БАУЫРЖАН СЕРІКБАЕВ: Ал, шуладық! Содан не болар еді?

2287
Adyrna.kz Telegram

Бір ойым былай дейді. Аз уақыт бұрын 31 арнадағы "Неге?" бағдарламасында әр партияның өкілі айтысып, стакан ұшты. Төбелес те болды. Негізі біраз шындық та айтылды. Бүкіл ел естіді. Бірақ не өзгерді?..

Фейсбукте талай дүние жазылды. Қозғалмаған тақырып жоқ қой бізде. Біздің елде барлығы бәрін біледі негізі. Бұл аксиома. "Мен білмейді екенмін. Ойпырмай ә! Солай ма еді?" деп бірде бір қазақ айта алмайды.

Сонда біз кеше партия спикерлерінен не күттік?.. Бәріміз білетін дүниелерді тағы бір рет қайталап айтып-айтып тасташы дегенді күттік пе?.. Ең қызығы ол не беретін еді?.. Ары кетсе фейсбукте пост жазар едік. "Ой керемет", “Мынауың азамат екен”дер едік. Стандартный реакциялар ғой баяғы. Лайк, комент тағысын тағы. Оның өзін кейбіреулер бөлісуге де қорқар еді. Ал, шуладық! Содан не болар еді?.. Ештеңе.

Дебат, айтылған ой резонанс тудырып, әсер ететін қоғамдар болады. Меніңше біз ондай "Ойбай, пәленше айтты ғой" деп өзгеріс жасайтын қоғам емеспіз. Етіміз үйреніп кетті әрі бәрін білсек те пәленше мен түгеншенің аузы қайталап айта берсе екен деп тұратын түсініксіз бір санасында травмасы бар елміз.

Ал, айтты делік. Не істейтін едің?.. Лайк, комент, посттан басқа? Ештеңе істемейтін едің. Бұл аксиома! Істейтін болсаң білмей жүрген дүниең бар ма еді осы уақытқа дейін? Бәрін білесің ғой. Әлде білмейсің бе?.. Сен онсыз да білетін дүниелерді қайталап қашанғы айқайлай беруі керек белгілі бір адамдар?

Негізі бәрі қоғамнан шығады. Бәрі өзімізге сай. Бір-бірімізге лайықтымыз.

Пікірлер