40 жыл көгершін өсірген азамат

3045
Adyrna.kz Telegram

Ақтөбе облысының Алға ауданы Тоқмансай ауылының тұрғыны Жоламан Ділмағанбетов 40 жылдан бері көгершін өсірумен айналысады. Қазір оның ауласында он жұп көгершін бар. Таңнан кешке дейін ерінбей, көгершіндерін күтіп-баптап жүретін азаматты ауылдастары "құсшы" деп атайды екен. 

Тоқмансай — аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан ауыл. Қазір бұл ауылда 80-ге жуық түтін бар. Жоламан Ділмағанбетов осы ауылда туып, өскен. Бала кезінен көгершін өсіруді армандапты. Ауылда орта мектепті аяқтап, Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, құс өсіруді қолға алған. Міне, содан бері көгершін өсіру оның сүйікті ісіне айналған.

Көгершін – кептердің қолға үйретілген түрі. Өте сезімтал, еске сақтау қабілеті жоғары құс. Бұлар басқа құстардан тұмсығының көлемімен, кекілінің ауқымдылығымен және қауырсынымен ерекшеленеді. Негізінен, көгершіндердің қауырсындарының түсі әртүрлі болып келеді: ақ, көк, ала, сары. Қолға үйретілген кептерлер бір-біріне ерекше бауыр басады, олар өздерін күтіп, баптаған қожайынынан айырылмайды. Мен осыдан 20 жылдай уақыт бұрын 60-70 көгершінге дейін ұстадым. Былтырдан бастап олардың санын азайттым. Ауылдың адамдары, сондай-ақ таныстарым сұрап, алып кетті. Жалпы менің бұл құсқа ерекше бауыр басқаным соншалық, оларды тіпті саудалап көрген емеспін. Мәселен, қазір туған күн, үйлену тойларында құс ұшыру немесе сыйлау сәнге айналды. Айта кету керек, кез келген адамға көгершін сыйлай берудің жөні жоқ. Өйткені, дұрыс қарай алмаса, құс өліп қалады. Сондықтан, өз басым  көгершіндерді сатпай, керісінше, оны асырауға ынта білдірген ағайын-туыс, достарыма шын пейіліммен сыйлаймын. Әрине, көрші ауылдардан келіп, сатып алушылар да болды. Ал негізі нарықта бір жұп көгершіннің бағасы 5-10 мың теңге тұрады, — дейді ол.

Жоламан Ділмағанбетов көгершіндер көбіне көктем айларында балапан басатынын айтады. Дәлірек айтсақ, әр көгершін 18 күн ұяда жатып, жұмыртқадан балапан басып шығарады. Балапандар 2-3 айдан кейін қатайып, қатарға қосылады.

Ең бастысы, оларға күніне екі рет үздіксіз тамақ беріп, жылы жерде ұстау керек. Көгершіндер суыққа төзбейді, өкпек жел болса, ауырып қалады.

Құстарыма күніне екі мезгіл: таңертең және кешке бидай, тары, шемішкі беремін. Жалпы оларды тамақтандыруда өте абай болған жөн. Егер жерден өзге жағымсыз бір нәрсе жеп қойса, көгершіндер ауырып немесе өліп қалуы мүмкін. Міндетті түрде таза су беріп, ерекше күтіп, баптаймын. Күзде не көктемде оларды өз бетімен көп уақытқа жіберуге болмайды. Себебі ауа райы құбылып, қатты жел не дауыл болса, олар адасып кетуі мүмкін. Сондықтан оларға барынша сақ болуға тырысамын. Сондай-ақ көгершіндерді көп және жиі тамақтандырмау керек. Олар семіріп, сосын ұша алмай қалады. Ал жазда олар емін-еркін аспанды айналып, ауылдың маңына "қыдырып" қайтады, — дейді құсшы.

Жоламан көгершіндер тазалықты ерекше сүйетіндігін айтады. Олай дейтініміз, көгершіндер күнделікті тіршілігін таңертең үстерін тұмсығымен тазалаудан бастайды. Сондай-ақ олардың жұптасқандары өзге жұпқа «көз салмайтын» көрінеді. Егер жұптың бірі өліп қалса, тірі қалған сыңары жалғыз өмір сүреді екен. Яғни олар сыңарына өлгенше адал болады. Бұл да адамзатқа үлгі боларлық дүние емес пе?!

Жоламан Ідірісұлы үйінің шатырына көгершіндеріне арнап бақан орнатып қойыпты. Күндіз қаз-қатар тізіліп отырған, сондай-ақ үйдің төбесінен аспанға қалықтай ұшқан ақ, қара көгершіндер еріксіз сүйсіндіреді. Кейіпкеріміздің айтуынша, күн сайын жарты сағат болса да көкте қалықтаған құстарды қызықтасаң, санаң сергиді, ішкі жан-дүниеңді алай-дүлей еткен жаман ойлардан арыласың, еркіндіктің қадірін түсінесің, биіктікке ұмтыласың!

— Құстар — адамның тілеулес досы. Сондықтан оларды өсіріп, бағып қана қоймай, еркелетіп, жақсы көру керек. Көгершіннің нәзіктігін ұғыну үшін оларға жақын болу керек. Олардың ауырмай, сау болуы үшін үнемі қадағалап отыру қажет, — дейді ол.

Жоламан зайыбы Кәмила екеуі отбасында үш бала тәрбиелеп өсірген. Қазір балаларының барлығы отбасын құрған, бөлек тұрады. Мерекелерде, демалыс кезінде немерелері келіп, мәз-мейрам болады. Үлкен немересі Нуриддин атасымен бірге  көгершіндерді тамақтандырғанды жақсы көреді. Қазір бұл үйде екі қоян бар. Немересі үшін атасы қоян бағуды қолға алыпты. Сондай-ақ қорасында 3-4 сиыры тағы бар.

***

"Адырнаның" анықтамасы

*Жалпы әлемде көгершіндердің ұзындығы 40 см, ал салмағы 400 граммға дейін жетеді.

*Адамдар көгершінді шамамен 5 мың жыл бұрын қолға үйреткен.

*Көгершін туралы киелі кітаптарда да жазылған. Мысалы, көгершін су тасқынынан кейін Нұх Пайғамбарға зәйтүн бұтағын әкеліп, апаттың аяқталғанын хабарлаған.

*Табиғатта көгершіннің өмір сүру ұзақтығы — 6 жыл, ал қолға үйретілгендері 10-15 жыл өмір сүреді.

*Қазіргі таңда елімізде кептердің 35 түрі бар.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер