынылып отыр. XIII ғасырда Жетісу Шағатай ұлысына қараған. Сол тұста бұл жерді Кебек есімді билеуші басқарыпты. Уақыты жағынан осы кезеңдерге сәйкес келетін «Алмалы» деген арабша жазудағы сөзі бар теңге табылған еді. Ғалымдарымыз «Алмалы» дегеніміз бүгінгі Алматы екендігін дәлелдеді. Осы теңгенің суреті де көрмеде лед-экран арқылы көрсетіліп отыр.


Арман ӘУБӘКІР,

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі» қоғамдық қорының жетекшісі 

 

Пікірлер