Райымбек батырдан қалған мыс шәугім

3307

1

Күллі Албан тайпасының ұранына айналған аты әйгілі батыр Райымбектен тараған әулеттер де сонау «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» оқиғасынан кейін алма-ғайып зар-заманды бастан кешірді. Әсіресе 1916 жылғы «Албан көтерілісі» мен 1930 жылдардағы ашаршылық, ауру апаты жайлаған солақай саясаттың салдарынан «Арғымақ аттың жалында, бура түйенің қомында» күй кешіп, ер басына күн туған, етікпенен су кешкен, ер басы мен ат басы сайда қалған қилы-қилы ауыр тағдыр тәлкегіне ұшырады.

«Адам мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дегендей қасиетті ата-бабасының жолын қуған Алжан әулеттері:

Баста десе бұл тойды бастай тұрғын,

Біздер бастап айтқанша қашпай тұрғын,

Арғы атамды сұрасаң ер Райымбек,

Тойың тұрмақ жауыңнан қашпайтұғын, – деп батыр бабасының атын әспеттеп той бастаса, тұтас Албан атаның ұрпақтары қазірге дейін той-томалақ, өлім-жітімде «Қарасу жол берген атаның баласы» деп ең алдымен Алжан-Шажаның ұрпақтарына жол беруі ата-бабадан қалған асыл дәстүр.

Райымбек исі қазаққа ортақ көріпкел, аруақты әулие батыр. Бүкіл қазақ елі ғана емес басқа ұлттар да, қазірдің өзінде де Райымбек бабаны пір тұтып, киелі аруағына сиынып келеді. Батыр бабамыз өзі өмірден көшер көзде «Кімде-кім менің атымды бұрын атаса, соны қолдаймын» деп айтыпты деген аңыз-әңгіме ел ішінде кеңінен таралған екен.

Қасиетті бабамыз әлдеқашан өмірден өтсе де ел ішінде қазірге дейін алуан түрлі аңыз-әңгімелер мен өлең-жырлардың арқауы болып, есімі күллі қазақ даласына аңызға айналды.

Заманның өтуімен Райымбек батыр жайлы мол құнды материалдар мен шежірелік деректер қалумен бірге қасиетті бабамыздың көзі тірісінде отбасы ұстаған асыл мұрасы болған мыс шәугімі де оның әулеттеріне баға жетпес құнды жәдігер болып қалыпты. Аруақты әулие батырдың көзі тірісінде отбасы ұстаған мыс шәугімі кімнің қолында сақталғаны туралы әңгімеге ат басын бұралық.

2

Мен 2013 жылы тамыз айның 8-күні арғы бетте қасыма аталас туыс болып келетін Нұрқабыл Тұранұлын ертіп Тоғызтарау ауданы Тікарық ауылының (бұрынғы Жырғалаң 2-ауылы) тұрғыны Әсемқан Әкімжанқызы деген әпкемізге амандаса бардық.

Әсемқан әпкемізбен әңгімелесу барысында оның ата-тегі Алжан руының Сырымбет тармағынан таралатындығын ұқтық. Нақтырақ айтсақ, Сырымбет биден – Қангелді батыр, одан – Түке, Түкеден – қазаққа аты әйгілі Райымбек батыр туған. Райымбектен – Нарт, одан – Рысдәулет, Рысдәулеттен – Тойлыбай, Қонысбай, Жанабай, Егізбай, Егізбайдан – Мамыр, Мамыш, Әкімжан. Әкімжаннан – Серікбай, Әуесқан, Нарқожа, Әсемқан, Шәргүл, Айша, Жұмагүл (төрт қыз). Әкесі Әкімжанның айтуына қарағанда Бәйеке, Әлікен деген жақын туыстары болған екен.

Әсемқан Әкімжанқызы 1954 жылы қазан айның 6-күні Тоғызтарау ауданының Тікарық ауылында дүниеге келген. Толықсыз орта мектеп бітірген.

Әсемқан әпкеміздің айтқан әңгімесінің ішінде бізде өзіне қызықтырғаны Райымбек батыр отбасы тұтынған мыс шәугім болды. Оның айтуына қарағанда, 1973 жылы Тоғызтарау ауданындағы Қызай елі ішінде Қожаназардың Балапан тармағынан тараған Тәлім ақалақшының немересі Дәне Әбсаламұлына тұрмысқа шыққан екен. Әкесі Әкімжан мен шешесі Күміс Райымбек батыр отбасынан қалған мыс шәугімді қызы Әсемқанды ұзатқанда жасау ретінде беріпті. Батыр отбасынан қалған бұл мыс шәугімді Әкімжаннің шешесі Мөлдір, одан кейін әйелі Күміс ұстаған екен.

Әкімжан Егізбайұлының қызы Әсемқанға айтқан деректеріне қарағанда, бұл мыс шәугім арғы атасы Райымбек батырдан қалған мұра екен. 1932 жылдары екінші реткі ел үріккенде Егізбай ақсақал Қазақстаннан Шыңжаңның Іле өңіріне қашып өткенде мыс шәугімнің ішіне алтын, күміс, меруерт қатарлы заттарды салып өткен екен. Ал Әсемқанның әкесі Әкімжан 1976 жылы 61 жасында Тікарық ауылында қайтыс болған.

Әсемқан Әкімжанқызы сақтаған Райымбек батырдан қалған мыс шәугімнің биіктігі 20 cм диаметрі 24 см келеді екен. Бұл мыс шәугімге ешқандай жазу жазылмаған. Осыған қарағанда бұл мыс шәугімді ертедегі қазақ ұсталарының жасағаны даусыз.

Біз Әсемқан әпкеміздің сақтаған Райымбек бабамыздан қалған мыс шәугімді қолымызға алып кезек-кезек естелік ретінде суретке түсіріп алған едік.

Үй иесінің аспа-төкпе дастарқанынан дәм татып болып аттанар кезде әпкеміз бізге:

– Әкем Әкімжан үш ұлына сенбей, батырдан қалған мыс шәугімді маған аманат етіп тапсырған еді. Бұл әңгіменің басы-қасында қайын атамыз Қап Тәлімұлы да бар еді. Ол кісі мампаң болған адам. Мен бұл мыс шәугімді көзімнің тірісінде Мұқағали мұражайына тарту етсем деген арманым бар еді. Бауырларым, бұл істі сендерге аманат етіп тапсырамын, – деді.

Қасиетті бабамыздан мұра болып қалған мыс шәугім кейін Әжі ұрпақтарының қолына табыс етілді. Біз бұл мыс шәугімді мемлекеттік мұражайға табыс етсек деген ойдамыз. Күллі қазаққа аты аңызға айналған батыр баба отбасынан қалған мыс шәугім қазір Алматы обылысы, Еңбекшіқазақ ауданында тұратын Диқанбай болыстың ұрпағы Нұрқабыл Тұранұлының үйінде сақтаулы тұр.

Нұрлан Сәрсенбаев,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, жазушы, этнограф

Пікірлер
Редакция таңдауы