ҚҰРМАНҒАЗЫ РАХМЕТОВ: Желтоқсаншының түрмедегі өмірі

3490
Adyrna.kz Telegram

Түрмеге енісімен бір «хатаға» лақтырды. Түнгі сол он-он бірлердің шамасы. Басым мең зең, жер айналып кеткендей, оның үстіне асқазаным құрғыр шұрылдап, ескі әуеніне бастағаны. «Саламымды» алған ақсақал, түрімнен байқаған болар, жанындағы жастау жігітке бірдеңені ымдады. Өздері отырған темір «дастархандарына» шақырып, қабырғадағы темір жәшіктен стөлге шығара бастады. Бір тілім қара нан мен «аққойдың» екі тілімі, қант қосылған қара шайдың сол дәмі, жылышырай көрсеткен арестантардың қабылдауы әлі есімнен кетпейді. «Шконкаға» жата кетіп, шамның жарығында, қор етіп ұйқыға кетіппін. Таңертеңінгі «проверкаға» жанымдағылар тұрғызғанда , қайда жатып, қайда тұрғанымды оншама аңғара алмадым.
«Дубактың» фамилия, статья деген сұрақтарынан кейін,
-Рахметов, 65,- деп жауап берген кезімде ғана барып, «каторжандық» өмірдің басталғанына көзім жетті. Үш – төрт күннен кейін мені басқа хатаға ауыстырды. Бұл менің алғашқы «хатамнан» анағұрлым кең және іші адамдарға лық толы екен. Саламымды айтып кіріп барғанымда, төрде отырғандардың бірі «статья» деді. Мен 65 деп жауап қайтардым.
«О, бунтовщики!»,-деп шуылдап әр жерден қоя берді. Қанша жыл алғанымды естігенде, алдымнан жігіттер шығып қолдарын беріп жатты.
Отыз мыңдай жиналғандарың, машина өртегендерің, магазиндерді "бомбить" еткендерің, балабақшада шаруаларың не еді, Алаңда машинамен арақ болыпты ғой, өңшең алқаштар бірге қалай жиналдыңдар,машиналар су ды қалай шашты, иттер мен сапер күректермен қырыпты ғой,самолетпен әскер әкелген бе, шекараны жауып тастаған ба, қырғыздарды границадан жібермей қойған ба, қанша адам өлді?..., сұрақтар, сұрақтар, бітпейтін сұрақтар.Шамам келгенінше жауабымды беріп жатырмын. Бір кезде іштерінен егде тартқан біреуі:
-Жігіттер , қойыңдар. Все это крассная пропаганда. Соны да түсінбегендерің бе?! Жас жігітті көп мазалай бермеңдер, онсыз да оған оңай емес дегені. Бар нәрсе, сұрақтар да сап тиылды. Бірталайымен жақын таныса да бастадым. Нарынқол жақтың Марат деген тығыршықтай денелі жігіті бар екен, сол жанынан орын да берді. Байқаймын, ортада сөзі де өтімді жігітке ұқсайды. Оның да фамилиясы Рахметов екен. Жасы сол менен үш-төрт жас үлкендеу. Кешкісін, есік сарт-сұрт ашылып, есіктің алдына қолында «дубинкасы» бар дубак:
Рахметов на выход,-деп оң қолындағы дубинкасын сол қолының алақанына соғып, шіреніп қарап тұрды. Мен басымды көтере беріп едім, жанымдағы Марат атып тұрып, есікке қарай нық басып бара жатты.
Сарт етіп жабылған есіктің дыбысынан кейін бірталай үнсіздік орнады. Он-он бес минуттай уақыт маған бірталай уақыт болып көрінді. Есік ашылып, екі дубак екі қолынан суйретіп Маратымды есіктен суйреп әкеп, тастап кетті. Орнымнан жалма-жан атып тұрып жанына барсам, ыңырсына басын көтеріп, оң қолымен ештеңе етпейді деген ишарат білдірді. Сөйтсем, іші пысқан дубактардың 65-термен жасайтын кішкене «тренировкалары» екен. Түрменің ішінде мұнандай, кеше ғана танысқан жігіт , менің орныма, өз еркімен анандай нақұрыстардан таяқ жеп қайтуы, кешегі Алаңда көрсеткен замандастарымыздың ерліктеріне пара-пар. Түрменің ішіндегі жігіттеріміздің де қолдарынан келгенше қолдауы деп таныдым. Рахмет, Марат замандасым! Қазір қайда жүр екенсің?!...
Бұрынырақта бір барып қайтқан қарт «каторжанның» сөзі де есімде қалыпты. Жеті жыл ма, өзіңді жеті жылға «настраивать» ет. Жақсылығы болса, көре жатарсың. Жаманшылыққа да төтеп бер. Солай жасағаның жөн. Сроктың басында - артыңа, соңында -басыңа ие бол.
Кешкісін қушыкештеу біреуі, ертең жексенбі, базарға тамақ, ол-пұл, темекі алуға кімді жіберсек екен,-дегеніне құлағым елең ете қалды. Ішімнен, барахолкаға бір жетсем шіркін, ар жағы... Сөйтіп ой жуйесіне еніп кетіп бара жатыр екенмін. Орта жастағы бір жігіт, мені келісіп жібере алсаңыздар, барлықтарыңның сұрағандарыңды әкеп берер едім дегені. Сол-ақ екен «хатаның» ішінде қарбалас басталды. Біреу «кешарын» ортаға тастады, біреулері «заначкаларынан» ақшаларын шығарып жатыр, енді біреулері қалам мен қағазыңды қоса әкел, менің тапсырыстарым көп деп қояды.
-Сен өзің, ақшаларымызды жинап алып, қашып кетпейсің бе?
-Жоқ. Жоға да. Мен мекен жайымды, туған-туыстарымды білесіңдер. Жақында уйленгенмін, сағынып кеттім. Бір көрсем болды. Үш жылды бір аяқта тұрып-ақ шыдап беремін ғой ,-деп қояды. Анабір, анабір жерлерден ауыздарын басып, шиқылдап жатқандарын да көзім шалып қалды. Ал ана жігітімнің ешкіммен жұмысы жоқ, керек заттардың тізімін қаламмен түртіп алып жатыр. Жазатындарын жазып, дәптерін қойын қалтасына жақсылап бүктеп салып алды да, қолына «кешарды» алып, ал, мен дайынмын,-дегендей ишарат танытты. Хатаның старшагының артына ілесіп барып, есікті тоқылдата бастады. Біраздан соң есіктің «кормушкасы» ашылып, дубактың не керек деген дауысы да естілді. Старшак құлағына бірдеңелерді сыбырлап жатқан. Қазір, дайын отырсын. Мен сөйлесіп қайтайын деп «кормушка» тарс жабылды. «Барахолшигымыз» тықырлап, тыныш таппай тұр. Біреуден сұрап киген құлақшынын бір қолымен умаждап алған, екінші қолымен тер шыға бастаған маңдайын сүртіп-сүртіп қояды.
Есік те ашылдау әйтеуір. Біздерге бұрылып қарап, қолын көтеріп, мәз мейрам болып кетіп бара жатыр, барахолкасына.
Он минут өтпей есік ашылды. Екі қолынан екі дубак сүйрелеп алып келіп тастаған барахолшигымды көргенде, бірдеңесі дұрыс болмады-ау, старшак дұрыс келісе алмады ма, жағалылардың бастықтары ауысып кетті ме екен деген сұрақтарға жауап іздей бастадым. Артынан кешары ұшып келіп түсті.
Біреуі ішін ұстап, біреуі аузын басып, хатаның іші азан-қазан, қыран-топан күлкіге ұласып кетті... Мен аң таңмын. Сөйтсем, бұл «прописка», былайша айтқанда "плоскый приколдары" екен.
Абақты қатар қатар болады екен.
Ішіне жақсы, жаман толады екен..., деген де осы екен ғой.

Пікірлер