"Алаш аманаты" атты дөңгелек үстелге шақырамыз

2241
Adyrna.kz Telegram

2017 жылдың 13 желтоқсанында, сағат 11-де Елбасының "Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Алаш автономиясының 100 жылдығына арналған "Алаш аманаты" атты  дөңгелек үстелге шақырамыз.

Аталған іс-шарада Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының «Алаш»  қозғалысының 100 жылдығына орай  "Алаш" қозғалысы: тарих және қазіргі заман мен Әлихан Бөкейхан (1866-1937)" библиографиялық көрсеткіштерінің  және "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігінің "Алаш Орда: ұлттық идея және дін мәселелері" атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдар жинағы атты кітаптарының тұсаукесері өтеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы биылғы жылы «Алаш»  қозғалысының 100 жылдығына орай  "Алаш" қозғалысы: тарих және қазіргі заман" атты библиографиялық көрсеткішті дайындап шығарды. Басылым 2005 жылы жарық көрген «Алаш» қозғалысы: тарих және қазіргі заман атты библиографиялық көрсеткішінің жалғасы болып табылады. Көрсеткіште Алаш қозғалысы тарихына қатысты 1908 жылдан 2017 жылдың қыркүйек айына дейінгі әдебиеттер қамтылды.  Ол қазақ және орыс тіліндегі екі бөлімнен тұрады.

2016 жылы Әлихан Бөкейханның мерейтойы ЮНЕСКО аясында аталалып өтілуіне байланысты және биылғы жылы «Алаш»  қозғалысының 100 жылдығына орай қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалымның өмірі мен қызметіне арналған библиографиялық көрсеткішті дайындады. Басылымға 1889 жылдан бастап 2016 жылдың желтоқсан айына дейінгі баспа бетінде жарық көрген әдебиеттер қамтылды. Көрсеткіштің бірінші бөліміне қазақ тіліндегі, екінші бөліміне орыс тіліндегі басылымдар жинақталды.

Библиографиялық көрсеткіштер тарихшыларға, ғылыми қызметкерлерге, мамандарға, студенттер мен жалпы оқырман қауымға арналған.

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен биыл Алаш автономиясының 100 жылдығына орай кешенді жобаны жүзеге асырған болатын. «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Азат рухтың алдаспандары» атты ұлттық музыка кеші, «Алаш арыстары: ұлттық дәстүр және дін» атты деректі фильм әзірледі. Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқарманың қолдауымен өткен «Алаш Орда»: ұлттық идея және дін мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағының тұсаукесері өтпекші. 

Жинақтың алғашқы бөлімі «Алаш идеясының қалыптасуы мен мәні» деп аталса, екінші бөлім «Алаш қайраткерлерінің қызметі мен мұрасы» деп бөлінген. Алғашқы бөлімде Алаш арыстарына дейінгі ұлттық құндылықтар мен діни отарлау саясатының мәселелері туралы материалдар жарияланса, екінші бөлімде нақты алаштықтардың ұлтқа сіңірген еңбегі турасындағы материалдар жарық көрген. Жинақ жалпы көзі ашық қауымға арналады. 

Ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы, Халықаралық "Көшпенділер Атамұрасы" қоғамдық қоры, "Адырна" ұлттық-этнографиялық бірлестігі, Халықаралық адам институты, Абай атындағы Қазақ Ұлттық Педагогикалық университетінің тарих және құқық институты.

 

                                                                  

Пікірлер