«Біздің «тірі құдайымыз» осы мемлекетті құрып беріпті»

4925
Adyrna.kz Telegram

Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты, белгілі Әлихантанушы ғалым, халықаралық журналист, алаштанушы, «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры,  «Ақ жол» партиясы атынан Мәжіліс депутаттығына үміткер Сұлтан Хан Аққұлұлымен өтті. 

- Елімізде сіздің есіміміңіз Әлихан есімімен қатар жүреді. Көпшілік жұрт сізді Әлихантанушы ғалым ретінде жақсы таниды. Алаш көсемі тәуелсіз қоғамнан өз бағасын ала алды ма?

- Әлихан ол -  ұлт көсемі. Қазақтың басын біріктіріп, шекарасын сызып кеткен алаш қайраткері. Алайда, елімізде ЮНЕСКО мойындаған Әлихан есімі лайықты деңгейде өз бағасын ала алмады. Негізі халықтың көзін ашатын телеарналар ғой. Байқасаңыз, Алаш қайраткерлері туралы айына бір рет пе, еміс-еміс ғана хабарлар болады. Бірақ, Алаш қайраткерлерінің идеялары, олардың еңбегі, олардың өмірі, қызметі, олардың бүгінгі жасқа, бүгінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болатын іс-әрекеттері көп насихатталады деп айта алмаймын. Әрине, Ахмет Байтұрсынұлы атында тіл институты бар, Халел Досмұхамедұлы атындағы университет бар. Бірақ ол насихаттың түрі емес, олардың тарихына тағзым ету ғана.

Олардың идеялары қазіргі қоғамға ауадай қажет. Мысалы, біз Семейге бір ғана «тарихи орталық» мәртебесін беріп қоюмен қатар,  1917-1926 жыл аралығындағы тарихи есімі «Алаш» атауын  қайтарсақ, бұл бір Абайға ғана емес, бүкіл Алаш қайраткерлеріне, Алаш идеясына, Алаш автономиясына көтерген бір зәулім, лайықты, тарихи ескерткіш болар еді. Біз неге осыны ескермейміз? Қазір біздің «тірі құдайымыз» бар. Ол Құдайымыз 1991 жылы 1 желтоқсанда осы мемлекетімізді құрыпты. Қазір мектептерде оқу орындарында Қазақстан тарихы деген пән 91 жылдың 1 желтоқсанынан бері қарай оқытылады. Түсіндіңіз бе? Әлиханның, жалпы Алаш қайраткерлерінің насихатталу негізі мектептен басталуы тиіс.  ⠀

- Алдағы 2 жыл көлемінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы келе жатыр. Сіз алаштанушы ғалым ретінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойлансын деп  мемлекет басшысына хат жолдаған болатынсыз. Дайындық қаншалықты деңгейде жүргізілуде?

- Иә, алда Ахаңның 150 жылдық мерейтойы келе жатыр. Бұл мерейтой ЮНЕСКО аясында тойлануға тиіс. 2016 жылғы қателігімізді жібермеуіміз керек деп мемлекет басшысына хат жолдаған болатынмын. Себебі ұлт көсемі болған Әлихан Бөкейханның тойын жетім қыздың тойындай да тойлаған жоқпыз. Ал бұл қателік алда қайталанбауға тиіс. Қазірден бастап қолға алайық, ұлттық комиссияға тапсырма беріңіз. Ахмет Байтұрсынұлының есімін сол ЮНЕСКО ұйымының бүкіл әлемдік даңқты тұлғалар тізіміне қоссын. Сөйтіп Ахаңның есімі әлемдік деңгейде көтерілсін деген болатынмын. Әлиханның тойында мен жалғыз өзім шырылдап жүрген болсам, Ахаңның тойында біршама Алаштанушылардың бастары бірігіп, Ахмет Байтұрсынұлының  еңбектерін жинақтап кітап ретінде шығарып жатырмыз. Мерейтой ЮНЕСКО көлемінде, жоғары деңгейде тойланады деп сенеміз. «Үмітсіз шайтан» дейді ғой. Сондықтан, зор үміт күтеміз.⠀

-Кеңестік идеология санамызға сіңіп қалған, әлі күнге құлдық санамен жүреміз депсіз бір сұхбатыңызда. Бұдан қалай және қашан құтыламыз? Мемлекетіміз тәуелсіздік алып, өз алдына дербес мемлекет болғалы міне 29 жыл.

- Мен бір ғана нәрсе айтқым келеді. Біріншіден, біз 1991 жылы 16 желтоқсанында саяси тәуелсіздік алдық. Бірақ сол кешегі келмеске кеткен зұлымдық империясынан қалған «жалған» идеологиялық ұстанымнан тәуелсіздік алған жоқпыз. Түсінесіз ғой, иә? Бүгінгі Қазақстанның 29 жылдық тәуелсіздік дәуірінде шынын айтқанда, ұлттық идеология болған жоқ. Өзіңіз білесіз, елімізде «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың 7 қыры» деген Елбасымыздың мақаласы жарық көрді. Сол 2 мақала 2017-18 жылдары емес, 1991 жылдың желтоқсанында ең болмаса, 92 жылдың қаңтарында жарық көрген болса, сол 2 мақала біздің ұлттық идеологиямыздың діңгегі, сара жолына айналуға тиіс еді. Екі мақалаға назар аударып оқып қарасаңыз! Осы 20 жылдың ішінде бізде идея көп болды. Бірақ идеология болған жоқ.

Ең бастысы, біз Кеңес дәуірінен қалған идеологиядан әлі толық тазарып болған жоқпыз. Байқасаңыздар, бізде мемлекеттік билік басында кешегі комсомол мен партияның басшылары, солардың идеолиясы қалып қойды. Есіңізде болса, қайсыбір жылы комсомолдың 100 жылдығын парламенттегі үкімет басында отырған көзі қарақты қайраткерлеріміз түгел қатысып, оны зор қуанышпен атап өтті. Міне, бұл біздің зұлымдық империясының жалған мифологиясынан әлі арыла алмағанымыздың бірден-бір көрінісі. Сондықтан, қазір Алаш идеясының осы күнге дейін насихатталмай келгеніне, оның әлі бұқара халықтың арасынан кең қолдау таба алмай отырғандығының бірден-бір сыры осында жатыр деп ойлаймын. ⠀

-Жеке өмірге оралсақ. Біраз жыл шетелде өмір сүрдіңіз. Қазіргі таңда балаларыңыз да шетелде тұрады. Не себеп? Қазақстанға көңіліңіз толмайды ма?

-Мен елге 2013 жылы оралдым. Иә, жасырмаймын. Менің балаларым сауаттарын шет елде ашты. Мектепті де, ЖОО да шет елде оқыды. Олардың ділі, ойы, мүддесі тіпті басқаша. Мен оларға қайт деп айта алмаймын.  Ал кезінде 2010 жылға дейін оларға «балаларым, білім аласыңдар, елге ораласыңдар. Елге қызмет етесіңдер» деп айтатынмын. Ал мен қазір мынандай жағдайда олай айтуға аузым бармайды. Олардың бірінші тілдері ағылшын тілі, екіншісі швед, жапон т.с.с бірнеше тілдерді меңгерген. Шет елдің дағдысына әбден үйреніп қалған олардың, елге қайтқысы жоқ. Қайтаруға аса құлықты да емеспін. Себебі, олар өз салаларының нағыз мамндарына болатынына сенемін.

Балаларымның бақытты болғанын қалаймын. Менің кенже қызым: «Қазақстанның тұңғыш әйел Президенті боламын» дейді. Мен сенемін, ол болады. Өз жағдайын жасап, білім алып, дамып болған соң, елге келіп «Президент» болатынына сенемін. Елдегі әлеуметтік жағдайды салыстырсам, еңіреп, зарлап жылағым келеді. Мысалы, Швецияда халқы 9 млннан аспайды. Сол Швецияда 50 транс ұлттық компания бар. Осыған сенесіз бе? Ондағы балалар туылысымен-ақ мемлекет қамқорлығында. Оларға ешкім «Үкіметпен ақылдаспадың» деп айтпайды. Сұрағыңызға бір ақ сөзбен жауап қатайын. Неге көңіліңіз толмайды деген. Неге көңіліңіз толады деңіз. Бір-ақ нәрсеге көңілім толады. Ол тәуелсіз ел болғанымызға. Қалғанының бәріне көңілім толмайды. ⠀

-Алда сайлау келе жатыр. Сіз «Ақжол» партиясының мәжіліс депутаттығына үміткер екеніңізді жақсы білеміз. Неліктен «Ақжол" партиясын таңдадыңыз?

-Кезінде Әлихан айтыпты ғой: «бұл заманда айқасып, тартысқандар ғана төрден орын алып жатыр» деп. Сол үшін мен де қол қусырып отыра алмадым. Таңдауым «Ақжол» партиясына түсті. Себебі, «Ақжол» партиясының сайлауалды бағдарламасынан артығын көргенім жоқ. «Ақжол» алдымен жерді сатпауды көздейді. Жер зат емес сата салатын. Ұлттық баға жетпес байлық. Екіншіден, Алаш идеологиясын көздейді. Үшіншіден, әділдік. Төртіншіден, сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау. Егер мемлекет басқару ісінде «Алаш» идеологиясы жүзеге асырылатын болса, одан еліміз ұтылмайды. Керісінше, ұтады. ⠀

-Биылғы сайлау қаншалықты әділ өтеді деп ойлайсыз?

Осыған дейін елімізде әділ сайлау болған емес, оны басшылық та мойындап: «Биыл, бұрын соңды болмаған әділ сайлау болады» деген сөздерімен аңғартты. Халық өз шешімін жасауға тиіс. Мен айтар едім: Айналайын халқым ау! Өзің қай партияны қалайсың, соған дауыс бер! "Нұр Отан" ба? "Нұр Отанға" дауыс бер. "Ақжол" ма? "Ақжолға" дауыс бер! Ешкімді қинаудың қажеті жоқ. Алайда, халық бұрынғыдай қараңғы емес. Көздері ашық, көрсоқыр емес. Бәрін көріп отыр. Сондықтан, үмітіміз зор. Егер елдің болашағы бұлыңғыр болсын демесек, дұрыс жолға бұрылуымыз керек. Кезінде бір кісі айтыпты ғой, «күтетін болсам арты ұзақ сияқты» деп. Күтіп жүргеніме, міне 29 жыл болды. Алайда өзгерген ештеңе жоқ. Сондықтан, әрекетке көшуді жөн санадым. Сайлауға келер болсақ әркім өз таңдауын жасасын. Күтетін үміт көп.⠀

- Сұхбатыңызға рақмет!

    Сұхбаттасқан: Эльмира КӨШЕКБАЙ,

"Адырна" ұлттық  порталы.

 

 

     

Пікірлер