«Батырлығын Кәшкенің, Ел болып оныжырлады…»

4308
Adyrna.kz Telegram

Біздің елде Кәшке батыр жөнінде ауызекі аңыз әңгімелер көп айтылады. Ал, шындығында Кәшке батыр кім болған?
Алдымен ата-баба шежіресіне көз жүгіртейік. Кәшке батыр – Ұлы жүз Шапыраштының Есқожасынан, Есқожадан – Алтынай. Алтынайдан – Қарасай тарайды. Қарасайдан – Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек. Түрікпеннен – Тілеу, Жарылғап, Қызылқұрт, Түктіқұрт, Малғара.
Түктіқұрттан – Дәулет, Қаумен, Бәйтелі, Жәпек. Атақты Қарасай батырдың ұрпақтарынан елі мен жері үшін бел шешіп жатпаған, қазақ даласының бар тарабын қорғаған баһадүр сарбаздар мен сардарлар көптеп шыққан.

Қарасай батыр және оның ұрпақтары жайлы Сүйінбай ақын былай жырлаған:
Үлкен ұран Қарасай әуел бастан,
Содан бері Қарасай даңқы асқан.
Оған ерген ерлердің батырлығын,
Ақын-жырау келеді етіп дастан.

Ер Қараш айқайымен жау қашырды,
Атын білген дұшпаны аласұрды.
Қараш десе қарсы жау беттемеген,
Сөйткен батыр ерлерді жер жасырды.

Ұрпағы Қарасайдың Дәулет, Қаумен,
Алысқан қан ағызып талай жаумен.
Қайратына Жәпектің жау шыдамай,
Қашыпты Қытай асып Алатаумен.

Әулеті Қарасайдың түгел батыр,
Орнатқан дұшпанына заман ақыр.
Сұраншы мен Саурықтың ерліктері,
Күн сайын қалың елге тарап жатыр.

Дәулет батыр Түктіқұрттың 36 жасында дүниеге келіпті. Түктіқұрт жорыққа шығып бара жатып, айы-күні жетіп отырған әйеліне:
– Ұл тапсаң атын Дәулет қой. Балаларым шетінеп кете берді ғой. Мен келгенше жан баласына көрсетпей ұсташы. Көз бен сөз қиын болады екен, қиып түседі екен, – депті.
Бір жылдай Түктіқұрт жорықта жүріп қалады. Үйіне оралса әйелі шекесі торсықтай балпанақтай ұлын көтеріп алдынан шығады.
– Мә, мынаны бесігіне іліп қойшы, әдейі Түркістаннан Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мазарынан құран оқытып алып келдім, – деп шеті түйілген орамал береді.
Сол бесік құт болып, Дәулеттен басқа Қаумен, Бәйтелі, Жәпек сынды бауырлары дүниеге келіп, төртеуі де туғаннан сол бесікте жатып өжет, алғыр, жасынан жасанған батыр болып өсті. «Түктіқұрттың көкжал ұлдары келе жатыр» дегенде дос түгіл жауларының өздері қойларын сойып, қолдарын қусырып күтіп тұратын болды.
Бұл төрт батырдың ерлікке толы ғұмырлары жайлы айтылар әңгіме көп-ақ, жаудан қайтпаған бұл қаһармандар туралы аңыз-әңгімелер қаншама!
Дәулет батырдан үш ұл: Нұрабай, Мырзабек, Кәшке. Нұрабай жасынан зерек, ел ісіне ерте араласқан, қарадан шығып хан болған, бірақ тағдырға не шара, ерте дүние салған тұлға. Мырзабек басынан бақ-дәулеті арылмаған өсіп-өнген ата.
Дәулет қырыққа келгенде 1717 жылы Кәшке туады. Кәшкені де туа салысымен әкесі жатқан бесікке бөлейді. Бұл бесікке жатқан әр баладан кейін белағашына күйдіріп белгі соғады екен. Кейін бұл бесікке Кәшкенің балалары Ақынбек, Стамбек, немерелері Сұраншы, Саурық және басқа немере-шөберелері, ұрпақтары жатып өсіпті. Қызған темірмен белгі қоятындай жері қалмаған бұл қасиетті бесікті Совет өкіметі орнағанда бай тұқымы деп Мырзабектерді конфискелеп, жер аударғанда жолда большевиктер тартып алып, сындырып лақтырып тастапты.
Кәшке дүниеге келген жылдары қазақ басына ауыр жағдай туған аласапыран қиын-қыстау кезең еді. Алтын Орда құлағаннан кейін аса шиеленісті жағдайда қалыптасқан қазақ-жоңғар қарым-қатынастары осынау әдет-ғұрпы, тұрмыс салты бір-біріне өте жақын халықтардың ұзаққа, өте ұзаққа созылған соғыс жағдайында өтті. ХVІ ғасырда жоңғар әскерлері қазақ жеріне жеті рет күтпеген жерден шабуыл жасады.
Осы шайқастардың бел ортасында Дәулет, Қаумен, Бәйтелі, Жәпек секілді Қарасай батырдың батыр да батыл ұрпақтары жүрді. Аңырақай шайқасы қазақтың қазақ болып қалуындағы ұлы жеңісі болды! Міне, бала Кәшке осы тарихи жерлерді көріп, шайқас жайлы Бұқар жырау, Үмбетей ақындардың әйгілі жырларын, соғысқа қатысқан сарбаздардың әңгімелерін естіп өсті. Солар секілді ержүрек батыр болсам деп өз-өзін дайындай бастады. Әкесі мен батыр аға-бауырларымен бірге түрлі жиын, мәжілістерге қатысты.
Аға, бауырлары оны әскери өнерге баулыды. Мылтық атқызды, садақ тартқызды, аңға бірге алып шығатын болды. Кәшке жас күнінен құралайды көзге атқан мергендігімен және зерек­тігімен көзге түсті. Ат құлағында ойнаған бапкер,тақымды көкпаршы, әдіскер сайыс­кер, алымды балуан болып өсті.
Әсіресе Шапырашты Наурызбай батыр мен Дәненұлы Сәмен батырдың қолында болып, көпті көрді, көп нәрсені үйренді.
Сәмен батыр қазіргі Жамбыл ауда­нындағы өңірде Ақсеңгір деген жерде дүниеге келген. Дулат – Ботбай, Ботбайдың ішінде Шағатай. Ол зор денелі, ірі кісі болыпты. Атқа мінгенде екі аяғы жер сызып жүретіндіктен, өзіне лайықты ірі тұрпатты жылқы мінеді екен. Елімізді азат ету жолында ересен ерлігін, ұйымдастырушылық әскери қолбасшылығын көрген Төле би: «Атың Ботбай еліне ұран болсын, ұрпақтарың өзіңдей қыран болсын!» деп бата берген екен. Содан бері Ботбай елінің ұраны «Ботбай Сәмен!» болған. Әсіресе «Аңырақай шайқасында» Сәмен батыр соғыс өнерін жетік білетін қолбасшы, жекпе-жекте қаймықпайтын нағыз көзсіз батыр екенін көрсетті.
Өжет те алғыр Кәшкені Сәмен батыр ерте танып, өзіне көмекші етіп, қайда жүрсе де қасына ертіп жүреді. Кейін түменбасы болып тұрған баһадүр шапырашты Наурызбай батырға апарып таныс­тырады.
Алғашқы шайқастарда-ақ көзге түскен Кәшкені жастығына қарамай, онбасы, жүзбасы, кейін мыңбасы етіп тағайындайды.
***
ХVІІ ғасырдың сексенінші жыл­дарындағы жоңғарларға қарсы жүр­гізілген соғыстар тым ауыр болды. Бұл кезеңде қалмақтар Қаратау маңын, сауда жолдары өтетін қалаларды басып алуға ұмтылды. 1711, 1712, 1714-1718, 1723-1725, 1742 жылдардағы қал­мақ шапқыншылықтары қазақтарды қатты қантөгіске ұшыратты. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» сол замандарда айтылған шерлі сөз. Құрып кетудің аз-ақ алдында тұрған халқымыз Абылай хан кезінде қайтадан ес жиып, бас көтере бастады. Қазақтардың алғашқы ірі жеңісі 1728 жылы Шұбартеңіз жағасында болды.
Ал 1729 жылы Аңырақай деген жерде жоңғарлар ойсырай жеңіліп, Жетісудан қуылды. Жоңғардың атақты басшысы Қалдан Церен өлгеннен кейін жоңғарлар өзара қырқысып кетті. Жауқұмар көршілерінің іс-әрекетін қадағалап отырған Манчжур-Қытай императоры осы сәтті пайдаланып қалуға тырысты. Сөйтіп, 1755, 1756 және 1757 жылдары қытайлар Жоңғар еліне қайта-қайта шабуыл жасап, ақыры бұл мемлекетті біржола жойып тынды. Ойраттардан азат етілген өңірлерге Орта жүз және Ұлы жүз тайпалары қоныстандырылды. Абылай ханның ақылды саясатының арқасында қазақтар Ресей және Қытай сияқты екі ұлы державаның арасында жатқан өз жерлерін сақтап қалды.
Адам айтқысыз азапты асуларда миллиондаған бауырларынан айы­рыл­ға­нымен, қазақ халқы елі мен жері­нің бостандығын жоғалтқан жоқ. Ал жоңғарлар болса, ақыры өздері жер бетінен мүлдем жоғалып кетті. Тарихтан Еуропа елдеріндегі отыз жылдық, әрісі жүз жылдық соғыстар белгілі. Бірақ қазақтан басқа ешбір халық өз бостандығы үшін үш жүз жыл бойы күресіп көрген емес. Құрып кетудің аз-ақ алдында тұрса да, қазақтар азат­тық үшін үш жүз жыл бойы арпалысып өтті.
Міне, ат жалын тартып мінген бозбала Кәшке өмірінің соңына дейін осындай сан түрлі майдандарға қатысты. Енді Кәшке батырға қатысты кейбір жайттарды ортаға салмақпыз.
***
Кәшкені он беске қараған бозбала шағында әкесі мен ағалары алғаш рет алысқа алып шығады. Бұл үш жүздің игі жақсылары бас қосқан ұлан-асыр той еді. Атажұртына қайта қоныстанып, ата жауларын жеңгендерінің құрметіне алты Алашқа сауын айтып дүбірлеткен той өткізілді.
Жазық далаға ұшы-қиыры жоқ киіз үйлер тігілді, жан-жақтан келіп жатқан қонақтарда шек жоқ. Күтіп алушылар қонақтарды дереу іліп алып, ауыл-ауыл болған үйлерге орналастырып жүр. Елдер бір-бірімен сағына жылап көрісіп жатыр. Қуанып мәре-сәре болып, алтыбақан теуіп, арқан тартып, түрлі ойын-сауық құрып жүргендерде есеп жоқ.
Жан-жақтан өзендей ағылған жұрт жиналып, бітті-ау деген күні той мәжілісі басталды.
Алдымен шейіт болғандарға арналып құран оқылды. Биік тақ үстіндегі Әбілқайыр хан тік түрегеп сөз бастады:
Уа, халайық! Айналайын асыл жұртым! Еңбектеген баладан еңкейген қартымызға дейін ақжарылқап күн туды. Жан-жаққа жөңкіп, ауып кеткен, тентіреп кеткен ел-жұртым ата-баба жеріне қайта оралды. Біздің қасиетті жерімізді тартып алып, халқымызды ашаршылық пен күйзеліске ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қасіретті кер заман кері кетті. Жоңғарларды жер жастандырып, қайта тұрмастай етіп, тас-талқанын шығарып қуып шықтық. Осынау жылдары бір жарым миллион қаһарман елімнің адамдары опат болды. Еліміз үшін, жеріміз үшін асыл ерлер жан қиды. Жат жерде қаншама жұртым қынадай қырылып кетті. Аруақтардың жатқан жерлері жарық болсын! Біз сіздердің кектеріңізді алдық, құрбан болған ағайындарым! Басымызды иеміз! – деп хан басындағы алтын зерленген мұрағын шешіп, басын иіп еді, бүкіл ел бір тізерлеп жапырлай отырған қалпы бас киімдерін алып, үн-түнсіз қалды. Тек даланың сары желі ғана ертерек ағарып, бозарып кеткен жауынгерлердің бастарын сипай сылайды.
Кәшке жан-жағына қараса бүкіл жұрт еңкілдеп жылап тұр екен. Бұл ауыр кезеңде бүкіл қазақтың үштен бірі опат болды, қайғы жамылмаған шаңырақ жоқ. Қасында тұрған дәу Сәмен батыр да, бауыр­лары да, әкесі де көз жастарын тия алар емес. Бүгілген жұрт ұзақ тұрып қалды.
– Уа, асыл текті жұртым! Шейіт болған бауырларымның иманы о дүниеде алдарынан жарылқасын! Енді Алла тек бейбіт заман берсін! Бүгін – жеңіс тойы! Енді осы ұлы шайқаста көзсіз ерлік көрсеткен қолбасыларымыз мен батырларымызға құрмет көрсетеміз.
– Сұлтан Әбілмансұр! – дегенде бүкіл дала:
– Абылай! Абылай! Абылай!.. – десіп жаңғырып кетті.
– Аңырақай шайқасында «Абылайлап», Абылай хан атасының атын ұран ғып шапқан әйгілі сұлтан ғой!
– Төле би атамыз тәрбиелеп, бағыпты ғой.
– Атадан ұл туса осындай болсын! – десіп бүкіл ел жапа-тармағай ортаға шыққан жас Абылай сұлтанды көруге ынтығып, дәріптей бастады.
Әбілқайыр хан Абылайға сабы алтын алмас қылыш сыйлап, оң жақ тізесінен орын ұсынды.
Кәшке даңқын сыртынан сан мәрте естіген қазақ елінің марқасқа, біртуар перзенттеріне деген хан сыйлығы, халық қошеметін көріп таңдай қақты.
– Ақылдасқан азбайды, келіскен кем болмайды. Қиын-қыстау кезеңде дұрыс жол таңдауда өлшеусіз үлес қосқан қазақтың дана үш биі: Әз Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Алшын Әйтеке билерді жаныма шақырамын, – деп хан әрқайсысына алтынмен зерленген жібек шапан жауып, сол жағынан орын ұсынды.
– Жеңіс туын желбіреткен қаһарман қолбасшылар баһадүр батырлар жасасын! Ортаға түменбасылар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырларды шақырамын, – дегенде сарбаздар ұран шақырып, даланы жаңғырықтырды.
Оларды алтын ер-тұрманды мойындары қаздай иілген арғымақтарға мінгізіп, бүкіл жиналғандар алдында марапаттап, салтанатпен жүргізді.
Екі көзі шоқтай жайнаған Кәшке бәріне таңдана қарайды. Ерекше көзге түскен батырларды жеке-жеке шақырып, сый-сияпат тапсыра бастады.
Жолбарыс Қайдарұлы, Қарақұл Тағаұлы, Қонақай Жанкісіұлы, Шөрекұлы Көкжал Барақ, Өтеген Өтеғұлұлы, Саңырақ Тоқтыбайұлы, Сәмен Дәненұлы, Хангелді Сырымбетұлы, Қойгелді Сартұлы және басқа да батырлар, Аңырақай шайқасында жеке-дара ерлік көрсеткен билер, сұлтандарға да айрықша ілтипат білдіріп жатты. Үш жүздің ардақтылары мен салмақтыларына жанынан рет-ретімен орын ұсынды.
Әсіресе Кәшкенің есінде мәңгілік қалғаны әз Төле бидің айтқаны болды:
Жылқыдан асқан текті жануар жоқ.Жылқыны алғаш ауыздықтап, жуасытқан елміз. Біз атқа мінбейік, қарымызға қылыш ілмейік, ешкімге босқа тимейік деп жүрдік, тып-тыныш боп көп жүрдік. Жоңғар деген оған болмады, жерімізге сұғын қадап оңбады. Іргемізден жау шықты. Қазақ біткен атқа қонды, қолына бес қаруын алды, – деп термелеп кетті дейсің. Әз Төле би сөзінің соңында елді жеңісімен құттықтап, әрдайым бірлікте, ынтымақта болуға шақырды. Соңында ғибрат айтып, бата берді:
Көсіле шабар жерің бар,
Қол боларлық елің бар.
Қол бастайтын ерің бар,
Атадан қалған жолың бар.
Жай отырып құл болсақ,
Атадан ұл боп туды деп,
Кейінгіден кім айтар?

Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің атасы болма,
Бір елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.

Адамның басшысы – ақыл,
Шолушысы – ой.
Жетекшісі – талап,
Қорғаушысы – сабыр.
Сынаушысы – халық,
Таусылмайтыны – арман,
Ардақтысы – өмір,
Ең тәттісі – сыйластық.
Берекені көктен тілеме,
Бірлігі мол көптен тіле!
Қазақтың дана үш биі сөйлегенде аспан­дағы ұшқан құс та қыбырламай тыңдап тұрды-ау.
Той жұмадан жұмаға созылды. Көптен көрмеген, қиын-қыстау күндері ажырап қалған ағайындар бірін-бірі іздеп, табысып, мәре-сәре болып жатты.
Бұқар жырау, Үмбетей, Қожаберген жыраулар бастаған ақын-жыршылар ұлы жеңіске жеткізгендерге өлең-жырларын арнады.
Түменбасылар – мыңбасы, жүзбасы­ларға жаудан түскен мал-жаннан бөліс беріп қайтарды. Бойдақ жігіттер мен батырларға жоңғардың әдемі қыздарын берді.
Байтақ далада қайтып келе жатқанда Дәулет әкесі:
– Балам, біз Қарасай бабамыздан бері батырлық пен батылдық кетпеген киелі әулеттенбіз. Жаудан қайтпаған батыр болады. Ол үшін мың сан айлалы, әдіскер, шайқас жағын жете білетін, әділ шешім қабылдай алатын білгір болуың керек. Әне, тойда сен балуандармен күресіп, бесеуін жықтың, біреуінен жығылдың, әдісің жетпеді, бұғанаң қатып, сүйегің жетілмеді. Әлі-ақ талай сайыс-күреске қатысып, бас бәйгені алатын боласың, — деді.
Ел-жұртын жоңғарлардан азат етілген Қаратал мен Лепсі өзендерінің жағасына оңтүстіктен көшіріп әкелген соң Қарасай батыр ұрпақтары үлкен ас берді.
Сол астың үстінде әкесі Дәулет өзінің үзеңгілес, қарулас досы Ботбай Сәмен батырға Кәшкеге өкіл әке болыңыз деп қолқа салды. Бұрыннан жарасып жүретін Сәмен батыр мен Кәшке әкелі-баладай бірге жүрді, өрісі де қонысы да қатар болды. «Жау келіп қалды!» десе шайқасқа бірге аттанды.
Келер жылы Самарқандағы кіреші-керуендерден шеберлер шақыртып, Кәшкеге сауыт, бес қаруын жасатты. Олар келер жазда сәл үлкенірек демесеңіз Кәшкеге арналған бүкіл сауыт, сайманын, бес қаруын түгел әзірлеп әкелді.
Шайқасқа шығатын және көкпар, аңға шығатын екі ер-тоқымды Іле бойындағы ершілерге жасатты. Ер жігіттің астындағы тұлпары да, ер-тоқымы да берік, мықты болуы керек. Он жетіге толар-толмаста Кәшке алғашқы шайқасқа қатысты.
***
Абылай хан Кәшкеден алты жас үлкен еді. Кәшкенің қалған ғұмыры Абылайдың жанында, Абылайдың ақ туының астында өтті. Абылай жасынан жетім өсті, кемеңгер Төле би тәрбиелеп, қатарға қосты, алғашқы аты Сабалақ болды.
Әбілмансұр – Сабалақ сол жасөспірім шағында-ақ жоңғар басқыншыларына қарсы бүкілхалықтық күреске аралас­ты. «Барлық шапқыншылықтарға әуелі қатардағы жауынгер ретінде қатысқан ол, – деп жазды Ш. Уәлиханов, – ғаламат ерлігімен, айлакерлігімен көзге түсті. Оның ұтымды кеңестері мен стратегиялық айла-әдістері жас жігіттің ақылдылығын танытты». 20 жастағы Әбілмансұр, әсіресе жоңғарлармен Ұлытау маңындағы болған алапат шайқаста ерекше көзге түсті. Ол батырлардың ұрыс алдындағы дәстүрлі жекпе-жегінде жоңғар қолбасшысы Қалдан Сереннің мұрагері – Шарышты (Чарышты) өлтірді. Ойраттар күйрей жеңілді. Осы шайқаста Әбілмансұр жауға шапқанда «Абылайлап» ұран тастап, атасының аруағына сыйынды. Сондықтан оның өзін қарулас жолдастары «Абылай батыр» атап кетті. Осы жолы оның Көркем Уәлидің жоғалып кеткен баласы екені мәлім болды. Міне, осы сәттен бастап Әбілмансұр-Сабалақ Абылай атанды.
Абылай балаларына айтқан өсиетінде Қытаймен жақындаса отырып, Ресеймен келісімді сақтауға кеңес берген. Ол қытайлықтар хан өкіметіне қауіп төн­діре алмайды, мұның есесіне орыс үкіметі өздеріне қашан да қарсы тұрады деп есептеген.
Қазақтың бірде-бір ханы оған дейін де, Абылайдан кейін де мұндай шексіз билікке ие болып, халық құрметіне бөленген емес.
Жоңғарияны жеңіп, 1743 жылы бейбіт келісімге келеді. Енді Цин империясы күшейіп, қытайлықтар қазақ жері­не қайта-қайта басып кіре берді, 1756, 1758, 1760 жылдары қытайлықтар шабуылы болды.
Талас пен Ташкент аралығында көшіп қонған Ұлы жүздің рулары Абылай ханның басшылығымен шығысқа жылжып, ұзақ әрі сәтті шайқастан кейін оларды Кіші Алатаудан асырып, өздерінің ертедегі мекенін иеленді. 1824 жылдан бері Ұлы жүз Ресейдің қарамағында саналғанымен қытайлықтар Іле өлкесіне 1840 жылға шейін салық жинау үшін әскерлерін жіберуін қоймады, ақыры олардың әскері Тереңөзек сайында шапыраштылардан масқара боп жеңіліп қайтты.
Бұл жорықтарға қатысқан алдымен жүзбасы, кейін мыңбасы болған Кәшке батыр арыстандай айбатты болып, қаһарланса қар жаудырардай, өте ірі денелі, кесек бітімді, алғыр да өжет әрі әдісқой батыр атанды.
***
Әсіресе ерекше бір көзге түскені қазақ­тың ата жауы жоңғарлардан кек ала­тын қолайлы сәтте соғыс жағдайын ерекше жақсы білетін батылдығымен аты шықты.
1771 жылы Поволжьедегі қоныстанып қалған 30909 түтін немесе 180 мың қалмақ өздерінің ата жұртына көшті. Көшті мыңдаған мұздай қаруланған жауынгерлер күзетіп, қоршап жүрді. Қазақ даласынан тез әрі білдірмей өтіп кетеміз деген дәмесінің рәсуасы шықты. Сан жылдаған қасірет-қайғы әкеліп, қаншама адамды қырғынға ұшыратқан ата жауына көкжал батырлар мен сарбаздар бүйірден бүйідей бүре түйісті. Олар күтпеген жерден шабуыл жасап, көштің бір бөлігін бөлектеп, қырып тастап, қайта көрінбей кетіп жүрді. Әсіресе Кәшке бастаған қол жер жағдайын өте жақсы білгендіктен түнде шабуылға шығып жүрді. Әбден сілелері қатып шаршаған қалмақтар қалың ұйқыға кетті-ау дегенде есін жиғызбай ұрандап, қолға түскен қыз-келіншек, бала-шаға демей, тұтқындап алып кетіп жатты. Қапырық жазда қалың шаңға көмілген ұбақ-шұбақ қалмақ көші әбден есеңгіреп, тек 11198 түтін ғана атақоныстарына әзер жетті. Бұл көш «Шаңды жорық» деп атанып, әзер аман жеткендерден бүгінгі қалмақтар тарады.
Ал тұтқынға түскен қыз-келіншек­терді әйелдікке сарбаз, сардарлар бөліп алды. Бала-шаға, тұтқындарды ру-руға таратып берді. Олар сол руларға сіңіп, ассимиляцияланып, қазақ болып кетті.
Осындай ұлан-асыр шайқаста Сартұлы Қойгелді (1702-1795) батыр мен Кәшкедей ердің іс-қимылы елге аңыз болып тарады. Қойгелді батыр ағасының жанында Кәшке сан түрлі жорықтарға қатысты.
Қойгелді Төле бидің тірі кезінде және ол өлгеннен кейін оңтүстіктегі қазақтың үш жүзін және қарақалпақ жұртын біріктіріп, олардан 30 мыңдық әскер жасақтап, азаттық үшін жаумен шайқасқа бастаған. Оның басқаруындағы осынау қаһарлы күш 1757-1758 жылдары Ташкент, Түркістан, Сайрам қалаларын, Қаратау, Алатау атырабын, Талас, Шу өңірін жоңғарлардан толық азат етіп, Абылай хан бастаған қалың қолмен бірге Жоңғар қақпасына жеңіс туын тіккен.
Қазақта «Төле би келмей жүріс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ» деген мәтел сол кездерде пайда болған.
Кәшке батырдың айбыны асқан шайқастарының бірі – Жетісу өңірін қырғыздардан азат ету соғысы болды. Қырғыздар Жетісуды жаулап, сонау Шу, Таласқа дейін қоныстанып алған болатын.
Абылайдың ел ішіндегі билігі орнықты болды. Ол тек қана Орта жүздің ғана емес, Ұлы жүздің үйсіндеріне де хан болды. Абылайдың бойындағы ерекше қасиет қазақ халқына елдік рухын септі деуге болады. 1770 жылы Абылай бұрттарға шабуыл жасап, оларды Шу аңғарына дейін қуып тастайды. Шуға құятын Қызылсу мен Шамси өзендерінің аралығында болған қанды қырғын бүгінге дейін «Жайыл соғысы» деп аталады. Осыдан кейін-ақ бұрттар быт-шыт болып, әскери күш болудан қалады. Көкшетаудағы ордасына қайтып келгеннен кейін Абылай тұтқындардан «Жаңа қырғыз» және «Бай қырғыз» деген екі болыс ел құрады. Абылайдың негізгі қыстаулары Есіл бойында бо­латын. Абылай оңтүстік өлкелерде соғыс жүргізгенде жеті қаланы алып, Жизаққа дейін жетті. Әзірет, Сайрам, Шымкент, Созақ қалалары оған алым төлеп тұратын болды. 1774 жылы Абылай үйсін ақсақалдарының өтінішімен өзінің ұлы Әділді оларды басқаруға жібереді. Сөйтіп, Талас өзенінде қала салғы­зып. оған еңбекқор қарақалпақтарды ор­на­ластырған. Қалған ұлдарына орта және үлкен Ордалардан жер беріп, өзі Түркістанда тұрып қалады да, 1781 жылы дүниеден өтеді.
Осы жеңістен кейін Кәшке батырды Қастек өзенінің бойындағы бекіністе мың сарбазымен шекарада ұстады. Қырғыздар осыдан кейін ғана Алатаудың теріскейіне – қазақ жеріне көз салуды біржола доғарды. Барымта-сыдырымта тыйылды, бері қарай аспайтын да, баспайтын да болды.
Бекініске Кәшке батыр өзі жасатқан сексен құрсаулы, тоқсан баулы байрағын іліп қояды екен. Туды ешкім көтере алмайды, тек жау шапқанда Кәшке өзі көтеріп, Суықтөбенің үстіне шығып, «Қарасай! Қарасай! Қарасай!» деп айғайлап ұрандағанда талай майданда бірге болған мың сарбаз серігі шауып жетеді екен. Бұл туды кейін ұрпағы, ерлігімен даңқы шыққан Сұраншы батыр ұстаған. Сауыт-сайманын да Сұраншы батыр киіп, жауға қарсы шапқан.
1913 жылы Верныйда өткен Романов­тар әулетінің 300 жылдығы тойында Мақыш балуан Райымбекұлы Кәшке батырдың сауыт-сайманын киіп, айбал­тасын ұстап суретке түскен. Бұл сурет Жамбыл музейінде ілулі тұр. Орыстар көрмеге қоямыз деп оларды Петерборға алып кеткен деседі.
***
Біздің елде бұрыннан біреудің әйелі ұл тапса «Е-е, Кәшкедей батыр туды дейсің бе?» дейтін мәтел бар.
Бір байдың адамдары барымтадан қолға түсіп, Кәшке 500 бас қой көгендеп бересің деп кесім жасайды. Екі баласын жіберсе өңкей арық-тұрақ, қозы-тоқтыларын айдатып жіберіпті. Кәшке шарт ашуланып өзі әлгі байға келсе, ол сөзге ұста, ділмар екен.
– Батыреке, аттан түсіп, сыбағаңызды жеңіз. Сіздей ірі адамға уақжан үшін араласу кішілік емес пе! Кісілігің мол, даңқыңыз алты Алашқа кеткен хан Кәшке батыр деген атақ-даңқыңыз бар. «Оразаның отыз күнінен кейін айты болады. Барымтаның басы қатты, қырық күннен кейін қайтымы болады» деген емес пе? – дегенде Кәшке сөзге жығылып, малын қайтарып, барымташыларын босатып беріпті.
***
«Кәшке хан болыпты», «Хан Кәшке» деп аталуы мынада: Қысқа жақын Абылай Әділ атты ұлын осы өңірді басқаруға жібермек болғанда ол ауырып Көкшетауда жүре алмай қалады. Одан қыраулы қыс түсіп кетеді. Сол кезде хан ақылдасып, Абылай Әділ келер жазға барғанша елді уақытша басқаруды Кәшке Дәулетұлына табыс­тайды. Әділ бір жылдан асқанда барып Жетісуға келгенше Кәшке ел-жұртты жұмылған жұдырықтай басқарып тұрады.
Содан кейін-ақ үлкен мәжіліс, атақты адамдар бас қосқан алқалы жиындарға қатысты, дауды шешіп, келелі ой айтар ел ағасы атанады.
***
Тайторының Жарылғап атасынан Асан деген біреу Кәшкенің көктеуіне рұқсатсыз көшіп отырып алады. Кәшке жерді босатуын, оған өздері көшіп баратыны жөнінде айтып елші жібереді.
Асан әлгі Кәшке жіберген адамға ай-шай жоқ бақан алып ұмтылып, қақ басынан құлаштап періп жібереді. Қамсыз отырған анау басы жарылып, аттан ауып түсіп, сол жерде өліп кетеді.
Кәшке мұны естіп қаһарланып ердің құны – 40 түйе, 40 жылқы, 40 сиыр, 500 қой бір жұмада әкелмесе қанға-қан деп елші жібереді.
Асан елі сасып, бір түнде Текестегі Албан нағашыларына көшіп кетеді. Сонда жүріп Асанның елге сәлем айтқаны мынау екен:
Текесте көп өседі тал мен қайың,
Күн сайын еске аламын елдің жайын.
Өлмеген күн көрісер деген сөз бар,
Көп ойлап жылай берем апатайым.
Хан Кәшкенің назасына қалғаным-ай,
Қолыма долы құрық алғаным-ай.
Өксумен, сағынышпен өтіп жатыр,
Елімді көрсем деген арманым-ай…
Бұл ұзақ өлеңнен үзінді ғана.
Асан балалары тек Тайторы Сәке болыстың арқасында 1903 жылы ғана еліне көшіп келді.
***
Кәшке батыр 1803 жылы қайтыс болып, Есқожа бабасы жатқан жерге жерленген. Бұрынғы Сібір губернаторы­ның нұсқауымен Жетісу жері, атақты адам­дардың бейіт-қорымдары арнайы картаға түсірілген. Міне, сол арқылы «Ш.Кашка» деп көрсетілген бейіттен Кәшке батыр сүйегін алып, Мәскеу, Қазан қалаларында ДНК, ғылыми-зерттеу жүргізіліп, ол нақты Дәулетұлы Кәшке батыр екені анықталды. Бұл істе тарихшы-археолог Арнабай Нұржанов бастаған оқымыстылардың еңбегін ерекше атаған жөн.
***
Ақындар Кәшке батыр ерлігін қалай жырлаған?
Кәшкенің әкесі Дәулет – Аңырақай шайқасында аты шулы батырлардың бірі болып, жауын жапырып жіберетін «Қызыл көз» атанған. Жыр алыбы Жамбыл Кәшкенің батырлығын, мырзалығын былай жырлаған:
Атасы жауға аттанып,
Жауды көрсе шаттанып.
Ат құйрығын буады,
Елінің басын құрады.
Жауды шетінен қырады,
Батырлығын Кәшкенің,
Ел болып оны жырлады.
Дәулетұлы Кәшкенің есімі жалпақ жұртқа жақсы мәлім, жасында ханның мыңбасысы болып, кейіннен Түрген – Есіктегі хан ордасында ел басқарып, билік жүргізеді. Оның Ыстамбек, Ақымбек атты екі баласы болған. Ыстамбектен Саурық батыр, Әйтей, Әбдіраман, Шідер, Жанай, Андас датқа туады. Ақымбектен – Тойшыбек, Сұраншы батыр, Шынасыл, Тәйтелі, Жантелі және Қаратай тарай­ды. Кәшке батырдың тоғыз құрсаулы, тоқсан баулы туы Сұраншының үйінде сақталыпты.
***
Сарыбай бидің асына Әулиеатадан келген Майкөт ақын Жетісудың игі жақсыларына сәлем бергенде былай дейді:
Ол жақтан Майкөт ақын қадам басты,
Сіздермен сәтті күні саламдасты.
Болғанда үш таңбалы тамғамыз бар.
Жүрмісің аман-есен шапырашты.

Кәшкенің аманбысың балалары,
Шынасыл, ауылы ортақ даналары.
Жүрмісің аман-есен күйлі-жайлы,
Көрмеген бұл Майкөттің ағалары.

Кәшкенің аманбысың Шынасылы,
Ту алып, тұлпар мінген бір асылы.
Шамшырақ жеті атаңнан үзілмеген,
Әр жерге созып жүрсің құлашыңды.

Жүрмісің аман-есен Құдайберген,
Құдайға қылған ісің ұнай берген.
Мырзабек, Кәшкеменен бірге туған,
Бұл нәубет нәсіп айдап сізге келген, – деп жырлаған.
Сүйінбай өз уақтысында былай айтқан екен:
Ей, Сарыбай, Сарыбай,
Сөзімнің түсін мәнін-ай.
Хан Кәшкенің ұрпағымен қағысып,
Қарамайсың әліңе-ай.

Жамбыл Құлмамбетпен айтысқанда:

Асықпай тыңда Құлмамбет,
Беремін кезек нәубетті.
Онан бері асайын,
Төскейге қадам басайын,
Жоғарғы шеті Мырзабек,
Арғы атасы – ер Кәшке
Қарадан шығып хан болған.
Қылған ісі Әбілпейіске таң болған.
Аруақты ер болған.
Абыройлы ел болып,
Сондай-сондай жан болған.

Төменгі шеттен айтайын,
Әлі менен Нұрабай,
Ер Кәшкенің тұқымы, – деп Кәшкенің батырлығын жырлаған («Нәубет» – арабша – кезек, мұрша мағынасында).
Жамбыл «Сұраншы батыр» дастанында былай дейді:
Шапырашты өз атам,
Ұлы жүзге туысқан.
Өз әкесі Кәшке еді,
Арғы атасы Қарасай,
Бір жақыны – Саурық-Сұраншы,
Жауды көрсе шалады-ай.

Қарасай мен Кәшкенің,
Кәрі аруағын шақырып,
Жігіттер құйды саумалын,
Тегенеден сапырып.
***
«Тұлпардан тұлпар туады, сұңқардан сұңқар туады» демекші, Кәшке батырдың ұрпақтары арасынан елге құрметті атақты адамдар көп шыққан. Сұраншы, Саурық, Саурық ұлы Сыпатай секілді батырлар, шапыраштының болысы болған Андас датқа есімдері елге аңыз боп тарап, ел-жұрты оларды әрдайым мақтанышпен еске алады.
Кәшке батыр ұрпақтары арасында Социалистік Еңбек Ері атанған педагог Құдыс Әпсеметов, генерал Сләм Әпсеметов, мемлекет және қоғам қайрат­кері Нұртілеу Бәкіров, еңбек ардагері Амангелді Дынбаев, «Казтрансгаз» акцио­нерлік қоғамының президенті Қайрат Шәріпбаев, экономика ғылымының докторы Ержан Жатқанбаев, генерал Бекет Байғазиев, полковник Мақсат Асрарқұлов, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров және басқа да елге белгілі тұлғалар көп.
***
Иә, биыл елі мен жері үшін қалмақ-жоңғарлармен де, қоқандармен де, қытайлармен де, қырғыздармен де ғұмыр бойы шайқасқан Дәулетұлы Кәшке­нің туғанына – 300 жыл толып отыр. «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» демекші, батыр баба есімі мен ерлік ісін ұлтымыз ұлықтап, еліміз еске сақтай береді.


Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы

Пікірлер