Павлодарда 23 көше қазақшаланды

4961
Adyrna.kz Telegram

Павлодар қаласында бір күнде 23 көшенің атауын қазақшалау туралы шешім қабылдады. Бұл бұрын-соңды болмаған үлкен оқиға. Жергілікті халық мұны бөркін аспанға атып, зор қуанышпен қабылдап отыр. Өйткені статистикаға сүйенсек Павлодар қаласындағы 335 көшенің  62-сі ғана қазақ тілінде. Сондықтан бұл онамастика төңірегіндегі айтулы қадам болды.

Бүгін Павлодар қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтіп аталған 23 көшенің атауын ауыстыруды депутаттар 100 пайыз қолдады.

Еске сала кетсек, жақында осыған орай, яғни идеологиялық тұрғыдан ескірген көше атауларын өзгерту бойынша қоғамдық тыңдау өткен болатын. Жергілікті қоғам белсенділері мен зиялы қауым тарапынан ұсынылған 30 көшенің 23-і қалалық мәслихат депутаттарының қолдауына ие болды.

Жоғарыда айтқанымыздай, көше атауларының қазақылануын қолдағандар көп. Солардың бірі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, облыстық А.П. Чехов атындағы драма теарының басшысы Виктор Аввакумов.

«Мен қоғамдық дамуды қолдаймын. Уақыт талабына сай көшелер мен елді-мекендердің атауын өзгерту орынды деп есептеймін. Эмоцияға салынып, қарсылық білдіретіндер де бар. Бұл заңды құбылыс. Кез келген мәселеге компромисс табуға болады. Осы елдегі азамат ретінде мен бұл процесске қарсы емеспін. Өзгеру керек, әрі қарай даму керек»,- деп атап өтті театр басшысы.

Бұдан бөлек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Арман Қани жергілікті басшыларды әлеуметтік желідегі фейктерге жалтақтамауға шақырды.

«Меніңше, фейктердің авторлары Павлодардан емес. Тіпті, өзге өңірлерден немесе басқа мемлекеттен болуы да мүмкін. Бірақ, біз оларды ескермеуіміз керек. Павлодарда 335 көшенің  62-сі ғана қазақ тілінде. Бұл ономастика саласынадағы түйткілді мәслелердің бар екенін көрсетеді. Оларды шешу үшін Патшалық, Кеңестік түсініктегі топтарға қарсы жұмыс жасау керек. Мен басқа амалын көріп тұрған жоқпын. Осы жолда Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласын негізге алу керек деген ойдамын», - деді ақын Арман Қани.

Сонымен өзгерген көшелер тізімі:

  1. Мир көшесі - Олжабай батыр,
  2. Ермаков көшесі - Мұстафа Шоқай,
  3. Набережная - Шон би,
  4. Урицкий көшесі - Генерал (Үкімет) Смағұлов,
  5. Циолковский көшесі - Бауыржан Момышұлы,
  6. Роза Люксембург көшесі - Қазақ радиосы,
  7. Теплов көшесі - Бөгенбай батыр,
  8. 1-я Южная көшесі - Бірлік,
  9. 2-я Южная көшесі - Кәукен Кенжетаев,
  10. Парковая көшесі - Мұқағали Мақатаев,
  11. Донецкая көшесі - Мағжан Жұмабаев,
  12. Кубанская көшесі -Қалмұқан Исабаев,
  13. Совхозная көшесі - Рафиға Нұртазина,
  14. Таганрокская көшесі - Қазанғап би,
  15. Ангарская көшесі -Нағымбек Нұрмұхаммедов,
  16. Читинская көшесі - Аманжол Шәмкенов,
  17. Декабристов көшесі - Қамар Қасымов,
  18. Молодежная көшесі - Жастар көшесі,
  19. Юннатов көшесі -Дихан Әбілов,
  20. 1-я Советов көшесі, 2-я Советов көшесі - Генерал Бәкіров,
  21. Зыряновская көшесі - Қабдыкәрім Ыдырысов,
  22. Саянская көшесі - Алма Ажибаева,
  23. Лесная көшесі - Ағайынды Дүйсембиновтерболып қайта аталатын болды.

 

Еркебұлан АСҚАРОВ,

"Адырна" ұлттық порталы

(Суреттер ғаламтордан, ашық дереккөздерден алынды)

Пікірлер