Алматы қаласының оқушылары 100% тегін оқулықпен қамтамасыз етіледі - Қ. Жұманов

2343
Adyrna.kz Telegram

Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов қалада бірінші қыркүйектен бастап 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылатынын айтты.  Бұл туралы Sputnik.kz  хабарлады.

"Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдай қалалық денсаулық басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің назарында. Қазір жұмыс істейтін ата-аналардан мүміндігінше кезекші сыныптарды ашу туралы көптеген өтініш түсіп отыр. Осыған байланысты барлық жалпы беретін мектептерде 1-2 сынып оқушылары үшін кезекші топтар ашу туралы шешім қабылданды", - деді ол.

Сонымен қатар бастауыш сыныптар үшін арнайы түзету мектеп-интернаттарында штаттық режимде жұмыс істеуге рұқсат етілген.

Кезекші сыныптардағы талап

Баласының кезекші сыныпқа баруы үшін ата-ана мектеп директорының атына өтініш беруі керек. Оны кез келген байланыс құралы арқылы сынып жетекшісіне жібере алады.

Басты талап – санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау. Сол себепті кезекші сыныпта 15 баладан артық болмайды. Әр партада бір бала отырады.

Сабақ 40 минутқа созылады, кесте балалар үзіліске түрлі уақытта шығатындай етіп құрылады.

Компьютермен қамтамасыз ету

"Балаларды және мұғалімдерді компьютермен қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде 75 мыңнан аса бала мен 2 мыңнан аса мұғалімді компьютермен қамтамасыз ету керек екені белгілі болды", - деді Жұманов.

Жұманов осы мәселені шешуге байланысты бірқатар жұмыс ұйымдастырылып жатқанын айтты.

"Жергілікті бюджет қаржысынан 20 мыңнан аса компьютер алынады. Бүгінде барлық келісімшарт жасалды. 38 мыңнан аса компьютер техникасы, оның ішінде ноутбук, планшет үкіметтің резерв қорының қаржысына алынады. Сонымен қатар 22,5 мыңнан аса тұрмысы төмен отбасыға компьютер жергілікті бюджеттен сатып алынады. 14 мыңнан аса компьютер оқушыларға уақытша беріледі", - деді Жұманов.

Айтуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, Қазақстандық дипломаттар бірлестігі және ҚР балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саин жіберген 150 ноутбук тұрмысы төмен отбасыларға берілді.

Оқушыларды кітаппен қамтамасыз ету

Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұмановтың айтуынша, 2020-2021 оқу жылында 1-11 сынып оқушыларына оқулық сатып алу үшін жергілікті бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл сомаға тасымалдау құны да кіреді. Алматы қаласының оқушылары 100% тегін оқулықпен қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, 2020 жылы білім күні онлайн форматта өтеді. Жоғары оқу орындары, мектептер мен колледждер қашықтан оқиды.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер