Әлемдегі ең үздік университет елордалық оқушыға оқу грантын берді

9463
Adyrna.kz Telegram

Әлемдегі атақты университеттердің көшін бастап тұрған Массачусетс технологиялық институты елордалық Эльдар Уркумбаевқа грант ұсынды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Эльдар – Нұр-Сұлтан қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы.

- Мен Халықаралық Бакалавриат бағдарламасында оқып жатқандықтан, жоғары оқу орындарын талдау барысында АҚШ университеттеріне басымдылық таныттым. Маған негізінен академиялық еркіндік пен пәнаралық зерттеу қағидаларын ұстанған жоғары оқу орындары ұнайды. Ал бұл АҚШ-та жақсы дамыған. Оған қоса, MIT университеті АҚШ және әлемнің ең үздік техникалық жоғары оқу орындарының бірі. МІТ қауымдастығының 88 мүшесі Нобель сыйлығының лауреаттары болып табылады. МІТ түлектері Google, Oracle, Amazon, McKinsey Accenture, Apple, Boeing и Microsoft сынды үлкен компанияларда қызмет етеді. Бұндай үздік, беделді университеттен шақырту алу мен үшін және менің отбасым үшін зор құрмет, - деді ол.

12-сынып оқушысы өз болашағын биология пәнімен байланыстырып отыр. Жас дарын биологиядан республикалық олимпиадаларға үш жыл қатысып, NIS тобының мүшесі ретінде бір алтын және екі күміс медальдарға ие болды.

Сонымен қатар, ол 2018 жылдан бастап мектепте олимпиадалық биологиядан оқушыларға сабақ береді.

Болашақта Эльдар биологияның тар шеңберлі мамандығы бойынша магистратураға түсіп, шетелдік тәжірибе жинақтауды жоспарлауда.

Айта кетейік, QS университеттерінің әлемдік рейтингісі бойынша Массачусетс технологиялық институты рекордтық көрсеткішін жалғастырып келеді. Білім ордасы робототехника мен жасанды интеллект секторлары және ақпараттық технология, физика, химия және математика салаларын оқыту жүйелері бойынша ең таңдаулы болып саналады. Сонымен қатар, университет менеджмент, экономика, лингвистика, саяси ғылымдар және философия салаларын оқытуымен де танымал.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер