Келіс Жайлыбай: Қазақстан қуаңшылыққа ұшырауы мүмкін

1407
Adyrna.kz Telegram

 

Қазіргі кезде елімізде экология мәселесі дабыл қағарлық күйде екені баршаға аян. Әсіресе Алматы қаласының сейсмологиялық апатты аймақ екенін есте ұстаған жөн. Соған орай «Адырна» ұлттық порталының тілшісі табиғи тепе-теңдікті сақтау жолын ұсынып келе жатқан Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы Келіс Жайлыбаймен сұқбаттасып қайтты.

Әңгімені Алматы қаласының экологиялық жай-күйінен бастасақ.

– Қазіргі кезде биосферада экологиялық жағдай нашарлап келе жатыр. Себебі ғылыми-техникалық революцияның  басталғанына 250 жыл болды. Техника мен технология дамып,  нәтижесінде ауаға көп мөлшерде көмірқышқыл газы,  газ қалдықтары, қорғасын, азот, күкірт оксидтер шығарылады.

Жоғарыдағы мәліметке сай, Алматы экологиясы да жыдан жылға нашарлауда. Жел соқпайды. Соның кесірінен жылу электр станциясы мен көлік құралдарынан шыққан түтін  Алматы қаласының үстінде (бұлт секілді – авт) тұр. Азон қабатынан өтетін аз мөлшердегі ультракүлгін сәулесін қаланың үстінде тұрған түтін мен шаң-тозаң  өзіне сіңіріп, қалғанын кері қарай ғарышқа  жібереді. Нәтижесінде ультракүлгін сәулесі жерге  дейін жетпей, түрлі бактерияларды  жоя алмай қалады. Себебі  ауадағы вирустар мен бактерияларды ультракүлгін сәулесі ғана жояды.  Сондықтан Алматы экологиясы тышқан інінің экологиялық жағдайына ұқсас деуге негіз бар. Тышқанның  іні 10-12 см тереңдікте орналасады. Інде өзі кіріп-шығатындай тесік бар. Күннен шыққан сәулелер, соның ішінде ультракүлгін сәулесі 10 см топырақ қабатынан өтпейді. Інде өсімдік болмағаннан оттегі шығарылмайды. Ол сыртқы ауадан енеді. Сондықтан інде оттегі аздау, ал көмірқыщқыл газы көп болады. Іші ылғал болып, ауа темпереатурасы бірқалыпты сақталады. Микроорганизмдерді жоятын ультракүлгін сәулелері болмаған соң, ін ішінде түрлі  вирустардың сақталуына қолайлы жағдай туады. Міне, осындай жерде күн кешкен тышқандар мыңдаған жылдар бойы вируспен ауырып,  өлгені өліп, аман қалғандарының вирусқа қарсы  иммунитеті күшейді. Вируспен ауырмайтын болды. Олар енді түрлі вирустариен ауырмаса да,  денесінде вирус сақталады. Көктемде жер бетіне шыққанда вирус клеткалары бірге шығады.

Ауаны тазартудың  жолы бар шығар?

– Қазір Алматы қаласының көп жерінде қара ағаш пен көктерек өсіп тұр. Қалада вирус пен бактериялар болмас үшін  емен, арша және жиде ағаштарын өсіру керек. Бұл ағаштар фитонцидтер мен аз мөлшерде атомарлы оттегі шығарып,  вирустар мен бактерияларды жойып отырады. Яғни, біз тіршілік ететін жерде  аз мөлшерде ультракүлгін сәулесі мен атомарлы оттегінің болуы адамдар мен жан-жануарлар үшін аса қолайлы.   

Алматыда 2 млн-нан аса адам бар деп есептесек, әр адамға шаққанда 10 ағаштан есептегенде 20 млн емен мен арша өсіп тұру керек. Мен бұл ағаштарды  өсірудің ең арзан әрі оңай жолын ойлап тауып, оны насихаттап  жүргеніме 10 жыл  болды. Қазіргі кезде ағаш егуді үйреткен стутенттерімнің саны 1000-нан асты.

 

Биылғы оқу жылында мектепте 2,6 млн бала мектепте оқиды екен. Солардың жартсысына жуығы, яғни  5-11 сынып оқушылары  5-10 ағашан ексе, бір жылдың ішінде 12 млн түп ағаш егуге болады. Бұл әзірге арман ғана.

Арманды жүзеге асыруға қандай кедергі бар?

– Арқаны кеңге салатын әдет. Алматы облысындағы көптеген мектептерге семинарлар өткізіп, ағаш егудің әдісін көрсеттім. Солардың көпшілігі шаруаны жүзеге асыруға келгенде жайбарақаттық танытады.  Алдағы уақытта Еңбекшіқазақ, Қарасай, Жамбыл аудандарында тағы де семинар өткізуді жоспарлап отырмын.

– Ел арасында жауын-шашынның азайып кеткендігі жиі айтыла бастады. Мұның қауіпі қандай?

– Қазақстан аумағының 60 пайызы шөл және шөлейтті дала. Егер біз шұғыл арада ағаш өсірмесек, алдағы 45-50 жылда еліміз қуаңшылыққа ұшырайды. Оның алдын алудың бірден-бір жолы – емен мен арша ағаштарын егу. Олардың бойы 20-50 метрге дейін жетіп, теңізден қанша қашық болса да, маңайына жауын тартады.

Кейінгі бір-екі жылда байқағанымыз: жаздың күні  (шілде-тамыз айларында – К.Ж.) Қызылорда жақтан бұлт келеді де, Алматыға жаумай, Қытайға өтіп кетеді. Неге? Себебі  Қытай Хуанхе өзенінің бойындағы жазыққа бидай мен соя өсіруге дайындалып жатыр. «Әрбір адам бір ағаш егу керек» деген қағида ұстанған олар дабыра қылмай, үн-түнсіз іске кірісуде. Бізге жаууы тиіс жаңбырды шақырып, өз жеріне жауғызып, сөзден іске көшкен. Біз осылардан үлгі алуымыз керек. Сондықтан жауын-шашын азайды екен деп қол қусырып отыруға мүлдем болмайды.

- Нұр-Сұлтан қаласының маңайындағы орман өз жемісін бере бастапты. Жауын-шашын көбейіп, жердің өнім беру көрсеткіші артқан екен. Алматыда  осындай орман жасайтын жер бар ма? Қызылорда жақтан келетін бұлтты түсіндіре кетсеңіз.

– Мен Алматы мен «Алтын Орда» базарының, Қаскелең мен «Алтын Орда» базарының арасын, Алматыны қоршап егетін жоспар жасадым. Оны жүзеге асыруға әлі де мүмкіндігіміз бар. Бұл бір жағынан жауын шақырса, екінші жағынан Жезқазған жақ пен оңтүстік облыстардан келетін ыстыққа тосқауыл болады.

Қызылорда облысы 80 мың гектардар жерге күріш өсіреді. Осыншама аумақтағы судан бұлт пайда болып, Алматының үстімен өтіп, шекара асып жатыр. Бұл қатарға Каспийдің суын да қоса кеткен жөн.

Өзіміз Алматыға беріректе келгесін бе, маса мен шыбын-шіркейлерді көп байқай бермейміз. Бұл жақсы ма, жаман ба?

Қала ішіндегі жәндіктердің жойылуы жақсы емес. Олардың қырылып бара жатуына септігін тигізіп отырған – қала ішіндегі қаптаған жарықшамдар. Жарыққа үйір келетін жәндіктер әлгі жарықшамдарға соғылады да өмірімен қоштасады, не ұзаққа бармайды. Жәндіктер азайған соң құстар да сирей бастайды. Демек шыбын-шіркейдің болмауынан қорқу керек. Дегенмен соңғы жылдары шыбын-шіркей көбейіп кете жатқанын айта аламын. Бұған себеп ауаның жылынуы. Яғни қоршаған ортаның температурасы неғұрлым жылы болса, соғұрлым маса көбейеді.

– Алматыда кейінгі 20-25 жылда тауға, таудың маңайынан  үй салу сәнге айналғаны белгілі. Мұның зияны қандай? 

– Табиғат тепе-теңдіктен тұрады. Тау жаққа үй салу  – жоғарыда айтып кеткендей түтінді көбейту деген сөз. Бұл түтін әуелі өсімдіктерге, сосын жәндіктерге, одан құрт-құмысқа мен аң-құстарға әсер етеді. Осы әсерлердің бәрі жиылып,  қаламыздағы барлық  адамның  таза ауада өмір сүруіне кедергі келтіреді.  Эколог Мэлс Елеусізовтің мәліметінше, Алматы қаласындағы оттегінің мөлшері 17 пайыздың шамасында. Ал ғалымдар атмосферадағы  оттегінің мөлшері 20, 95 пайызын тұрақты деп есептейді. Сондықтан осы мәселені қатты назарда ұстаған жөн. Бұл барлық адам үшін ойланатын дүние. Таудың басынан үй салып қажет емес. Себебі Алматы қаласы сейсмологиялық апатты аймаққа жататыны көпшілікке аян.

Егер оттегі мөлшері 12 пайыздан түсіп кетсе, аппатты жағдай туындауы мүмкін. Сондықтан  да барша қазақстандықтарды ағаш егуге, оның ішінде арша, емен және жиде ағашын егуге шақырамын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Гүлвира Асқарқызы

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер